Kyzylorda-news.kz. Сәйкесінше өңірдегі құрылыс көлемінің басым бөлігі әлеуметтік нысандардың үлесінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағымдағы жылы білім, денсаулық, мәдениет және спорт саласы бойынша 25 көпбейінді кешен құрылысы басталып, 12-сі пайдалануға берілді.

Доңыз жылы ашылған нысандардың көлемі жағынан ең үлкені – жастар орталығы. Сырдарияның сол жағалауына орналасқан сәулетті кешен дарынды, өнерпаз өрендердің басқосу алаңына айналды.

«Жастар орталығының қазіргі таңнын өзінде 40 мыңға жуық жас игілігін пайдаланды. ІТ кітапхана, фитнес, мәжіліс, түрлі бағыттағы шара ұйымдастыруға арнайы залдармен қамтылған. Бұл – жастарға мемлекеттің үлкен қолдауы», – дейді жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков.

Ағымдағы жылы 10 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жартысы аяқталды. Республикалық бюджетке салынған Жаппасбай батыр көшесіндегі 600 орындық мектеп жуырда ел игілігіне берілмек.

«Құрылыс негізі 2 жылға есептелген, өткен жылы басталды, биыл жыл соңына пайдалануға қабылдаймыз. Бүгінгі күнге 49 млн теңге, яғни 5% ақшасы қалды. Қалған ақшасы игерілді. Қазір құрал-жабдық тасымалдау, монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жаппасбай батыр көшесінде көпқабатты үйлерде қазір балабақша жоқ. Саяхат мөлтек ауданына 600 орындық мектеп келесі жылы басталады деп күтіп отырмыз. Басқа да құрылыстар аудандарда бар. Келесі жылғы жоспар биылғы жылдан төмен болмайды», – дейді құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Құрылыстағы негізгі облигациялар тұрғын үй нарығына тиесілі. Соңғы жылдары облыс орталығында 15 жаңа шағын аудан бой көтерді. Биылдың өзінде 46 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіліп, қызылордалықтар 720 мың шаршы метр тұрғын үйге қоныстанды.   

«Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдар үйінде тұрып келдім. Міне енді өз пәтеріме жетіп, қуанып жатқан жайым бар. Қос баланың әкесімін. Жастар жылында өзіме қуаныш болып жатыр», – дейді қала тұрғыны Қуандық Нарымбетов.

«Бұл пәтерді көп күттім. 2016 жылдан бастап салымшы болып келемін. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрдым. Қазір қолым жетіп жатыр, үлкен рақмет. Әр қазақ баспаналы болсын», – дейді қала тұрғыны Айдана Алтай.

«Қаржы жинақтап, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтерге қол жеткіздім. Өзіме ұнаған қабаттан 3 бөлмелі пәтер кілтін алдым. Мемлекетіміз осындай бағдарламаны жасап, халыққа көп көмегі болып отыр», – дейді қала тұрғыны Айжан Жүсіпбекова.

Құрыш қолды құрылысшылар келесі жылы да жұмыссыз қалмайды. Өңірде 31 нысан бой көтермек. Оның ішінен Сырдария сол жағалауына түсетін драм театр, жабық стадион және аурухананы ерекше атап өтуге болады.

Тағы да оқыңыз: