Kyzylorda-news.kz. Биыл ҚызылордадаШу-Сарысу шөгінді бассейнінде мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізу басталады.

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов халық алдындағы есебі кезінде мұнай-газ саласын дамытуға қатысты пікір білдірді.  

«2019 жылдың ақпанында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысын дамыту мәселелері қаралған кезде, мұнай-газ саласын дамыту, жаңа кен орындарын барлау, газ өндіру және өңдеу мәселелерін үлкен блок етіп көтердік», – дейді облыс әкімі.

Аймақтың кешенді дамуына қатысты бірқатар мәселелер ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Жоғарыда айтып өткендей, биыл Шу-Сарысу шөгінді бассейнінде мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізіледі. Бұл – мұнай-газ саласын дамыту мәселесіндегі елеулі өзгерістер болмақ.

«Өте қымбатқа түсетін жұмысты бастау үшін биыл республикалық бюджеттен 600 млн теңге қарастырылып отыр», – дейді Қуанышбек Ысқақов.  

Сонымен қатар аймақ басшысы айтып өткендей, жоспарда аз зерттелген «Оңтүстік Торғай және Сырдария» шөгінді бассейндерін барлау көзделген. Осы шөгінді бассейндер бойынша жұмыстарды бастау үшін республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінуіне жұмыс жасалатын болады.

Тағы да оқыңыз: