Облыс әкімі бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Облыс әкімі бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті

13.11.2020, 19:00

222 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бизнес-қоғамдастық өкілдерімен, қаржы институттарының басшыларымен кездесу өткізіп, инвестициялық жобалармен танысты.

Аймақ басшысы пандемия кезінде экономикалық табыс көлемін сақтап қалу үшін бизнесті әртараптандыру, жаңа инвестициялық жобалар тарту арқылы кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеудің тиімділігін атап өтті.

«Шағын және орта бизнес иелері кәсібінің тоқтап қалуы, мұнай өндірісі көлемінің азаюы экономикаға әсер етеді. Бұл жағдайдан шығу үшін әртүрлі қадамдар жасауға тиіспіз. Биыл біз 270-ке жуық әртүрлі жобалар қамтылған арнайы экономикалық даму картасын жасадық. Инвесторларды тарту арқылы да әртүрлі жобаларға қаржы бөлінбек. «Байқоңыр «ӘКК» АҚ барлық қаржы институттары мен екінші деңгейдегі банктерге әлеуетті жобаларды ұсынады, сондай-ақ өңір кәсіпкерлерінің проблемалық мәселелерін шешуге ықпал ететін болады. Бұл ретте банктердің назарынан тыс қалған жобаларды қолдау мақсатында ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен несиелендіруге бағытталған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметін 2025 жылға дейін ұзарттық. Аймақтың дамуына, жаңа жұмыс орындардың ашылуына ықпал жасайтын жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз»,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде облыс әкіміне өндіріс, ауыл және балық шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету салаларын дамытуды көздейтін ірі және шағын 12 инвестициялық жоба таныстырылып, 2 жоба қайта толықтырылуға берілді. Жалпы сомасы 3 613 млн.теңгені құрайтын бұл жобалар 262 жаңа тұрақты жұмыс орнын құруды көздейді.
Жиынға шақырылған әрбір кәсіпкерлер өз жобаларының маңыздылығын қорғап, банк арқылы қаржыландыру тетіктеріне тоқталып, облыс әкімінің назарына ұсынды. Мәселен, арнайы техника сатып алу, құрылыс дүкенін ашу, сантехникалық бұйымдар өндірісі, мектеп оқушылары арасында барлық пәндер бойынша турнирлер ұйымдастыру сынды жобалар қаралды.

Сонымен бірге өңірдің өндірістік әлеуетін көтеруге арналған теңдесі жоқ әйнек өндірісі мен мұнай қалдықтарын өңдеу, жиһаз цехын іске қосатын жобалар қолға алынбақ. Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер түйе және ірі қара мал өсіру, жантақ балын өндіру, жылыжай салу, балық шаруашылығын дамыту жобаларына қаржылай қолдау сұрады.
Кездесу барысында екінші деңгейдегі банктер мен «Байқоңыр «ӘКК» АҚ бизнес-жобаларды одан әрі қаржыландыру және іске асыру үшін инвестициялық жобаларды іріктеп алып, кәсіпкерлердің бірқатар жобаларын қолдады.
Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жиын соңында «Байқоңыр «ӘКК» АҚ барлық қаржы институттарының интеграторы және өңірдегі әлеуетті жобаларды қолдау жөніндегі оператор болатынын атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.

Айту қажет, мұндай кездесу төртінші рет өткізілуде. Инвестициялық жобаларға қаржылай қолдау білдіретін жиын алдағы кезде бизнес құрылымдарының басшыларымен бірге ашық форматта ұйымдастырылады.

0

Пікір қалдыру