Облыс әкімінің жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты – Kyzylorda News
Басты бет

Облыс әкімінің жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты

22.04.2021, 19:00

402 0

Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты. Аймақ басшысы аудандағы коронавирус індетін алдын алуда атқарылған жұмыстарды бағдарлап, шағын бизнес және әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен Гүлшара Әбдіқалықова «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасына барды. Фабрика жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орнының басшысы өз қаражаты есебінен кәсібін бастап, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2,8 млрд.теңге қаржы алған.
Мұнан кейін облыс әкімі Жаңақорған кентіндегі 18 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Жалпы көлемі 1053 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысына бюджеттен 141,8 млн.теңге қаржы бөлген. Өңір басшысы тұрғындарға пәтер кілттерін табыстап, қоныс тойын тойлайтын отбасыларға ақжолтай тілегін арнады.

«Биылғы жылы облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1858 пәтерді құрайтын 99 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде Жаңақорған ауданында қарқынды құрылыс жүруде.
Бүгін аудандағы «Саяжай» мөлтек ауданында 18 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. 18 отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойламақ. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын. Қуаныштарыңыз көбейе берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық орнасын»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі баспаналы болып, қуанышқа кенелген аудан тұрғыны Кенжегүл Шайхаттарованың үйіне кіріп, көпбалалы жас отбасының шаңырағына бақ-береке тіледі.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі аудандағы індетпен күрес барысын бақылау үшін аудандық емхана жұмысымен танысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетететін емханада 150 төсектік күндізгі стационар, үйге шақыру қызметі жолға қойылған. Індет күшейген жағдайда қосымша 200 төсек орын дайындалған. Бүгінде ауруханада 18 өкпені жасанды желдеткіш аппараты, 54 концентратор, 51 оттегі баллоны бар.
Гүлшара Әбдіқалықова ауданның екпе салдыру мәселесіне ерекше мән берді. Қазірде ауданда 506 медициналық қызметкер вакцина салдырған.

Тұрғындарға екпе егу үшін емханада 2 егу бөлмесі, егуге дейін 3 зал, егуден кейін 1 зал және 3 дәрігер бөлмесімен жабдықталған. Өңір басшысы індеттен сақтанудың басты жолы вакцинаны салдыру екенін жан-жақты түсіндіріп, екпе жүргізуге қажетті шараларды кезең-кезеңімен іске асыру қажет екенін атап өтті.

Сапары аясында әкім Кейден ауылдық округіндегі аяқ су каналы мен «Талап Сырдария» топтық су қоймасының жұмысымен танысты. Канал арқылы Жаңақорған кенті, Кейден, Сүттіқұдық, Қожамберді ауылдары, Жашы көлі, Боз көлі, Ала көл, Нар соққан, Қандарал көлдер жүйесі суға толтырылады. Ол үшін дариядағы ескі каналдан 1,5 шақырым қазылады.

Сырдария топтық су құбыры арқылы 16 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал, «Талап» топтық су құбыры арқылы 12 елді мекенге су жетеді.
Аймақ басшысы Машбек Нәлібаев ауылдық округіндегі №196 орта мектептің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Ауыл ақсақалдарының мәселелерін тыңдады.

Облыс әкімі аялдаған келесі нысан Талап ауылдық округіндегі әк шығаратын цехта жалғасты. «Премиум» Класс Строй» ЖШС-нің шағын өндіріс орнында 50 адам қызмет етеді. Ал, жылдық қуаты 75 мың тонна өнім, күніне 180 тонна әктас өндіре алады.

Жаңақорған ауданындағы жұмыс сапарын аймақ басшысы Жайылма ауылдық округіндегі егіс алаңында қорытындылады. Жалпы аумағы 500 гектар егіс алқабында 13 шаруа қожалығы жұмыс жүргізіп, бақша дақылдарын егеді.

Гүлшара Әбдіқалықова шаруалармен кездесіп, көктемгі егіс жұмыстарын бақылады. Судың тапшылығына қарамастан өнім өндіру көлемін төмендетпеу қажет екенін атап өтті.
Жаңақорған ауданындағы медициналық, әлеуметтік нысандардың жұмысын саралаған облыс әкімі аудан әкімі Руслан Рүстемұлына коронавирустық инфекцияны төмендету бағытындағы шараларды қарқынды жүргізуді, көктемгі егіс науқанында мол өнім алу үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

0

Пікір қалдыру