САРАТС: Арал ауданына Иран Республикасының өкілдері келді – Kyzylorda News
Басты бет

САРАТС: Арал ауданына Иран Республикасының өкілдері келді

27.01.2022, 16:20

963 0

Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының 2 кезеңін (САРАТС-2) іске асыру мәселесімен Иран Республикасы «Yelkom Consulting Engineers» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Кездесуге Гидролог, оңалту және мониторинг бойынша сарапшы Данешвар Шахаб, Су ресурстарын біріктірілген басқармасының сарапшысы Рафиан Хамид, Әлеуметтік сарапшы Джангчикашани Сомайе, Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының бас маманы Мария Заднепровская, «Арал-Сырдария» бассейннің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің Арал филиалының директоры Зауалхан Ермаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» коғамдық бірлестігі төрағасы, аудан ардагері Көлбай Данабай және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су реттеу бөлімінің маманы Айгүл Аяпова қатысты.

Кездесу барысында Иран Республикасының «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасы басшысының орынбасары Шефиейфар Мехди Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап, жобаның 2 кезеңін іске асыру мақсатында әзірленген арнайы жобалармен таныстырып, жобаның маңызды тұстарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар кездесуде САРАТС-1 жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына жасалған үлкен мүмкіндіктер мен өңірдегі экологиялық мәселелер сөз болды.

Аудан басшысы өз кезегінде тіршілігі теңізбен байланысқан әрбір Арал халқының көк теңіздің қайта оралуын асыға күтетін жеткізді. САРАТС 2 жобасының жүзеге асуына әлемдік деңгейде жұмыс жасап жатқан «Yelkom Consulting Engineers» компаниясының өкілдеріне ризашылығын білдірді.