Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жол желісін дамыту және жолаушылар тасымалы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты жиын өтті. Онда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов үстіміздегі жылдың І жарыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Қызылорда облысы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3397 шақырымды құрайды. Оның 1016 км республикалық, 2381 км облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болып табылады.
2021 жылы республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 20,0 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп ұзындығы 360 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізілуде.

Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен төрт мемлекеттік бағдарламамен 10.8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.

Ағымдағы жылдың жартыжылдығымен жоспарланған 6,6 млрд теңге 100%-ға игеріліп, 50 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өткізілді.

Нәтижесінде, жыл қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі жоспарлы 75% құрады.

Атап айтсақ, “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жалпы 11 647,0 млн. теңге бөлініп, 45 жоба жүзеге асырылып, ұзындығы 250 шақырымды құрайтын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өткізілуде. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 774,3 млн. теңге бөлініп, Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігін дамыту мақсатында үш жоба жүзеге асырылуда. “Ауыл ел – бесігі” бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен – 2 604,6 млн. теңге бөлініп, ұзындығы 80 шақырымнан астам елді мекендердің 64 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, “Кіші қалаларды дамыту” бағдарламасы аясында 1 859,6 млн. теңге бөлініп, Арал қаласының ұзындығы 8,8 км құрайтын 8 көшені салуға және қайта жаңғыртуға, Қазалы қаласының ұзындығы 8,2 км 10 көшесін қайта жаңғыртуға жұмыс жасалуда.
Қазалы ауданындағы Қарлан учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы көпір салу жобасының мемсараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы сметалық құны 4,4 млрд теңгені құрады. Жобаны ҚР Ұлттық экономика министрлігі арқылы 90/10 пайызбен қаржыландыру мақсатында бюджеттік ұсыным әзірленуде.

Сондай-ақ облыс тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі “Қызылорда-Жалағаш” автомобиль жолы. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталуда. Жөндеу жұмыстары шілде айының соңына қарай басталады деп жоспарлануда.

Қазалы қаласы мен Әйтеке би көшесі аралығына қайта жаңарту жобасындағы 3 көпірге толықтай кеңейту жұмыстары атқарылды. Қазіргі кезде жол жабынын кеңейту және су құбыры мен газ жүйесін қайта орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті маңызы бар жолдардың бойындағы көпірлердің техникалық жағдайы алаңдатушылық тудыруда. Қазіргі уақытта 5 апаттық жағдайдағы көпір өткелдері мемсараптамадан өткізілуде. Қорытындысы тамыз айында белгілі болады. Басқарма басшысы Шиелі ауданындағы 2 апаттық жағдайдағы көпірдің құрылысын биылдан қалдырмай бастау қажеттігі туындап отырғанын айтты. Осындай жұмыстар аудандық әкімшіліктерде де жүргізілуде. Қазалы ауданы 3 көпірге, Арал, Жалағаш аудандары теміржол үстінен өтетін автокөлік жолына және Жаңақорған ауданы 3 дана көпірдің жобасын әзірленуде.

Сондай-ақ облыс көлемінде 6 қалқымалы қайық өткелдері бар. Бүгінгі күні бұл қайықтардың да техникалық жағдайы бақылауда.

Арал ауданының Хан учаскесіндегі Сырдария өзеніне салынған қалқымалы қайық өткеліне күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ әзірленген. Құны 357,4 млн. теңгені құрайды.

Жиында Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайы терминалын қайта жаңғырту және кеңейту жобалары және облыс аумағындағы темір жол вокзалдарының жәй күйі сөз болды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаржының уақытылы игеріліп, мақсатты жұмсалып, жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуін тапсырды. Сонымен қатар, көлік айналымы қызметін бақылауға алуды жүктеді.

Тағы да оқыңыз: