Kyzylorda-newskz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз" дегенінен хабардармыз. 

Расында бүгінгі таңда ауылдық жердің мәртебесін көтеру, қай жағынан болса да қаламен теңестіру жолында көптеген жұмыстар жасалуда. ОСының бір дәлелі ретінде жуырда ғана «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттағанын атап айтсақ болады. Аймақтағы іргелі ауылдардың қатарынан табылған Аманөткел ауылы «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үшінші орынды иеленіп, тиісінше аталған елді мекенге әмбебап тиегіш трактор табыс етілгендігі туралы көпшілігіміз білеміз.

Жалпы бұл ауыл жайлы көптеген әңгіме айтуға болады. Ендеше сөзімізді жүлдегер ауыл жайлы жалғастырсақ. 
Аралға келе қалсаңыз Сырды көресіз. Дәмін татасыз, суынан рахат табасыз. Ал осы Сырдарияның жағасында орын тепкен халқы қонақжай, көңілі қазақтың даласындай дархан бір ауыл бар. Талай дарабоз жыршылар мен дарынды азаматтардың мекеніне айналған бұл мекен қазірде дамуы бөлек ауылға айналған. Бұл – Аманөткел ауылы. 

Былтыр сол ауылға 100 толды. Ғасырға ұласқан терең тарихы бар ауылдың бүгінгі болмысы бөлек. Сол құнды тарихта аты алтын әріппен жазылып қалған Нұртуған жырау "Мырзас дала болады, Аманөткел қала болады" дегендей, қазірде Аманөткелдің көркі мен сәулеті артып келеді. Түрлі сала бойынша жасалған еңбектің нәтижесінде ауылда өсім бар.
Аманөткелдің бүгінгі ахуалын барлығы біледі. Ал біз ғасырлық тарихқа зер сала кетейік. Аманөткел елді мекенінің қазіргі қазіргі орналасқан бірқатар жерінде 1750-1800 жылдары аралығында Қарақалпақ халқы жайлаған. Осы аймақта Сырдариядағы қайық өткелін ұлты қарақалпақ Аман дейтін кісі ұстаған. Ауылдың Аманөткел аталуына да осы жағдай себеп болыпты.
Ал қазан төңкерісіне дейін мұндағы халық Қамбаш, Ақшатау көлдері мен Сырдария жағасындағы шағын елді мекендерде өмір сүрген. Ал 1921 жылы Сартай, Ақшатау, Мырзас, Шеңгелді, Сарыкөл, Кәрібөгет елді мекендері негізінде №17 Аманөткел ауылдық кеңесі құрылады. Жер көлемі 20 мың гектарды құрады.
Көлдер мен дария бойын жағалай қоныстанған жұртшылық сол уақыттан бастап балықшылықты кәсіп еткенін 1928 жылы Аманөткел, Шеңгелді, Арғынбай, Табанқұдық серіктестіктері ұйымдастырылып, 1929 жылы олар бірігіп, Аманөткел балық ұжымшары құрылғаны анық байқатады. Сонымен бірге 1928 жылы Балықшылар одағы мен жұмысшылар кооперативі ашылып, кейіннен Аралға, Бөгенге көшірілді.
1937 жылы Аманөткел ұжымшарынан Ақшатау елді мекені негізінде Ақшатау балық ұжымшары бөлініп шықты. Бір жылдан соң майда серіктестер ұлғайып, "8 Март", "Социализм" атындағы ауылшаруашылық артелдері болды.
Бірақ 1957 жылы Ақшатау мен Аманөткел ұжымшарлары қайта қосылып, 1962 жылы Аманөткел ұжымшары Бөген мемлекеттік балық аулау базасына бірігіп, Аманөткел, Ақшатау балық аулау бөлімшелері болып қалды. Ал 1966 жылы екі балық аулау бөлімшесі қосылып, 1974 жылға дейін Аманөткел балық аулау бөлімшесі болып келді.

Міне, осынау жылдар ішінде ауылдың қарыштап дамуына, ілгері жылжуына атсалысқан азаматтар аз емес. Жүз жылдықтың ауқымында ауылдық кеңес төрағалары мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауылдық округ әкімдерінің есімдерін атап кетсек артық болмас. 1921-1924 жылдар аралығында ауылдың басшысы ретінде Нұрлыбай Қожағұлов қызмет етсе, одан кейін де Тлеулес Жаппасбаев, Медеубай Садақбаев, Жұмағали Ешмұратов, Сақитжан Бітімбаев, Маханбетәли Нұрымбетов, Үмбетбай Жанбатыров, Абдулла Жаңабаев, Өтеген Смағұлов, Сейталы Смағұлов, Шындалы Абдраманов, Тәңірберген Дәрменов, Әлібек Шораев, Кенжебек Жанназаровтар абыройлы еңбек етті. Қазірде 2017 жылдан бастап Қайрат Әбдіраманов ауылдық округ әкімі ретінде мұндағы барлық игі бастаманың басынан табылып, елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Ал жоғарыда айтып өткеніміздей Аманөткел ұжымшарының да ауылдың, елдің қазынасын толтыруда ауқымды еңбегі бар. Әлі күнге дейін теңіз маржандарымен әлемге әйгілі болып келе жатқан Арал балықшыларының сол уақыттағы жемісті еңбегіне бастаушы болған колхоз төрағалары Күлмаш Дәрменов, Жұмағали Жұмамбетов, Әбекен Оразалиев, Уайс Қосымов, Жәмеш Нұрымбетов, Сейілхан Айсауытов, Сәндібек Қапанов, Өтеген Сырлыбаев, Жақсат Есімов, Төлебай Орынбаевтардың да есімі бүгінгі жас ұпраққа мақтаныш, ұмытылмастай тұлғалар. Бұл қатарда Ақшатау ұжымшарының төрағалары Жасағанберген Жыламбетов пен Ералы Әкімов, Ахмет Маханов пен Тлеулес Жаппасбаев, Қылышбай Бердалиевтердің, осы екі балық аулау бөлімшелерінің басшылары Сәндібек Қапанов пен Абат Маханбетовтердің де біліктілігі, басшылық сауаттылығы ұрпаққа өнеге болып қалмақ.
Бірақ бір ғана адамның еңбегі алысқа алып бармайтыны белгілі. Сондықтан әр жылдарда бұл ұжымдарда басшылардың бағдарына бағынып, жетістіктің көзін таба білді.
Қазірде тоғыз жолдың торабына айналған елді мекен географиялық орналасуының қолайлығынан да айтарлықтай пайда көріп отыр. Инфрақұрылымы қалыптасқан Аманөткелдің кешегісі мен бүгінін мүлде салыстыруға келмейді. Іргелі ауылдың ілкімді істері де соның нәтижесінде болса керек. 
Тағы бір айта кетерлігі мынада. Аманөткел көпшіліктің есіне осы ауылдың көркеюі жолында еселі еңбек атқарған ауылдың азаматы, балықшылықтан министрлікке дейінге басбалдақты кедергісіз бағындырған қоғам және мемлекет қайраткері Құдайберген Саржанов түседі. 1976-1990 жылдары Аманөткелдің әлеуметтік жағдайының дамуына барын салған азаматтың еңбегі халықтың көз алдында. Ол минист болып тұрған тұста балықтан береке тапқан ауылда тоғанды балық шаруашылығы мекемесі мен ПМК-4 құрылыс мекемесі ашылған. 
1976 жылы Арал рыбпромға қарасты тауарлы көл балық шаруашылығы ұйымдастырылып, сапалы балық түрлері өсіріліп, жылына 3000 центнерге дейін балық ауланды. Ал мал, құс фермасының өнімдері тек Қызылорда облысы ғана емес, көршілес Ақтөбенің де қажеттілігін өтегені де Аманөткел тарихында таңбаланып қалды. Жеміс ағаштарын өсіру де жолға қойылып, мекемеде 60-қа жуық адам жұмыс істеді. Ал 1984 жылы ашылған ПМК-4 мекемесі де 150 адамды жұмыспен қамтыса, оларға арнап 50 тұрғын үй салынған.
Бүгінде Аманөткел ауылдық округіне 4 елді мекен қарайды. Округ орталығы Аманөткел ауылы аудан орталығынан 120 шақырым, облыс орталығынан 415 шақырым қашықтықта орналасқан. Аманөткелдің қазіргі аумағы 17822 гектар алқапты алып жатыр. 414 отбасында 2507 тұрғын тұрса, оларға қызмет ететін 1 жанұялық емхана, 2 фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, халық театры, клуб, кітапхана жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар округ көлеміндегі орта мектеп пен орталау бастауыш мектепте барлығы 550 бала білім алса, 75 орындық балабақша, 17 балаға арналған мектеп интернаты бар. Музыка мектебі филиалы мен ветеринарлық пунктте халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. "Арал-Сарбұлақ" топтық су құбыры мекемесінің бөлімшесі мен пошта қызметі де көрсетіледі.
33 шаруа қожалығы мен 57 кәсіпкері бар ауылда көлік қатынасы да жан-жақты қолға алынған. Барлық бағытта күнделікті көлік қатынасы қызмет етеді.
Сондай-ақ округке қарасты елді мекендерде де тіршіліктің көзі тереңдеп келеді. Заманға сай мектеп құрылысы салынып, мұнан бөлек те қолайлы жағдай жасалған.
Кеңес Одағы уақытында 1917 жылы жаппай сауаттандыру науқаны басталды. Осы тұстан Қызыл отау жұмысын бастады. Сонымен қоса көшпелі Қызыл керуен сауаттандыруды жүзеге асырды. Осы негізде 1921 жылы Аманөткел ауылдық кеңесімен қатар мектеп іргетасы қаланып, бастау мектеп ашылды.
Көнекөз қарттардың, осы мектепте 34 жыл ұстаздық еткен Сағабай Тлеуқабыловтың айтуынша 1953 жылдан 1959 жылға дейін мектептің ауқы кеңейіп, жеті жылдық мектеп болып қайта құрылады. Кейіннен халықтың, оқушылардың саны артуына байланысты бұл мектеп орта мектеп болып саналады. Осындай тарихы бай білім ордасы қазірде жаңа типтегі мектеп ғимаратымен жаңартылып, шакәрттердің сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр.
Осы уақытқа дейін талай алтын белгі мен үздік аттестат иелерін тәрбиелеп шығарған білім ошағы алдағы уақытта да табысты қызмет етуге дайын.
Талай тұнық өнердің ордасына айналған, жыршылықтың мектебі қалыптасқан Аманөткелде өнерді бірінші кезекке қояды. Өнердің өлмес сарайына баланған мекендегі ауылдық мәдениет үйі әлі күнге кешегі өткен аға буынның желісін үзбей жалғастырып келеді. Сонымен қатар мәдениет үйі жанында халық театры мен "Алдаспан" әзіл-сықақ театры.Елеулі еңбектің арқасында бірі 1987 жылы "Халық" атағын алса, қазіргі уақытқа дейін талай белесті бағындырды. Халықтық теарт ұжымы бірнеше рет "Үздік қойылым", "Үздік инсценировка жасаушы", "Үздік ер образы", басқа да номинацияларды жеңіп алған. Ал "Алдаспан" әзіл-сықақ отауы 2016 жылы халықтық атағына қол жеткізді.
Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы округ бойынша өзіне қарасты 2200 тұрғынның денсаулығы үшін жауапты. Ал бұл мекемеде бүгінде 2 дәрігер, 19 орта буынды, 4 кіші медицина қызметкерімен қатар 8 техникалық қызметкер қызмет жасайды.
Бүгінде 7 төсектік күндізгі стационары бар дәрегерлік амбулатория 1960 жылы медициналық пункт болып ашылған. 1982 жылдың тамызынан бастап Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы статусына ие болды. Ал 1991 жылдан бастап Аманөткел селолық ауруханаысы, 1995 жылы Аманөткел ауылдық ауруханасы, 1998 жылы Аманөткел селолық емханасы, 1999 жылы Аманөткел жанұялық дәрігерлік емханасы болып 2009 жылға жұмыс істеп келеді. 2017 жылы жаңа типтегі амбулатория пайдалнуға берілген.
Жыр сүлейлерінің ордасына айналған ауыл жайлы айтпаған ақын, жазбаған жан қалмаған болар. Солардың бірі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте қалтқысыз қызмет жасаса да қаламын жанынан тастамаған өлкетанушы, ауылдың тумасы Тәңірберген Дәрменов "Мырзасдала болады, Аманөткел қала болады" атты мақаласында былай деп жазыпты.
Әрине Қазан төңкерісіне дейінгі қаймағы бұзылмаған ата дәстүрлеріміз елдің ауызбіршілігі бекем болғандығын дәлелдейді. Сонымен қатар отаршыл патшалық дәуірлердегі орын алған қоныстандыру саясатымен қатар, алғашқы балық кәсіпшіліктерінің, нарықтық қатынастардың орын алғандығын айғақтайды. Дария жағасында қоныс тепкен орыс шаруаларының тұрақтары сөзімізге дәлел. Менің өзім Тимофей деген орыс балықшының үйінде дүниеге келіппін. Тіпті, Иличев Семен Ефимович деген Мырзаста дүниеге келген жерлесіміз дария жағалауында алғаш рет бақ өсірумен айналысқан. Мен ол кісінің Алматыдағы үйінде қонақта да болдым. Туған жеріне, Аманөткел мектебіне келіп, оқушылармен кездесу өткізгендігіміз және оған домбыра сыйлағанымыз да есімде. Мен барғанымда туған жерімнің маған жасаған тартуы деп төріне іліп қойыпты және оны әйеліне мақтанышпен баяндады. Ол кісінің туыстарының барлығының да фотосуреттерін мектеп мұражайына табыстадым. Мектеп ұжымы олардан альбом жасап, жарыққа шығарғандары жөн дегім келеді. Себебі ол да біздің тарихымыз. Негізі «уральскілік казактар» деп аталатын өзге ұлт өкілдерінің соңы Алексей Курноскин болды. Бұдан да басқа өзге ұлт өкілдерінен шығып, өмір жолдарының тағдырларын Аманөткел тарихымен байланыстырған жерлестеріміз аз емес. 
1921 жылы Аманөткел ауылдық кеңесі құрылып, алғашқы төрағасы Қожағұлов Нұрлыбай болды. Аталған азаматтың есімін үлкендеріміз білгенімен, жастарымыздың білмеулері де мүмкін. Нұртуғанның әкесі Кенжеғұл мен Қожағұл бірге туған адамдар. Мына бір деректі де көпшіліктің біле жүргендері маңызды деп ойлаймын. Қожағұл суырып салма ақын, оған дәлел, ол кісінің Кәрібөгеттің басындағы Бекіш ақынмен әзілге құрылған айтыстары. Жалпы, бір нәрсеге таң қаламын. Мырзастың басынан шыққан аталарымыздың екі ауыз сөздерін өлеңмен айтпағандары кем-де кем екен. Ауылдық кеңес болып құрылғанында Ақшатау, Шеңгел түбек, Қарамойын, Мырзас, Арғынбай, Кәрібөгет, Қарадөң, Хан және Сарышоқы қоныстары кеңес құрамында болды. Алғашқы мойынсерік, серіктестік, артельдер осы ауылдар бойынша құрыла бастады. Кеңестік саясаттың ықпалы осылайша ауыл өміріне енген өзгерістерге айналды. Сауат ашу мектептері жұмыстарын бастады. Осы артельдеріміз кейіннен ірілендіріліп, ұжымдық шаруашылықтардың негізін қалады. Осының негізінде Ақшатау, Аманөткел және Мырзастың басында Амангелді, 8 март колхаздары ұйымдастырылды. Кейіннен 8 март пен Амангелді колхоздары біріктірілген. Мына бір тарихи деректерге назар аударғандарыңызды қалаймын. Аманөткел ауылдық кеңесі сол жылдары халық санының өсуіне байланысты аудан орталығы тәріздес болып, балықшылар тұтыну қоғамы құрылып, жабдықтаушы мекемеге айналды. Төрағасы болып Бітімбаев Сағитжан сайланып, бірнеше жыл қатарынан қоғамды басқарған. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің директоры Мұхан Төлебайдың 2018 жылдың 27 наурызындағы №4-15/38 санды маған жолдаған хатында, Аманөткелдің аудан орталығынан 125 км екендігі, оған алты елді мекеннің қарайтындығы, ауылдардың арасының отыз км болатындығы және ең бастысы онда 2823 адамның мекендеп тұратындығы көрсетілген. Бұл 1937 жылғы мәлімет. (Негіздеме: 85-қор, 1-тізімдеме. 226- іс, 7-бет, 45-бет: д. 852,л. 46.). Егер Аманөткел ауылдық округінде бүгінгі таңда 2500 халық тұратындығын ескеретін болсақ, сол дәуірде 2823 тұрғынның болуының өзі едәуір көп цифр екендігін, іргелі ел болғандығын аңғаруымызға болады. Осының өзі-ақ көп жағдайлардан хабар беретін тарихи факт деп ауыз толтырып айтуымызға болатын жағдай және құт қонып, береке дарыған аймақ екендігін дәлелдейді.Аманөткелдің орталық ретінде қалыптасуында Қосымов Уәйіс басқарған балық колхоздарының бірлестігі Рыбак союздың үлкен әсері болғандығы айдананық. Халық санының көбеюіне әсер еткен факторлардың бірі ашаршылық жылдарында қырдан шұбырып келген бауырларымыздың Сыр бойына, өзен жағалауларына өлмес күндері үшін паналап қалуларында болатын. Ол адамдар өздерінің жас қыздарын ең болмаса өлмесін деген ниетпен күнкөрісі бар отбасыларына аманатқа қалдыруларына тура келгендігі ауыл өмірінің шежіресінде сақталып қалған ақиқат. Тіпті, кейбірі белгілі адамдардың отбасыларының мүшелеріне айналғанды мәлім. Босқындар санының артуына осы өңірде ашаршылық жылдарының өзінде өлім-жітімнің болмағандығының да әсер еткендігі даусыз. Жаппай адам өлімі болды дегенді мен өзім көп пікірлескен кезімде Ысымов Қуанышбай ақсақалдың да айтпағандығын мәлімдей аламын. Атамыз елдің шежіресіне қанық, өте бір әңгімешіл, зерделі қария болатын. "Өзен жағалағанның өзегі талмайды" деген сөздің ақиқатына осы деректер толық негіз бола алады. 
1921 жылғы 14 вагон балық жөнелту Сыр бойы балықшыларының ауызбіршілігі мен ынтымағының елжанды көрінісіне айналғандығы мәлім. Науқан барысында ауылымыздан Рысқалов Бақыт, Ізбасханов Демесбай, Сүлейменов Жолаш және басқа да көптеген жерлестеріміз қатысты. Осындай еңбектің қайтарымы болар, Сүлейменов Жолаштың 1939 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (орысша атауы ВДНХ) Ақшатау колхозының атынан қатысқандығын дәлелдейтін тарихи құжат мұражай қорында сақтаулы тұр. 
Осыдан кейінгі жылдарында халық санының азайып кетуінің себебі, бүкіл еліміз бойынша орын алған саяси себептермен қатар екінші дүниежүзілік соғыс зардаптарына байланысты деп айта аламыз. Елдің басты-басты адамдары қуғын-сүргінге ұшырады. Нұртуғанның өзіне ұстаз болған Рахметов Сұлтан мен Әйімбетов Кәрібоз, Төреханов Әбді және Қосмамбетов Әбіл, Оңғаров Сәрсендер халық жаулары болып ең жоғары ату жазасына кесілді. Атап өткім келеді бұл толық тізім емес. Бұл адамдар туралы зерттеулер әлі күнге жалғасып келеді. Дегенмен құзырлы органдар тарапынан құпиялық белгісінің алынбауы бұрынғыдан күшейе түсіп, бермеудің амалдары күшейе түскен тәрізді. Осыған байланысты ауылдық кеңес бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміздің санын анықтау мүмкін болмай тұр. Бір анық білетіндігім, олардың арасында өзге ұлт өкілдерінің де саны баршылық. Әзірге бес адамның ғана толық ақтау қағаздарының алынғандығын айта аламын және олар мектеп мұражайына тапсырылды. Қуғын-сүргін тақырыбы сөз болғанда екінші дүниежүзілік соғысқа дейін көптеген ұлт өкілдерінің Аманөткелге қоныстанғандығын айтпай кету мүмкін емес. 2000 жылдардан кейін Қалмақ Автономиялы Республикасынан келген қалмақ ұлты өкілдерінің бірі қолындағы фотосурет бойынша Оралбаев Әбдірауыш ағамызды туысқанын іздегендей сұрағаны бар. Зерттей білсек көп тарихымыздың көмбеде жатқандығын аңғаруымызға болады. Босқынға ұшыраған халық Орта Азия елдеріне бас сауғалап қашты. Бір ғана Аманөткел бойынша 400-дің үстінде жерлестеріміз майданға аттанды. Олардың жартысына жуығы майдан даласында қалды. 
Соғыс жылдарында жерлестеріміз майдан үшін еңбектің де, ерліктің де тамаша үлгілерін көрсете білді. Рысқалов Бақыт пен Жаппасбаев Тілеулес Отан қорғау қорына жеке қаржыларынан жүз мың сомнан қаржы аударып, үлкен өнеге көрсетті. Ауылдан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Сағынбаев Маханбедияр 1944 жылғы кезекті ұшу сапары кезінде қаза болды. Алайда Подольскінің әскери архивінен де, басқа жерлерден де мәлімет жоқ деген хабар алып отырмыз. Соғысқа дейінгі жылдарында ел дәулетінің артуы мен халық санының өсулерінде ауылдық кеңес және колхоз төрағалары үлкен азаматтық ерліктің өнегелерін көрсетті деп айта аламыз. Олар Қожағұлов Нұрлыбай, Жаппасбаев Тілеулес,Садақбаев Медеубай, Бітімбаев Сахитжан, Нұрымбетов Маханбетәли, Жанбатыров Үмбетбайлар. Аманөткел колхозынан Дәрменов Күлмаш, Рысқалов Бақыт, Ақшатау колхозынан Жәлімбетов Жасағанберген, Ешмұратов Жұмағалиларды айта аламыз. Соғыстан кейінгі жылдарда ел басқарған ағаларымыздың ішінде Абдолла Жаңабаев, Сейтәлі Смағұлов және Шындалы Әбдіраманов ағаларымыз Аманөткелдің бүгінгі қала типтес келбеттеріне айтарлықтай үлес қосқандығын атап өткеніміз жөн. Ал Ақшатау колхозының төрағасы Әкімов Ерәлі мен Аманөткел колхозының төрағасы Қапанов Сәдібек елдің береке-бірлігі мен ынтымағына қызмет жасаған ел ардақтыларының қатарына жатады. 1970 жылдары жылым көңгелеп жатып бір-бірлерімен қаттырақ дауласып қалған балықшылар қауымына қаратып, Сәдібек атамыз «бұрынғы үлкендерден қалған қой деп айтамын деген сөз бар» деп, бір ауыз дуалы сөзімен келіспеушілікті ыдырата білгендігін көзімізбен көрдік. 
«Әруақ қонып, кие дарыған өлке» деп айтқым келген мәселе дін ғұламаларына байланысты. Біз көп жылдарға дейін ауылымызды жыр елі деп қана келдік. Елдің рухани тұрғыдан дамуына өлшеусіз үлес қосып, имандылыққа тәрбиелеп, ағартушылық идеяларын адам жандарына дарыта білген ғұламаларымыз көптеп саналады. Қарадөңде өмірге келіп, сүйегі Кәрібөгетте жатқан Нұралы ахун елдің кірер қақпасын күзетіп жатқандай. Айналасы үштөрт шақырымдай қоныс-қыстақтарындағы Аманөткелде Әбді және Әбіл ахундар, Шеңгел түбекте Ақмырза ахун, Қарамойында Ізімбет ахун, Мырзаста Рамберді ишан мен Шернияз ахундар және Арғынбайда Мұхаммеди ишандар. Ал Ақшатаудың айналасындағы он жеті мешітте қаншама дін ғұламалары рухани білімнің шамшырағын жақты. Қуғын-сүргіннен қашып барып паналаған Қарақалпақ елінен Ақмырза ахун туралы мынадай естелік деректер келіп жетті. Қазақ, өзбек, қарақалпақ және басқа да ұлт өкілдері бас қосатын ғұламалар кеңесіне Ақмырза ахун кіріп келгенінде ол кісінің білімінің зор екендігіне байланысты, етек-жеңдерін жинап, әбігерге түсіп қалтырап қоя береді екен. Бұл өзі кіріптар күйге түскен жанға өзге ұлт өкілдерінің берген бағалары, еріксіз мойындаулары деп түсінеміз. Кеңестік ресми идеология біздерге Қазақстандағы сауаттылық деңгейі 2 пайыз ғана деп сендіріп келгендігін ескерер болсақ, сол 2 пайызды Ақшатау мен Аманөткелдің дін ғұламаларының өздері ғана орындап тастағандай әсер қалдырады маған. Ақшатаулық Жұбан ишан «жастайымнан оқыдым Құранның отыз парасын» деп толғанады. 600 беттік Құран аяттарын жатқа білу сол заман мен бүгінгі күннің өзінде екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтіндігі ақиқат. Елдің ауызбіршілігі мен ынтымағына, адамдардың білімі мен ой-саналарының өсулеріне айтарлықтай қызмет жасаған ғұламаларымызды ескеріп жүргендігіміз абзал демекпін, қадірлі ағайындар. Оның үстіне бұлар Аманөткел мен Ақшатау тарихының киелі парақтары, құрамдас бөліктері. 
Аға ұрпақ өкілдері жасаған қазына байлықтың құндылығы сонда, егер ол ұлттың мүддесіне сүбелі үлесін қоса алған болса. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Аманөткелдің жастары үшін рухани тұрғыдан өзгелердің бетіне мақтанышпен қарауға толық мүмкіндіктерінің бар екендігін айта кеткім келеді. Олай болатын себебі, Бітімбай жырау жазған «Қарабек батыры» мен «Кенесары-Наурызбайы» және Нұртуған жырлаған «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ақкете-Шернияздары» ұлттық құндылық ретінде дәріптеліп келеді. Бұл шығармалар кез келген зерттеушілер үшін кезегін күтіп жатқан алтын көмбе тақырыптар екендігін айтуымызға болады. Белгілі журналист, А.С.Оңғарбаев «Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылық өмірбаяны» деген тақырыпта филология ғылымының кандидаттығын сәттілікпен қорғаған зерттеушілеріміздің қатарына жатады. Осы тұрғыдан алғанымызда мына бір ғылыми мәселені ортаға салғым келеді. Мен ретті жерінде мәселені көтеріп келемін. Әдеби және мәдени орталарда тек қана Нұртуғанның жыраулық мектебі туралы ғана айтылады. Оған талас жоқ. Ал оған дейін он жеті жасында-ақ Қыр мен Сырға кеңінен танылып үлгірген Бітімбай жыраудың тағылымды мектебі жөнінде айтыла бермейді. Шындығына келсек, Нұртуған өзіне дейінгі Еспенбет пен Бітімбайдай аға ұстаздарының тағылымын жоғары деңгейге шығара білген сыншыл, талғампаз тұлға. "Алтын шыққан жерді белден қаз" деген. 
Ауылымыздың кеңестік дәуірдегі талантты буындары мал баққан шаруасы мен балықшы, жастарынан құралған көркемөнерпаздары 1970 жылдарға дейін-ақ М.О.Әуезовтің "Қаракөз" трагедиясын сахнаға шығарғандарында таңданбаған жан қалмады. Сол сахнада Сырымның ролін белгілі азамат, марқұм Қуандықов Елубай ойнаса, Қаракөздің бейнесін аяжан Тілеуқабылова Жансия апамыз сомдаған болатын. Әуезов әлемінің күрделі шығармасына Аманөткелдегі әуесқойлар түгілі, профессионал ұжымдардың өзі тәуекел етіп бара бермейтіндігін ескеретін болсақ, аға-апаларымыз жасаған еңбектің бағасының құны арта түсетіндігі анық мәселе. Олардың қатарында Прекешов Дөңес, Смағұлов Сейтәлі, Сәдібеков Елеусіздер болып, тіпті емізулі балаларын көтеріп жүріп өнер көрсетуді дағдыға айналдырған қаншама апаларымыз болды. Өнердегі сабақтастықты жалғастырған Төлебай Сапаров, Ыбырашов Киікбай, Жұмабаев Жаңаберген, Нұралиев Лайықтар бастаған ауыл жастары 1970 жылдардың басында "Халық театры" атағын жеңіп алып, әлі күнге өз биіктерінен төмендеген жоқ. 
Алпысыншы жылдардың басында Аманөткел, Ақшатау колхоздары таратылып, Бөген балық аулау базасына біріктірілді. Ауылда учаске ғана құрылып, Өтепбергенов Кемалаш, Маханбетов Абаттай әкелеріміз балықты көшіп аулау жұмыстарын ұйымдастырып, балықшылардың қажеттіліктеріне сәйкес қызмет жасады. Сексенінші жылдардың басында теңіздің тартылуы ауыл өміріне жаңаша қарауды талап ететін ахуал қалыптасты. Осындай сәтте республика балық шаруашылығы министрі қызметіне кіріскен Саржанов Құдайберген ағамыз, ашығын айтуымыз керек, елжандылықпен ауылымыздың мәртебесін көтеруге шын ниетімен кірісіп, түрлі кедергілерге қарамастан Аманөткел үшін ашық айқасқа шыға білді. Жұмсалған күшжігердің нәтижесінде республика көлемінде құрылыс, суландыру жұмыстарымен, тауарлы көл шаруашылықтарының қажеттіліктерін өтейтін ПМК-4 мекемесі құрылды. Аталған жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында Байсалбаев Ақмырза, Талапбаев Еділ, Шыманов Ұсынадин сынды азаматтарымыз басшылық жұмыстарын атқара білді. ПМК-4 -тің шарапатын Аманөткел ауылының әрбір тұрғыны көрді десек артық айтқандық болмайды деп ойлаймын, құрметті ағайындар. Осы арада есімдерін айтпай кетуге болмайтын Жалмағанбетов Балтабай мен Жаймағанбетов Кемал сынды ағаларымыздың жүгіріп жүріп қызмет жасағандықтарын көрдік. 
Есімі қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылып қалған Кеңес Омаров қандай бір құрмет пен абыройға да лайықты тұлға. Жеті бірдей жаттықтырушылар мен қаншама боксшыларды шаршы алаңға шығарғандығын айтпағанның өзінде, Серік Қонақбаевтың Мәскеу олимпиадасында спорт мамандарының өзі фантастика деп баға беріп таңдай қаққан ұрыс әдістерінің түп негізі ағамыздың жұмсаған күш-жігері мен төккен терінің арқасы. Ауылымызда салынып пайдалануға берілген спорттықсауықтыру кешеніне Кеңес Омаровтың есімін беру туралы ұсынысымды аудан әкімі С.С.Сермағамбетовтің тікелей қолдағандығын ауыл тұрғындары, сіздердің біле жүргендеріңіз абзал. Сол үшін де Серік Сағитжанұлы осы ауылдың төл перзенті ретінде жерлестеріміздің атынан рақмет айтып, алғысымды білдіреміз. 
Өлке тарихы тынымсыз ізденуді талап ететін сан-қырлы жұмыс. Кейбір адамдар үшін бұл елеусіз, аңғал тірлік. Бұл тұрғыдан алғанда өлкеміздің тарихының өте бай, даңқты тұлғаларымызға кенде емес екендігін айтқым келеді. Халықаралық тұрғыда мойындалған жерлестеріміз, экономика ғылымдарының докторы, профессор марқұм Бердәлиев Кеңес пен техника ғылымының докторы, профессор Кенжеәлиев Бағдаулет, қаржыгер Маханжанов Ниязбек, дәрігерлер Сәрсенбаев Жақсылық, Нұров Қарасай, математик Қуандықова Зағипа сынды аға-апаларымыз елдің мақтанышы, жастарымыздың бой түзеп, осындай болсақ деп армандайтын феномендері. Соңғы жылдары ел тарихы, ауданымыздың шежіресі тағы бір тарланбозбен толыққандығын айтпай кету мүмкін емес. Ол өзге ағайындарымыз осы кезге дейін есімі мен абыройын иемденіп келген Кеңес Одағының Батыры, №73 гвардиялық дивизияның ту ұстаушысы Балмағанбетов Мақаштың аманөткелдік екендігі, іргеміздегі Қарадөңде кіндік қанының тамғандығы да дәлелденді. Аудан үшін өте маңызды тарихты дәлелдеуім үшін республика көлемінде іссапарға шығуыма көмек жасаған сол кездегі аудан әкімі М.Ә.Оразбаевтың тікелей қолдауын айтып өткім келеді. Ұрпақтары түгелімен Аралға келіп, аудан жұртшылығымен кездесу ұйымдастырылды. Сексен сегіз жылдан кейінгі арадағы үзілістен соң Аққұлақ елді мекеніндегі туған нағашысымен қауышты. Арал қаласынан көше атауы берілді, аудандық және ауылымыздағы мұражайларына экспонаттары мен құжаттары тапсырылды. Аяқталмаған бір жұмыс берілген көше атауының ресми түрде ашылмауы. Оған себеп екі жылға созылған пандемияның әсері. Тіпті көшенің басына қойылатын мрамор тақтайшасына дейін демеушілердің күшімен дайындалып дайын тұр. Құрметті Серік Сағитжанұлы, бір атаулы күні осындай рәсімнің өтуіне қолдау жасауыңызды сұраймыз. Себебі Балмағанбетов Мақаш өз ұлтымыздан, Аралымыздан шыққан тұңғышымыз. 
Ауылымыздағы іргелі білім ордасы туралы мен көп тоқталып жатпаймын. Себебі бүгінгі конференцияның күн тәртібінде ол жөнінде бөлек баяндама бар. Тек қана Маханбетжанов Бержан, Суханбердин Әлімжан және Тілеуқабылов Сағабай сияқты ұстаздарымыздың мектебімізде бірі бас, бірі ақыл-ойы, бірінің жүрек болғандығын білдіре отырып, алған білімдеріміз, бойға сіңірген тәрбиелері үшін басымызды иіп, тағзым ғана жасаймыз. 1986 жылы қаңтар айында менің қолымда Б.Рысқаловтың бір ғана фотосуреті болды. Осыны негізге ала отырып бастауыш партия ұйымының жиналысында мектебімізде мұражай ұйымдастыру туралы ұсыныс жасадым. Осыдан бастау алған зерттеу жұмыстарымыздың негізінде 1988 жылдың 9 желтоқсаны күні ел ағасы Жаңабаев Абдолла, мектеп әкімшілігінің және ауыл азаматтарының қатысуымен мұражайымыз ресми түрде ашылды. Сол кездегі техникалық мүмкіндіктерінің төмендігіне байланысты түсірілген суреттеріміз жанып кеткендіктен сақтай алмадық. Мұражайымызды ұйымдастыру кезінде маған қолғанат болған оқушыларыма, соның ішінде бүгінгі күндері бір-бір әулеттің отаналары, шаңырақтарының ұйытқысы болып отырған Тілеуқабылова Гүлбада, Құрманалиева Гүлфайрус, Қуандықова Гүлсайран және Мусаева Жанар тәрізді шәкірттеріме шын көңілден разылығымды білдіремін. Мұражай қорында аудан, облыс көлемінде жоқ сирек экспонаттарымыз бар екендігін айта аламын. Бір-екеуіне ғана тоқталатын болсақ, балықшылардың балық аулау құралы ығызбай ауының табанына салынатын шүнек тасты ауыл шетіндегі шағын цехта Досымов Әзілхан атамыздың жасағандығын бүгіндері біреу білсе, көпшіліктің білмейтіндігі аян. Ал өгіз шығыр сияқты сирек кездесетін жәдігерді ұстазым Тілеуқабылов Сағабайдың жасап бергендігін жұртшылықтың біле бермеулері де мүмкін. Осының бәрі де, келешектің зерттеу объектісі, таңдаулы ғылыми жоба тақырыптары болатындығына сенімім мол. Тек ықылас қоятын өрендеріміздің көптеп шығуына шын жүрегімізден тілек тілейік. 
Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында боздақтарымызға арналып ауыл орталығынан ескерткіш ашылған болатын. Сол ескерткішті апта, ай сайын, атаулы күндерінде ұстазымыз Тілеуқабылов Сағабай ағамыз бәрімізді жинап тазалап, сырлап, жөндеп жүретін, өзінің табиғи жаратылысына сай тыным таппайтын. Ескерткіштің маңдайшасына жазылған: 
Иә, бұлардың батыр еді барлығы, 
Батырлардай дастан еді әрбірі. 
Қай жерлерде жатыр екен ұйқыда, 
Қай жерлерде үзілді екен тағдыры, – деген бір ауыз өлең жолдарын да өзі тауып әкеліп жаздырғандығы аян. Бір күні бір інісі "Сәке, осы ескерткішке сізден басқа ешкім қарамайды. Егер, тағдырыңыз таусылып, о дүниелік болып жатырсаңыз, кім қызмет жасар екен мына майдангерлерге?" деп сұрағаны бар. Сонда Сәкең ойланбастан: «мен өлгенде осы араға жерлеңдер, сонда сендер күтім жасайсыңдар» деген болатын. Әрине Сәкең өмірден өтті, әзіл болса да айтылған аманаты орындалмады. Ол жерге жерленген жоқ. Ескерткіш қайта жаңартылды. Елу жылда ел жаңа, тәуелсіздік тұсында ауылымыз, мектебіміз дамыды, өстіөркендеді. Ауданымыздағы маңдай алды ауызбіршілігі бекем, жарасымды сәулеті бар, қала типтес орталыққа айналды. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі. Тәуелсіздік тербеткен тұлғаларымыздың қатарында Жалғасбаев Махсұт Алматұлы інімізді де айтуымызға болады. Ол өзінің жеке қаржысына ауылы үшін асханасымен бірге жаңа мешіт үйін салып пайдалануға берді. Мінекей, ауылдан түлеп ұшқан мүмкіндігі бар әрбір адам "мен елімнен не аламын, маған ел не берді немесе не береді" деп дәметпей-ақ, "туып-өскен, кіндік қаным тамған жеріме, киелі топырағыма не бере аламын" деген үлкен ойлар бүгінгі жас буынды мазалап жүрсе деген ниетпен азаматтық, қайырымдылық жасаған ініміздің еңбегін айтып өтуді мен де жөн көрдім. Мақсатымыз – Сәкеңнің және ауылымыздың өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан ағаәкелеріміздің, іні, апа-қарындастарымыздың еңбектерін айтып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу, өмірден өткендерінің рухтарына тағзым жасау ғана.
Иә, Тәңірберген Дәрменов ауылы жайлы көп естеліктер айта жүреді. "Қайда барсақ та алдымыздан "Қай елдің азаматысың?" деген сұрақ күтіп алады. Бұл қазақ халқы үшін үйреншікті дүниеге айналған. Өйткені алдымен тегімізді, сосын туған жердің тумаларымен, азаматтарымен мақтанатын қазақпыз ғой. Тіпті өз ауылының тумасы саналатын тұлғалардың бір ауыз сөзін елдің ұранына айналдырып та аламыз." деген ол Аманөткел жайында былай деген. 
Иә, Арал ауданы, соның ішінде Сырдың бойы саңлақтыққа лайық азаматтардың мекені. Жыршылық мектебі мен шайырлардың мекеніне айналғаны бір бөлек, талай шешендік сөздің шеберлері мен елге сыйлы азаматтар шыққан өлке. Арыдан қозғамай-ақ бүгінде арамызда жүрген азаматтарын айтсақ та жетіп жатыр. Солардың бірі ауданда абыройлы қызмет жасап, қай салада болмасын өзінің қабілетімен таныла білген, жақында сол еңбегінің жемісін көріп, зейнет демалысына шыққан Тәңірберген Дәрменов десем артық болмас. Мемлекеттік қызметтегі мәртебесі, ұстаздық ұлағаты бір төбе азаматтың өлкетанушылық, қалам тербеудегі шеберлігі де көпшілікті мойындатқан жан.
Бұл азамат жайлы айтар көп. Бірақ өзіндік болмысымен дараланған Тәңірберген Сейтжанұлының көп қыры мен қызметтік жетістігіне кіріспес бұрын, өмірбаянынан тоқтала кетейік.
Ол 1958 жылы 12 қаңтарда ауданға қарасты Аманөткел ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Қазақ С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1975-1976 жылдары «Аралтұз» комбинатында жұмысшы болып бастаған. Ал 1976-1978 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп келген соң, 1978-1980 жылдары Бөген машина мелиоративтік стансасында жұмыс жасады. Осылайша қарапайым жұмысшы болып қызметтің қыр-сырын үйренген азамат 1980-1992 жылдары өзі туған ауылдағы №73 Аманөткел орта мектебінде трактор пәнінің нұсқаушысы, тарих және құқық пәндерінің мұғалімі қызметіне кірісіп, әр шаңырақтың еркелеріне дәріс берді.
Міне осы уақыттарда кейіпкеріміздің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі, оның еңбекке деген адалдығы анық байқалды. Соның нәтижесінде жоғарғы басшылық сенім артып, 1992-1994 жылдары №76 Аққұлақ орталау мектебінің директоры, одан соң 1994-2006 жылдары №73 Аманөткел орта мектебінің тарих, адам және қоғам пәндерінің мұғалімі қызметін атқарып, ұрпақ санасына ұлағат ұялата білді. 2006-2012 жылдары аралығында туған ауылы Аманөткел ауылдық округінің дамуына зор септігін тигізген округ әкімі ретінде абыроймен еңбек етті. Бұл ауыл көлемінде атқарған ауқымды жұмыстары ғана.
Ал 2012 жылдан бастап аудан көлемінде мемлекеттік қызметін одан әрі жалғстырды. Нақтырақ айтар болсақ сол жылдың мамыр-шіледе айларында Арал аудандық білім бөлімінің басшысы, 2012-2013 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Идеология жөнін басқарған басшы ретінде көптеген жұмыстарға бастамашылық етіп, билік пен халық арасындағы байланыстың нығая түсуіне елеулі үлес қосты. Елдің сөзі мен халықтың қалауын тани білген басшы 2013-2014 жылдары Арал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болған уақытында да біліктілігімен таныла білді. Бұл кезде де елдегі ахуал мен саяси жаңалықтарды, өзгерістерді және аудандағы айтулы ақпарларды ақпараттандыру жолында жемісті еңбек етті.
Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі әсіресе 2014-2019 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымында жүрген сәтінде бөлім жұмысының ілгерілеуіне көп көмек тигізді. Қызметтен бөлек туған жердің қасиетін терең түсінген Тәңірберген ағамыз халықтық мұралардың құндылығына да қадірлей қарайтын. Бұл жанашырлығына мәдениет саласының қызметкерлері анық көз жеткізді. Осы салада күрмеуі шешілмеген күрделі сауалдардың шешімін табуына, қордаланған мәселелердің маңыздылығына сүйене отырып, жүйелі жолға қойылуына жағдай жасады. Сонымен қатар ауданға қарасты мәдениет ошақтарының құжаттарын қайта жаңғырту, халыққа қызмет көрсету жолында сапасы сын көтермейтін мәдениет үйлерінің жұмысы қайта жандануына да ықпал етті.
Бұл ауылдан Кеңес Одағының батыры да шыққан. Аралдан шыққан Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтың ұрпағы Құрақбай Мақашов ақсақал әкесінің ауызынан естіген естелік әңгімелерін ортаға салды.
– Мақаш  әкеміз мұсылманша  сауатты  болып, құран  аяттарын  жақсы меңгерген көрінеді. «Қардай  бораған  жау  оғына  қарсы  соғысқа  кірісер  алдында  бисмилламды айтып, дұғаларымды оқып алатын едім. Осыдан  да  болса  керек  жаңбырдай  жауған  оқ  денеме  тимей, қорғасын  оқтар  алақаныма  сауылдап  құйыла  беретін» деп отыратын дейді. Расында да 3 жыл майдан даласында жүріп, тек оң қолының білегін ғана оқ жаралаған жанның бұл оқиғасы ақиқатқа жанасады. Әйтпесе, қаңғыған оқтың құрбаны болып кеткендер қаншама.
Тағы бір әңгімесінде көпке созылған ұрыс даласындағы мына оқиғаны құлағы шалыпты. Бөлімше  жауынгерлері ашыға бастады. Ал суға зар болып, шөлдегендердің халі тіпті адам төзгісіз еді. Жақын маңдағы өзенге  барудың  өзі мұңға айналған заматта, Мақаш үлкен тәуекелге бел буып, бір Аллаға сиынып, басындағы  жауынгерлік каскасын  шешіп  алып өзенге  жүгірген.  Неміс  әскерлерінің нысанасына айналғанымен оққағары басым  болған батырды, бұл  жолы да  ажал оғы  айналып  өтті. Майдандас достары  үшін басын өлімге тіккен  бөлімше командирі каскасын толтырып  әкелген судан  бір-бір ұрттап шөлдерін  басқан  жауынгерлердің  алғысын сөзбен жеткізу мүмкін  еместей.
Ал, батыр таңертең дұғасын оқып, соғысқа аттанғанда ас ішетін ыдысын қаптап, арқасына байлап алады екен. Кешке жорықтан аман оралып, арқасындағы ыдысты шешіп қараса, жау оғы ыдыстың ішінде толып тұратын көреді.
Мына бір деректі қараңыз. Соғыстан кейінгі  жылдары әкелері  тұрған  үй қасиетті  шаңыраққа айналыпты.  Әрбір  бейсенбі күні  таңертең кім ерте тұрып, есік  алдына  шықса  міндетті түрде кеңестік дәуірдің  құнды  ақшасын, қызыл он сомдығын  тауып  алатын. Әр аптада қайталанып  тұратын  бұл құбылыс  батыр дүниеден  өткеннен  кейін  сап тиылды. Осы құбылыстың  құпиясы  бізге әлі күнге дейін жұмбақ  дейді.
Айта берсек мұндай кереметтер өте көп. Аманөткел  жанындағы  Қара  дөңде, аймаққа  аты  шыққан  Нұралы  ахунның  мешітінің  болып, діни сауат ашқан екен. Ал Мақаш Балмағамбетовтың нағашы жұрты болып келетін Смағұл ахун өте діни сауатты, Сыр бойындағы халыққа танымал болыпты. Міне, осынау Смағұл ахуннан білім алған Нұрым ахунның шәкірті Мақаш батырдың бұл кереметтеріне сенбеске амал жоқ.

Тағы да оқыңыз: