Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімдігі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі С. Сермағамбетов шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы екенін айтты.

Алдымен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Р. Жанаев аталған саланың даму барысы жөнінде хабарлама жасады.

Аудан бойынша жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4270 бірлікті құрайды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,9 пайызға өсім алған. Дегенмен, аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілер халық санындағы үлесі бойынша аудандар арасында төменгі көрсеткішті көрсетуде. Жыл басынан бері ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 24 жоба несиелендірілсе, 16 жоба қаржы ұйымдары арқылы мақұлданған.

Бөлім басшысы баяндама барысында кәсіпкерлік нысандардың уақытша тоқтамға қойылған жағдайларын да айтып өтті.

Мұнан кейін аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Н. Ембергенова кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және оларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бұдан бөлек Сазды, Бекбауыл, Жетес би ауылдық округтерінің әкімдерінің кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөніндегі хабарламасы тыңдалды.

Хабарламашылардан кейін аудан әкімі қала,кент және ауылдық округ әкімдеріне кәсіп жасауға ниетті тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсіндіріп, қажетті ақыл-кеңес беріп, микро қаржы ұйымдары құжаттарын рәсімдеу үшін сүйемелдеу қажеттігін тапсырды. Сонымен бірге белсенді халық ішінен кәсіпкерлікпен айналысатындардың үлесін нақты айқындау үшін тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сонымен бірге аудан әкімінің жауапты орынбасары мен бөлім басшыларына өз мақсатына пайдаланылмай келе жатқан жер телімдерін заңды түрде қайтару жөнінде және мемлекеттік грант қаражаттарының уақытылы және нысаналы мақсатына сәйкес үйлестірілуін бақылауға алу жүктелді.

Тағы да оқыңыз: