Kyzylorda-news.kz. Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы доктор Каролин Кларинвальмен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. 

Тараптар COVID-19-ға қарсы күрес мәселелерін, оның ішінде Қазақстандағы ағымдағы жағдайды, сонымен қатар Арал өңіріндегі халықтың денсаулығын қорғау мәселелерін талқылады.

Сенатор Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанға Covid-19 пандемиясымен күресте көрсеткен жан-жақты қолдауы мен ынтымақтастығы үшін ДДҰ-ның ресми өкіліне алғыс айтты.

«ДДҰ билік органдарының маңызды серіктесі болып келеді, өйткені ұйым COVID-19-ға жауап ретінде техникалық ұсыныстар әзірлейді, өзге де техникалық білікті ресурстарын ұсынады. Бізді халық денсаулығын сақтау мен заң шығару мәселелеріндегі өзара ынтымақтастығымыз қуантады», – деп атап өтті Сенат депутаты.

Доктор Кларинваль, өз кезегінде, ДДҰ Қазақстанның COVID-19-ға қарсы күрестегі күш-жігерін, сондай-ақ пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген қазақстандық медицина қызметкерлерінің кәсібилігі мен жанкештілігін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол ДДҰ Қазақстанға эпидемиология, қауіп-қатер коммуникациясы, логистика және өзге де денсаулық сақтау бағыттарында қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

«Ынтымақтастық, өзара іс-қимыл, білім және ресурстар алмасу неғұрлым тез әрекет ету үшін аса маңызды, сондықтан халықтың денсаулығын қорғау жолында барлық тараптар арасында сындарлы диалог құра отырып, бір бағытта жүруді жалғастыру маңызды», деп түйіндеді ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы.

Тағы да оқыңыз: