Қызылордалық әлеуметтік қызметкерлердің бір күні қалай өтеді? (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылордалық әлеуметтік қызметкерлердің бір күні қалай өтеді? (ФОТО)

25.11.2019, 11:00

2171 0

Kyzylorda-news.kz. Тағдырдың жазуымен жалғыз немесе қараусыз қалған қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың жанынан табылып, көмек көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі зор. Олар қарттарға қамқор болып, мүгедектердің мұңымен бөлісіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан бөлектенбеуі үшін аянбай қызмет етіп келеді.

Жақында Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде болып, әлеуметтік қызметкерлердің бір күндік жұмыс барысымен таныстық.

Бізді қарсы алған аталған бөлімнің басшысы Гүлмира Рахметова әлеуметтік қызметкерлердің жұмысымен таныстырып, тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың бабын табу оңай еместігін айтты.

«Мемлекеттік келін»

«Жалпы бөлімге қарасты «Мүгедектер мен қарттарға үйде қызмет көрсету» және  «Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшелері жұмыс істейді. Бөлімшеде жалғыз басты бөгде адамның көмегіне мұқтаж 158 қарт есепке алынған. Оның 43-і мүгедек, 115-і зейнеткер. Сонымен қатар 187 мүгедек бала жеке оңалту бағдарламасы бойынша есепте тұр. Оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкердің саны 48.  Біздің қызметкерлеріміз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында қызмет алушылардың үйіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, емханаларға апарады. Олардың коммуналдық төлемдерін төлеп, азық-түліктерін де жеткізіп береді. Сонымен қатар күнделікті ағымдағы жұмыстардан басқа қарт кісілердің үйлерінде жеңіл жөндеу, қысқы жылуға дайындық жұмыстарына және тұрғын үй көмегіне тиісті құжаттамаларын тапсыруға көмек көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда «мемлекеттік келін» десе де болады. Туған баласы мен келіні қарт ата-аналарын жалғыз қалдырып, мүгедек ата-ана баққысы келмей сыртқа теуіп жатқан мына қоғамда әлеуметтік қызметкерлер маңызды роль атқарады» – дейді Гүлмира Рахметова.  

Бөлім басшысы ғұмырының 24 жылын осы мамандыққа арнаған әлеуметтік қызметкер Гүлзира Жылқайдаровамен таныстырды. Біз онымен әлеуметтік-психологиялық көмек алушы 96 жастағы тыл ардагері  Мария Лукенченконың  үйіне бет алдық. Есікті ашқан Мария әжей үйде жылу жоғын айтып, бізді көңілсіз қарсы алды. Ол әлеуметтік қызметкердің жұмысына күмән келтіріп, «төлемақыны төлемегенсің» деп ренжіді. Алайда Гүлзира Жылқайдарова әжейдің күмәнін сейілту үшін төлемақының түбіртегін көрсетіп, жылудың қосылып тұрғанын айтты.

«Мен мұндай мінезіне үйренгенмін. Еш ренжімеймін де. Әлеуметтік қызметкердің міндеті де сол. Барынша сабырлы болуымыз керек. Бұл кісілердің бізден басқа ешкімі жоқ. Сондықтан бар еркелігін көтереміз, мұңымен бөлісіп, қайғысын жеңілдетуге тырысамыз. Мария әжей 96 жаста, қарт кісі ғой. Ұлы 17 жыл бұрын қайтыс болған. Содан бері біздің бөлімнің қызметіне жүгінеді. Бұл кісіге аптасына 3 рет келіп, қызмет көрсетемін», – дейді Гүлзира Жылқайдарова.

«Үйім жинаулы, киімім жуулы. Бұл осы Гуляның (Гүлзира Жылқайдарова – авт.) арқасы. Менің бар қажеттілігімді өтеп, жағдайымды жасап отыр. Мені емханаға ертіп апарады, қажет болса таза ауада серуендейміз», – дейді Мария Лукенченко.

«Мамандығым тағдырыммен байланысты»

 «Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері Индира Бақыторазова бұл жұмысқа 6 жыл бұрын келгенін айтты. Өзінің баласы Димаш оның әлеуметтік қызметші болуына себепкер болған. Димаш туа бітті церебральды сал ауруына шалдыққан.

«Жоғары білімім бар, мұғаліммін. Мектепте жұмысым да болды. 6 жыл бұрын екінші ұлым дүниеге келгеннен соң жұмыстан шықтым. Науқас балаға күтім керек. Ерекше оқытуды қажет ететін әр баланың өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Бұл балалармен жұмыс істеу аса жауапкерлішікті талап етеді. Мамандығым педагог болғандықтан балалармен жұмыс жасаған өзіме ұнайды. Менің қарамағымда жас ерекшеліктері, сырқаттары әр түрлі 9 бала бар. Оның үлкені 16 жаста, кішісі 5 жаста. Жұмыс уақытында осы балалардың үйлерін аралап, оқытамын. Кешке үйге келген соң өзімнің балама қараймын. Балаларға түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, олардың ой-өрісінің дамуына жұмыс жасаймыз» , – дейді әлеуметтік қызметкер Индира Бақыторазова.

Индира апай екеуміз қызмет алушы Бақдәулет Дүйсенғазының үйіне бардық. Бағдәулеттің церебральды сал ауруына шалдыққаны 2 жасында белгілі болады.  Дәрігерлер еш емі жоқ деп жылы жауып қойған. Бірақ Бақдәулеттің туыстары барынша шыдамдылықпен қараса қандай да бір дәрежеде қоғамда өмір сүруге болатынына сенеді. Сондықтан мемлекет  тарапынан көрсетіліп жатқан бар көмекті алып, баласына қолынан келген жағдайды жасап отыр.

«Біз былтырдан бері әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгіндік. Бір жылда үлкен өзгеріс болды. Бақдәулет өте тұйық, адаммен араласуы қиын еді. Әлеуметтік қызметкер маған айтарлықтай көмек болды. Аптасына екі рет келіп баламмен жұмыс жасайды. Қазір Индира екеуі жақын дос болып алды. Бізге әлеуметтік көмек көрсетіп ғана қоймай, құқықтық кеңес береді. Мемлекет тарапынан берілген көмекті алу жолдары, жылда шипажайға баратын болсақ құжаттарын дайындауға көмек көрсетеді», – дейді Бақдәулеттің әжесі.

P.S: Біз бүгін екі әлеуметтік қызметкердің бір күндік жұмысымен ғана таныстық. Түйгенім темірдей төзім, аса жоғары жауапкершілік керек екен. Қарттардың көңілін тауып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қорқынышын сейілту үлкен сабырды қажет етеді.  Олар өз міндеттерін атқарып қана қоймай, жаны жабырқау жандарға мейірім нұрын төгіп, олардың болашағына деген үміт сәулесін жағады. Әрине қызметі оңай емес бірақ қоғамға өте қажет, қайырымды мамандық.

Фариза ОМАРОВА

0

Пікір қалдыру