Kyzylorda-news.kz    Келесі жиырма бес жылда әлем халқының 75%-ын қуаңшылық жайлауы мүмкін. Бұл – ауыл шаруашылығы мен экожүйеге ауыр соққы беретін табиғаттың қатаң сынағы. Әлемде жылына 100 миллион гектар жер тозып қурайтын көрінеді. Мұндай мәселенің негізгі себептерінің бірі – климаттың өзгеруі. Ғылыми зерттеулерге қарап, жаһандық жылынудың кері әсерін байқауға болады. 

Әріптесіміз Ернат Мелсұлының мәліметінше, ең ірі апельсин шырынын экспорттаушы Бразилияның апельсин алқаптарына қауіп төніп тұр. Бұл климаттың өзгеруінен туындаған аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдары. Мамандар мұндай ауыртпалық кейінгі 14 жылда алғаш тіркелгенін айтады. 2019 жылы ғалымдар қатердің алдын алу үшін жер шарын жасанды жолмен суыту тәсілдерін қарастырды. Еnvironmental Research Letters басылымы күн сәулесінің жер шарына түсуін азайту керегін жазған еді. Осы ұсыныс аясында 20 шақырым биіктікке сульфаттар қоспасын шашу қарастырылған. Сол жылдары ғалымдар мұндай үлкен көлемдегі химиялық қоспаларды шашатын ұшақ әзірге жасалмағанын, тек 15 жылдан кейін жүзеге асыруға болатынын айтқан. Бұл шамамен 2034 жылдары болуы мүмкін. Оған кететін шығын 3,5 миллиард доллар көлемінде есептелді. Сондай-ақ ұсынылған жобалардың арасында мұхит суына темір ионын қосу қарастырылған еді. Мұндайда фотосинтез процесі реттеліп, содан кейін атмосферадағы көмірқышқыл газы үнемі мұхитқа сіңіп отырады. Ғалымдар осылай ауадағы парниктік газдарды азайтуды көздеген болатын. 

Бұл әлем бойынша қарастырылған мүмкіндіктер, ал Қазақстандағы жағдай ше? Шырын экспортына қауіп төнбесе де, қуаңшылық бізді айналып өтпеді. Қазақстанның кей аймақтарында жауын-шашынның азаюы мен температураның шектен тыс көтерілу жағдайлары жиі болады. Антропогендік факторлар да қуаңшылықтың өршуіне ықпал етеді. Ормандардың кесілуі, су ресурстарын тиімсіз пайдалану, ауыл шаруашылығында суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру сияқты факторлар табиғи су айналымын бұзады. Биыл елде құрғақшылық болады деген болжам бар. «Ұлттық аграрлық ғылыми орталығының» тәуелсіз директоры, сарапшы Кирилл Павлов америкалық мұхитты зерттейтін қызметтің зерттеулеріне сүйеніп, осындай тұжырымдама жасаған. Осыдан 3 жыл бұрын Маңғыстауда құрғақшылық басым болды. Жаңбыр мен қардың уақытылы жаумауы ауыл шаруашылығына айтарлықтай залал әкелді. Кейін ғалымдар жасанды жаңбыр әдісін қолға алуды шешкен, бірақ жоспар жүзеге аспаған еді. Алайда шикіліктер мен олқылықтардың орны толығып, кей аймақтарда қолдан жаңбыр жауды. Мәселен, былтыр Түркістанда жазда жаумаған жауын жауды. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін халықаралық климат өзгерту технологиялары мекемесінің мамандары Шымкент индустриялық аймағына жасанды жаңбыр жауғызу құрылғыларын орнатқан. Мамандардың айтуынша, атмосфераға теріс зарядты иондарды жіберіп, ашық аспанға будақ бұлттарды жинауға болады. Нәтижесінде жаңбырды қажетті мөлшерде жауғызып, климатты реттеуге мүмкіндік туады. Осылайша Маңғыстауға да, Түркістанға да жауын жауды. Жалпы алғанда бұл ғылыми жаңалық емес. Себебі бұған дейін де қолдан жаңбыр жасау практикада бар тәсіл. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері өткен ғасырдың 40-жылдарында бұлт себу бойынша эксперименттер жүргізіп, жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жөніндегі ғылыми зерттеу бағдарламасын ашқан. Сондай-ақ Қытай егінді қорғау үшін осы әдісті қолданған көрінеді.

Құрғақшылық мәселесінде Аралдың жағдайы нашар. Осы орайда International Center of Climate change Technologies  компаниясының мамандары жасанды жабыр технологиясын Аралға орнатуда. Бұл тақырыпта International Center of Climate change Technologies компаниясының директоры, климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабекпен сұхбаттасқанымызды хабарлаған едік. 

− Маңғыстау (Бейнеу), Қызылорда, Арал аудандарында климатқа әсер ету жағдайын жасаймыз. Атмосфера статикалық емес, сол себепті технология әсері Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Жезқазған, Түркістан облыстарында және Қарақалпақстанда байқалады. Бұл аймақтың барлығында температура деңгейі жоғарылап, құрғақшылық пен дала өрттері туралы ТЖМ дабыл қағып отыр. Біз мұны болдырмаймыз. Перифириялық облыстарда жауын 30-50%-ға дейін көтеріліп, температура мен өрт қауіпінің деңгейі түседі. ірінші кезекте «атмосфераның төменгі қабаттарын иондау» тәсілін жасаймыз, ол сол ылғалды тартады. Мұның мүмкін екенін көрсеткеннен кейін 100-ге жуық қосымша дрон жасақтаймыз. Қазір 3 министірлік пен 2 институттың мамандарынан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, конденсациялау жүзеге асса, Орталық Азия болашақтағы су қауіпсіздігіне алаңдамаса болады. Жауын мөлшерін кем дегенде 100%-ға көтеруді жоспарлаудамыз. Өткен жылы тамызда Түркістан облысында жаңбыр деңгейі 650%-ға жоғарылады. Кейінгі жылдары Аралға мүлде су келіп жатқан жоқ. Біз бір жыл ішінде 8-15 шаршы шақырым су құюды жоспарлап отырмыз. Ол 4 Шардара су қоймасымен тең, деген еді климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабек.

Бұдан бөлек, аудан әкімі А. Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы жөнінде мәжіліс өтті. Алдымен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р. Жанаев ауданда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар жөнінде баяндады.

Биылғы жылы аудан көлемінде 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 3 жоба іске қосылады деп жоспарлануда.

Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер Аманжолов Жұбаныштың “Ылғал майлықтар өндіру цехын ашу», «Sinooil» ЖШС-нің Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізінің бойынан «Жанар-жағармай бекетінің» құрылысы, «Қарашалаң Балық» ЖШС-нің «Арал ауданында балық зауытын салу» жобалары.Бұдан бөлек 2025 жылға 4 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Мәжіліс барысында аудан басшысы инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайына тоқталып, жоба бастамашыларынан іске қосылуына кедергі келтіретін мәселелерді сұрады. Сондай-ақ, аудан экономикасына оң әсерін тигізетін, халықтың игілігіне арналған жобалардың маңыздылығына орай, жұмыстарды жеделдету қажеттігін айтып өтті.

Жиын қорытындысымен аудан әкімінің жауапты орынбасарына  жоспарланған жобалардың іске қосылуы үшін тиісті шаралар қабылдап, бақылауда ұстау жүктелді.

Сонымен бірге жауапты сала басшыларына жер телімін табыстау, инфрақұрылым тартуды қажет ететін жобаларға қатысты ұсыныс енгізу тапсырылды.

 

А.Текебай
Фото: freepik.com

Тағы да оқыңыз: