Kyzylorda-news.kz. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері өткен жылы сұраусыз қалған 675 мың зейнетақы шотының иелерімен байланыс орнатты, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Олар – бір жыл және одан да көп жылдардан бері жарна түспеген «ұйқыдағы» шоттар. Арасында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар, сондай-ақ зейнетақы жарналарын уақытша аудармағандар: үйде бір жылдан астам уақыттан бері декреттік демалыста отырғандар, тәжірибе жұмысындағылар, тағылымдамадан өтушілер, үй шаруасындағы әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметшілер және сотталғандардың шоттары бар.

Қор мамандары ақпарат беру-түсіндіру жұмыстары аясында салымшыларға міндетті зейнетақы жарналарын аударудың маңыздылығын түсіндірді. Соның арқасында 128 мың жеке зейнетақы шотына жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге 523 202 жарна келіп түсті.

Осылайша БЖЗҚ «ұйқыдағы» шоттарды жандандыру, соңғы жылдары шоттарына зейнетақы жарнасын аудармай жүрген салымшыларды іздестіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.

Тағы да оқыңыз: