Kyzylorda-news.kz. Бұрынғыдай емес бүгінде кәсіп бастауға мемлекет тарапынан біршама мүмкіндіктер қарастырылғаны белгілі. Әр адам өзінің сүйікті ісі арқылы өз кәсібін ашып, әрі қарай жандандыра алады.
Ауданда да сұлулық салоны, кондитерлік және нан өнімдері секілді түрлі саланы кәсіпке айналдырып отырған жандар жетерлік. Ас атасы нанды пісіріп, кәсіп қылған жандардың бірі – Ерлыбай Бекеев.
– Бүгінде кәсіп бастау үшін көптеген мүмкіндік бар. Қай саланың болмасын қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе?! Кәсіп бастап, оны алып жүрудің де өзіндік қиындықтары да жетерлік. Мен де бұл кәсіпке келмес бұрын қала базарында тұрмысқа қажетті түрлі ірілі-кішілі заттар сатқан болатынмын. Содан соң араға біршама уақыт салып нан пісіру кәсібіне бет бұра бастадым. Алғаш нанды үй жағдайында пісіріп, шағын кәсібімді бастап жүрдім. Кейін «Бастау бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алып, нан пісіруге қажетті пеш, миксер сынды түрлі құрылғыларды алып, өз кәсібімді кеңейттім. Күн сайын таң ертемен ыстық нандар қаламыздың дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Міне, осылайша өз кәсібімді ашып, бүгінде несібесін көріп келемін. Осы секілді кәсіп бастаймын деген жандарға үкімет тарапынан қарастырылған көмекке ризамын. Қаншама жастарды жұмыспен қамтып, бизнеске деген сауатын ашып, ел экономикасын дамытып келеді,– дейді кәсіпкер.
Сонымен бірге кәсіпкерлік қабілет – адамдардың ерекше таланттылығы. Бүгінгі күні өзіне тән талантының арқасында Жаңатай Зада Бақтымұратқызы да мемлекет қолдауымен өз кәсібін дамытып отыр. «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз кәсібін жоғары деңгейде жалғастырып келеді. Жалпы, Зада бұл кәсіпке келмес бұрын биология пәні мұғалімі бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, 6 айлық практикамен жұмыс істеген. Кейін өзі түрлі тәттілерді дайындап жүріп, сүйікті ісін әрі қарай дамытуға бел байлаған.
– Кондитер мамандығы қазіргі уақытта маңызы бар қажетті мамандықтардың бірі. Біздің жұмысымыз арқылы, тұтынушылар вафли, печенье, торт, кекстер, шоколад, сондай-ақ десерт және кондитерлiк басқа да түрлерін ала алады. Қазіргі уақытта адамзат баласы үшін ең маңыздысы – табыс табу. Адал еңбекпен тапқан табыс берекелі болары анық. Мен де өз хоббиімді кәсіпке айналдырып, өз маңдай теріммен табыс тауып келемін. Әрине, өз табысымның да берекетін көріп жүрмін. Қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оның екеуі торт пісіріп, қасымда көмектесіп жүрген қыздар болса, енді біреуі “Жақсат” базарында менің тәттілерімді сатумен айналысады. Иә, бүгінгі күні базардағы шағын дүкенім арқылы табыс тауып жатырмын және инстаграм желісіне де тапсырыс берушілер саны күн сайын артып келеді. Ендігі алға қойған мақсатым – нан өнімін ашытқысыз әзірлеу. Яғни, бұл нан адам денсаулығына да пайдалы құнарлы ас болады. Сондай-ақ біз секілді жас кәсіпкерлерді қолдап, мақсатымызға айқын жол бастап беріп жатқан Кәсіпкерлер палатасына алғысымды айтқым келеді. Келешек жастарымызға да үлгі болып, арман-мақсаттарының орындалуына көмек көрсете беріңіздер,–дейді.
Расымен де, қазіргі технология шарықтап дамыған заманда кәсіп бастаймын деген әр адамға Үкімет қашанда қолдау береді. Бастысы – ниет. «Еңбектің наны тәтті» демекші, адам өмірі еңбекпен тығыз байланысты. Әр адам адал жолмен еңбек етіп, бар маңдай терін төксе ғана өз жұмысының жемісін көре алады.
Ауданымызда да кәсіп көзін ашып, қалың көпшіліктің ризашылығын алып жүрген кәсіпкер қыз-келіншектер жетерлік. Соның бірі – Әлия Қуанышқызы. Қай кезеңде болмасын сәннен қалмаған, сұранысқа ие тәттінің түрі – медовый торт пен лакомка және тағы басқа да нан өнімдерін жасап отыр. Тойларға тапсырыс алып, әр мереке қарсаңында ерекше торт үлгілерін жасап келе жатқанына биыл 6-7 жыл болып қалған. Әлия Махмутова өз кәсібі жөнінде:
–Иә, қай жұмыстың болсын жеңілі болмайтыны белгілі. Кондитер саласының да өзіндік қиындықтары болып тұрады. Тек адамда кәсіпке деген шынайы ниет болса, ешбір қиындыққа мойымайды. Менде бұл кәсіпті қолға алмас бұрын қобалжу мен қорқыныш та болды. Жанымда анам ғана болғандықтан, таң атқаннан кеш батқанға дейін торт пісіретінбіз. Осылайша «көз қорқақ, қол батыл» демекші, қолдан келгенше алға ұмтыла бердім. «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау аясынан қайтарымсыз грант жеңіп, өз кәсібімді әрі қарай дамыта бердім. Қазіргі таңда қарамағымда 4 қыз жұмыс істейді. Азанғы уақыттан бастап күніне 80-100-дей медовый торт пен 300-400-дей лакомка істейміз. Ал қалған десерт, кекс және бөлке тәрізді нан өнімдерін тапсырыспен жасаймыз. Торт пісіруге арналған барлық дерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дайын болған нан өнімдерін жолдасым әр түрлі ірі-шағын сауда орталықтарына сатады, – дейді кәсіпкер.
«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді» демекші, келешек жас буын тәрбиесіне де адал еңбектің наны қандай боларын ұқтыра білуіміз қажет.
Тәтті нан өнімдерін кәсіпке айналдырып, көпшілік сұранысына ие тәтті торттар арқылы мерекелік дастарханнын көркі етіп отырған Нұрбике Жармағанбет те сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отырған жайы бар. Расымен де торттарды түрлендіріп безендірудің өзі тапқырлықты қажет ететін жұмыс. Ал мұндай жұмыс кез келген жанның қолынан келе бермесі анық. Осы тұста Нұрбике өз кәсібі жөнінде:
–Иә, кондитер мамандығы – бүгінгі сұранысқа ие саланың бірі. Қыз баласы болған соң кішкентайыман торт пісіруге қатты қызығатынмын. Ең алғаш отбасыма тәтт пісіруден басталған болатын. Кондитерлік өнер қыз-келіншектер арасындағы ең ауқымды, бәсекеге толы бизнес деп айтсам да болады. Сөйтіп 2016 жылдан бастап үйде отырып, яғни қолда бар заттармен торттар пісіре бастадым. 2021 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алып, торт пісіруге қажетті пеш, сапалы миксер секілді керекті заттарымды алып, кәсібімді әрі қарай дамыттым. Қазір халықтың басым бөлігі табиғи өнімдерден істелген торттарды алады. Әртүрлі торт, пирог және барлық десерт түрлерін жасаймын. Бүгінгі күні аудандағы «Арбат» кафесінде кәсібімді кеңейттім. Сонымен бірге қасыма көмекші қыз алып, күнделікті түрлі тәтті тағамдарды ұсынудамыз. Сондай-ақ өзімнің тұрақты сатып алушыларым да бар. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігімді дамытып, әлі де кеңейту жоспарда бар,–деді.
Дамушы мемлекет болғандықтан кәсіптің қай түріне болмасын қолдау бар. Бұл тұрғыда елімізді әрі қарай да дамыту мақсатында өз кәсібін ашып, қоғам айнасына айнала білген кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз.