Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы бойынша егіс көлеміне беріліп отырған су көлемі секундына 60 текше метрді құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов баяндады.
«Көктемгі су алу және су жүйелерін тазарту жұмыстарына сәйкес, шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдар, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары мен насос қондырғыларын орнату жұмыстары толығымен орындалып, 4 130 гектар шабындық жерлер суарылды»,-деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов.
Биыл орта мерзімдік даму жоспары бойынша ауданда 30 836 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.Оның ішінде: күздік бидай 1 889 га, жаздық бидай 800 га, арпа 20 га, тары 150 га, дән жүгері 60 га, сүрлем жүгері 50 га, мақсары 992 га, соя 70 га, жаңа жоңышқа 4 013 га, ескі жоңышқа 5 448 га, мал жемдік асқабақ 150 га, сондай ақ картоп 1 200 га,көкөніс 1 600 га және 2 357 га бақша дақылдары егілді. Ал, негізгі дақыл күріш 12037 гектарды құрайды.
«Биыл ауданда егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарына басымдық беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда бидай 1 092 гектарға, жүгері 65 гектарға, тары 65 гектарға, арпа 20 гектарға артық егілсе, 70 гектарға соя дақылы орналастырылды. Ауданымызда негізгі дақылы күріш көлемін анықтау мақсатында мониторингтік топ құрылып, ауыл шаруашылығы бөлімі және су шаруашылығы тарапынан биылғы жылы болжамды су тапшылығы туралы шаруашылық құрылымдарына және ауыл округі әкімдеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде»,- деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Амантайұлы .