Kyzylorda-news.kz. Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» зымырандарын ұшыру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын қабылдады.
Сенат отырысында Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды.
Заң жобасын таныстырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан аумағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшырғаны үшін қандай төлем алынатынын түсіндірді.
«Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге 2019 жылғы 20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды. Осы келісім бүкіл әлемді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған OneWeb халықаралық жобасын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру негізінде Қостанай облысының аумағында «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданын Ресей тарапынан пайдалану тәртібін реттейді. Құлау ауданын пайдалану үшін Қостанай облысының Жангелді ауданы әкімшілігіне түсетін жылына 3 рет ұшыру үшін 460 мың доллар көлемінде төлемақы анықталған. Ал қосымша ұшыру болған жағдайда әрбір ұшыру үшін 50 мың доллар көлемінде төлемақы төленетін болады. Құлау ауданы жылына небәрі бірнеше рет сервитут шартына сай қолданылып отырады», – деді министр.
Сондай-ақ, ол аталған зымыран бөлшектерінің қай өңірге құлайтынын, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі қалай қаматамсыз етілетінін баяндады.
«3-6 тәулікті құрайтын бұл кезеңдерде адамдар мен үй малының қаупсіздігін қамтамасыз ету үшін құлау ауданына кіру жабық болады. Қалған уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Адамдардың құлау ауданынан тысқары жерлерде тұруы қауіпсіз болып табылады. Сонымен қатар тасымалдағыш зымырандарды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы тіршілік ортасына гигиеналық баға беру жұмыстары жүргізіліп, сынамалары алынатын болады», – дейді Бағдат Мусин.
Ведомство басшысы киік төлдейтін уақытта Байқоңырдан аталған зымырандардың ұшуына шектеу қойлатынын да еске салды.
«Құлау ауданын пайдалану кезінде жануарлар мен өсімдіктер әлеміне жыл сайын мониторинг жүргізу көзделуде. Табиғат қорғау ұйымдарының киіктердің төлдеу және құстардың ұя салу кезеңінде құлау ауданын пайдалануды шетеу туралы талаптары орындалады. Яғни, сәуір мен маусым айлары аралығында тасымалдағыш зымырандар ұшырылмайды», – деді министр.