Kyzylorda-news.kz. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі ислам дінімен астасып жатқаны ақиқат. Үлкендер айтатын ырым-тыйым, жөн-жоралғыларымызға зер салар болсақ, жас ұрпақты теріс жолдан алыс болуға шақырып, тәртіп пен тәрбиеге баулып, адами қасиеттерді бойға сіңіріп өсуге жетелейді. Ал, осындай тәрбиенің тұнық бастауынан сусындаған жас шыбық келешек жапырағы жайқалған, еңселі, саялы ағашқа айналары сөзсіз. Дегенмен, соңғы уақытта тұманды тұңғиықтарға тартатын, келешегі күдікті, болашағы бұлыңғыр жат ағымдардың кесірінен дәстүріміздің дінге қайшы тұстары көп айтылып жүр. Дәстүрлі дін мен салт-санамыздың ара жігі неге ажырап бара жатыр? Иә, сұрақ көп. Ізденгенге тұщымды жауап та табылады.
Қынжылтатыны сол, жат жолда жүрген жастарымыз кері идеологияның жетегіне еріп, ата-бабамыздың қасиетті құндылығы – салт-дәстүрімізге қырын қарауы, алаңдайтын мәселе. Тек жастар емес-ау, ақылы толысқан, отбасының тірегі мен үмітіне айналған азаматтар да ата-анасына қарсы шығып, шаңырақтың шырқын бұзып, ел-жұрттан безіп жүр. Тарихшы Лев Гумилев «Бір халықты идеологиялық тұрғыда жаулап алу, қару қолданып, күш жұмсаудан арзан, әрі анағұрлым тиімді», екенін айтып кеткен. Дәл қазір болып жатқан дәуір идеологиялық күрес, саяси тактикалар дәуірі.
Құран мұсылмандардың қасиетті кітабы, шариғаттың негізі, адамзаттың тәрбиешісі. Әлемдік зерттеушілер Құран ешқандай мәдениетте кездеспейтінін дәлелдеген. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін зерттеуде де ең алғаш Құран негізге алынады. Құран - ол мәңгі жасайтын мұсылман халқының бәрі бірдей мойындайтын заңы, жазба мұрасы. Тәрбие мәселесінде қасиетті кітаптың алатын орны ерекше.
Мысалы, қазақ салт-дәстүрінде жаңа туған шақалақ пен анаға көрсетілетін шариғатпен байланысты бірнеше іс жоралғылар бар. Жүкті келіншек босанғаннен кейін әбден әлсірейтіні белгілі. Тоғыз ай көтерген баласы дүниеге келгеннен кейін әйелдің әл-қуат жиып, белі бекіп кетуі үшін оған арнайы мал сойылып, қалжа беріледі. Жас еттен асып, сорпа ішкізу үшін сойылған малдың семіз, күйлі болуы керек. Өмірге келген сәбиді ғана үкілеп, мәпелей бермей, анасына да көңіл бөлуді ерекше орынға қойған. Себебі, ана денсаулығының буын-буыны босап, жаңа туылған сәбидей болып оған күтімді өте маңызды деп санаған. Пайғамбарымыз «дүниеге сәби алып келуімен сол ана, күнәсінан арылып, жаңа туылған сәбидей пәк болады», деген.

Туылған сәби үшін ислам шариғаты бойынша «ақиқа» құрбандығы шалынады. «Ақиқа» деп әрбір нәрестенің ана құрсағында шыққан шашын, бір апта болған күні алып, сол рәсіммен кұрбандық шалынатын малды атайды. Әрбір бала ақиқасымен кепілдікте тұрады. Оны жетінші күні сойып, сәбидің есімі қойылады және шашы алынады. «Ұл балаға арнап екі қой, қыз балаға бір қой сойылады» деген. Себебі, яһудилер ұл балаға ақиқа шалып, қыз балаға шалмайтын. Сондықтан Пайғамбарымыз (ғ.с.) оларға ұқсамас үшін ұл балаға арнап екеу, кыз балаға біреу шалуды бұйырды.
Әрбір ана босанғанда осындай жоралғылар қазақтың әрбір шаңырағында орындалып жатқанын көреміз. Сойылатын малдың «Бисмиллаһ» деп яғни, «Аллаһтың атымен» сойып, мойын омыртқасын бүтіндей асып, анаға жегізетін жағдайы бар. Сойылған малдың мойын омыртқасын босанған жас әйелге береді. Ол мойын омыртқаны опырмай, етін тек қолымен үзіп жеп, төрге іліп қояды. Ел ішінде жас баланың мойнының тез қатып кетуі осы омыртқамен байланысты деген сенім бар. Ал, қазақ салт-дәстүрінде бүгінге дейін, босанған аналарға мойын омыртқаны беретін үрдіс қолданылып келеді. Сонымен қатар, осы кездері орындалатын тағы бір шариғи амалдың бірі «ат қою».
Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Жаңа туған сәбиге жақсы ат қойыңдар, Аллаһ тағаланың алдында сол атымен шақырылады». «Оң құлағына азан, сол құлағына тәкбир айтылсын» деген.Қазақ ат коюда ертеде ешкімнен жаңылмай қойғанын тарих беттерінен білеміз. Ескіміз жаңарып, жыртығымызды жамап жатқан егемендігімізде осы салттардың қайта оралуы қуанарлық. Себебі, жаңа туған сәбиге имам – молдаларды шақыртып оң құлағына азан, сол құлағына тәкбир айтып атын қойып жатқан жағдайлар болып жатыр. Балаға жақсы атпен тәрбие беру ата мен ананың мойнындағы міндеті. Кім біледі, осындай рухани қазыналарымыздың пайдаланбауында болар, балаларымыз әлсіз, әртүрлі жағдайларға тез ауып кететіні осыдан шығар. Ашып айтатын болсақ, киім-кию үлгісі, жеңіл жүріс, мәнсіз әуендерді тыңдап, салт-дәстүрі мен дінін аяқ асты етіп жатқандары жетерлік. Себебі адам өзіне не керегін таппай, рухани күйреп, тұйыққа тірелгенде, оның жүйкесі сыр береді. Осы ретте киелі салтымыз бен мағыналы дәстүрлеріміз жастарымызға нұсқаушы ретінде керек. Қазақ халқының мәдениетін, мол мұрасын сақтап қалуға қатысты Мұхтар Әуезов «Тарихи тамырыңнан бас тарту, рухани дәстүрге кері қатынаста болу ұлттық мәдениет үшін қасірет. Болашаққа қадам басуға тек әлемге деген өзіндік бағдарламалық және ерекше көзқарасы бар, өткеннің мұрасымен, өзге де халықтардың тәжірибесімен байытылған мәдениеттің ғана құқы бар», -деп айтып кеткен.

Салт-дәстүр құндылығы – мәдениеттіліктің бір өлшемі. Мәселен, ата-ана сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет дегеннің өзі қалыптасқан халықтық қағидаттар. Ал оның бастауы – иманнан дер едік. Сонымен қатар, көрімдік, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың салт-дәстүрге жатады. Алайда кейінгі кезде ислам атын жамылған пиғылы бөлек топтар халықтың танымын жоюға талпынып жүр. Қазақтың дүниетанымын мансұқтап, салт-дәстүрді жоққа шығарып, келіннің сәлем салуын Аллаға серік қосуға балады. Алайда Құранның 2 Бұқара сүресінің 42 аятында «Қисық жолды туралықпен айырбастап алғандар деп бұйырады. Хақиқатты бұзықтыққа араластырмаңдар да сондай-ақ біле тұра шындықты жасырмаңдар, қарсы келушілерден болмаңдар. Және де аяттарымды аз ғана бағаға айырбастамаңдар (дүниелік үшін бұрмаламаңдар)» делінген.
Жалпы қазақ халқында үлкен кісіге, ақ сақалды қарияларға, ата мен анаға иіліп сәлем етіп, есік ашу, жол беру әдептері көпшіліктің бойына сіңген ізгі, ізетті қасиеттер. Осындай ізгі қасиеттерді бабаларымыз ислам дінінің кұнды заңдылықтары екенін білді. Олар: Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистері. Лұқман сүресінің 14 аятында: «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы ақ сүтімен емізеді. (Ей адамдар!) маған да, ата-аналарыңа да шүкірлік етіңдер! Түптің түбінде қайта оралатындарың – Менің алдым» деп айтылған. Аллаһ тағаланың өзі бүкіл адамзат баласын ата-аналарына құрмет, оларға жақсылық жасап қарайласқан кезде ғана бақытқа жететінін бұйырады.
Егер жат ағымдар біздің салт-дәстүрімізді түбегейлі жоққа шығарғысы келсе, демек біздің мықты тұсымызда осы жерде деп түсінуге болады. Сол себепті дәстүрімізді келешек ұрпаққа дұрыс дәріптей білсек, елдегі бірлігіміз бекем, берекеміз мол боларына сенім мол.
Әсел АБЗАЛ
#ислам_ізгіқоғам
#aqmeshit_kz