Kyzylorda-news.kz. Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов Сол жағалау тұрғын ауданындағы бірқатар нысандарды аралады. Қазіргі таңда Сол жағалау тұрғын ауданында 680 пәтерлік 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, абаттандыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, №4 кварталды жалғайтын магистральды жылу желілерінің (теплотрасса) құрылысы, инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілуде.
Көпбалалы отбасыларға және мемлекеттің қолдауын қажет ететін қоғамның осал топтарына арналған бұл тұрғын үйлер «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында бейнебақылау камераларымен қамтылған, тиісті құрылымдық көрсеткіштері заманауи талапқа сай әзірленген. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үй ішіне газды анықтайтын дабыл құрылғысы орнатылған.
Абаттандыру барысында тұрғын үй аулалары ойын алаңдары, автотұрақ, орындықтар және кір жаю алаңдарымен қамтылатын болады. Осы жұмыстарды жүргізу барысында қала әкімінің орынбасары мердігер мекемеге аулаішілік жолдардың көлік қозғалысына қолайлы болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сол жағалау тұрғын ауданында абаттандыру жұмыстарынан бөлек, жылу желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. №4 кварталды жалғайтын магистральды 500 метрлік жылу желілері (теплотрасса) тартылу үстінде. Бұл жұмыстар 1 қарашаға дейін толық аяқталатын болады. Жылу желісі жоғарыда аталған 14 көпқабатты түрғын үйлерді қоса алғанда алда салу жоспарланған үйлерге де есептелінген.
Асқарбек Темірбекұлы қала әкімінің халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жобаларды қолдауға қашан да дайын екендігін жеткізіп, желтоқсан айында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 680 отбасы заманға сай жабдықталған баспанамен қамтылатындығын жеткізді.
Айта кету керек, Сол жағалау тұрғын ауданынан 9 қабатты 4 үйдің жоба-сметалық құжаттары дайын, құрылысын бастау алдағы жылға жоспарланған болса, 12 қабатты 4 үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленбек.