Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазақстан үкіметі 15,4 триллион теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол биыл, ең алдымен, экономиканың өсуін 3%-ке дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Осы мақсатта әрбір сала мен өңір үшін нысаналы параметрлер айқындалған.

“Сондай-ақ, басты міндеттердің бірі 2021 жылы 15,4 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл инвестицияларды жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді Ерғалиев үкімет отырысында.

Айтуынша, республика бойынша аталған көрсеткіштер егей-тегжейлі пысықталып, экономика салаларының бөлінісінде және әрбір өңір бойынша бекітілді.

Мысалы, Қарағанды облысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нысаналы индикаторларын айқындады.

Айтуынша, осы жылы жалпы өңірлік өнімнің өсімі 3,6% деңгейінде қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, 725 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осы жылы 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ке жоғары. Нәтижесінде 34 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.

2021 жылы Қарағанды облысында 17 білім ошағы салынады және 11 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады.

“Сонымен қатар, сапалы автомобиль жолдарының үлесін 85%-ке дейін жеткізу жоспарлануда. Қала халқының 100%-і және ауыл халқының 90%-і сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады”, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, биыл әлеуметтік және инжинерлік инфрақұрылымды жақсарту үшін 35 ауылда 75 жоба іске асырылады. Бұл 70 мыңға жуық ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға және 1 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: