Kyzylorda-news.kz Бағдарламаға қатысушылар 10 қыркүйектен бастап өтініш пен құжаттарды ұсынуды электронды түрде «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-нан алынған электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы kezekte.kz сайтында тіркеліп, «Жұмыс істейтін жастарға арналған «SyrJastary» жеңілдетілген ипотекалық несие беру» сервисінде жүзеге асыра алады.

• Қарыздың ең жоғарғы суммасы – 13-20 млн теңгеге дейін;

• Несиелеу мерзімі - 19 жыл;

• Пайыздық мөлшерлеме - 6%;

• Алғашқы жарна - 10% (Бастапқы жарна 10% (жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету не жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепіл не «Отбасы банк» АҚ депозиті болған кезде)

• Бастапқы тұрғын үй алу мүмкіндігі;

• Қамтылуы – 100 адам.

«Сыр жастары» бағдарламасының талаптары:

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы;

2. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда), өтініш берген күнге, жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (болған жағдайда). Бағдарламаның негізгі қатысушысы ретінде ерлі зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;

3. Қатысушының соңғы 2 жылда Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде болуы шарт, сонымен бірге ұсыным берген уақытта оның өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жары, кәмелетке толмаған балалары, т.б.) де Қызылорда облысында тұрақты тіркеуі болуы тиіс.

4. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығындағы, сондай-ақ соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларының қасақана нашарлату фактілерінің болмауы, отбасының басқа мүшелерінің ортақ бірлескен (үлестік) меншігін құрайтын үлестік меншіктегі үлесі немесе жалға берілетін тұрғын үйі болмауы, мыналарды қоспағанда: мемлекеттік бағдарламалар желісі бойынша Қазақстан Республикасының аумағында сатып алынған: бағдарламаға қатысушы немесе отбасы мүшелері жекешелендіру немесе мұрагерлік құқығы нәтижесінде кәмелетке толғанға дейін сатып алған жылжымайтын мүлік;

5. Қатысушының ресми жұмыс өтілі мынадай санаттар бойынша кемінде 6 айды құрауы тиіс: бюджеттік сала, мәдениет және спорт, ЖОО және ҒЗИ, журналистер, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың жергілікті филиалдары, екінші деңгейлі банктер, жас кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін органдар қызметкерлері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері.

«Сыр жастары» бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар:

1) білімі туралы құжаттың сканерленген түрі;

2) жұмыс өтілі көрсетілген белгіленген үлгідегі фирмалық бланкідегі жұмыс орнынан анықтаманың сканерленген түрі;

3) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын сканерленген құжаттар;

4) Банк шотындағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы, банк шотының бар-жоғы мен нөмірі туралы анықтама;

5) Жеке кәсіпкерлер үшін санат бойынша белгілеген жұмыс өтілін растайтын анықтама, санат бойынша көрсеткен жұмыс өтілі уақытына зейнетақы аударымдары туралы анықтама.

Өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, өтініш берушіге жоқ құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі.

Өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтырылған пакетін ұсынады.

«Сыр жастары» бағдарламасына қатысу үшін үміткерлерді іріктеу кезектілікке сәйкес санаттар бойынша тізімге енгізу жинаған балдар санымен айқындалады. Санат бойынша ең көп балл жинаған қатысушыға жолдама уәкілетті органмен қатысушыға электронды түрде жіберіледі.

Несиені бөлу төмендегі санаттар бойынша (салалар бойынша) жүргізіледі:

1. Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері: мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, мемлекеттік коммуналдық мекемелердің қызметкерлері.

2. Мәдениет және спорт саласының қызметкерлері: мәдениет саласындағы шығармашылық одақтың мүшелері, мәдениет саласындағы мекемелердің қызметкерлері. Сондай-ақ, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы жанынан Жас өзін-өзі жұмыспен қамтыған композиторлар, жас музыканттар, жас әртіс-актерлер, жас кинематографистер (актерлер, режиссерлер, сценаристер, операторлар, продюсерлер, суретші-декораторлар), жас жазушылар, жас суретшілер, жас қолөнершілер, жас мүсіншілер, жас дизайнерлер, жас сәулетшілер, Қызылорда облысының спорт саласындағы ұйымдарда еңбек етіп жүрген спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар.

3. Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ қызметкерлері: жоғары оқу орындарының, қалалық және республикалық ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері.

4. Журналистер, атап айтқанда: тікелей өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен БАҚ қызметкерлері.

5. «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 376 қаулысына сәйкес Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың Қызылорда филиалының қызметкерлері;

6. Екінші деңгейдегі банк филиалдарының қызметкерлері.

7. Жас кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда жеке мекемелерде, қоғамдық және волонтерлік ұйымдарда қызмет атқаратын жастар.

8. Ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері. Соның ішінде, ауылдық жерде «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы санатына кірмейтін сала қызметкерлері.

9. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн органдар қызметкерлерi, соның ішінде құтқарушылар, өрт сөндірушілер, т.б.;

10. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері (сантехник, слесарь, машинист және тағы да басқа мамандықтар бойынша қызметкерлер).

Өтініш берушілерде балл тең болған кезде өтінішті бірінші болып ұсынған қатысушы басымдыққа ие болады.

«Сыр жастары» бағдарламасына қатысушылардың баллын есептеу

Өлшемі Балл

1 Тіркелген некенің әр жылы үшін 1

2 1 (бір) баласы бар 1

3 Әр келесі бала үшін 2

4 Қызылорда облысының мекемелерінде әр жылдағы жұмыс өтіліне байланысты 1,5

5 «Отбасы банкі» АҚ бастапқы 5% жарнасы бойынша 2

Бағдарлама бойынша сұрақтар болса, басқарманың азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар бөліміне 60-53-23 номері бойынша хабарласуға болады.

Сонымен бірге, облыс, қала, аудандық жастар ресурстық орталықтарында «Сыр жастары» бағдарламасы бойынша кеңес беріп, құжат ұсынуға көмек беретін мамандар отыратын болады. Жастардың құжат ұсынуға компьютері, интернеті болмаса, жастар орталықтарына барып, көмек алуға болады.

Фото Ru.freepik.com

Тағы да оқыңыз: