Санитарлық бекеттер қойылады – жаңа қаулы – Kyzylorda News
Басты бет

Санитарлық бекеттер қойылады – жаңа қаулы

20.04.2021, 17:30

1003 0

Kyzylorda-news.kz.  Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша үш ауданда 23 сәуір-3 мамыр аралығында қатаң шектеу шаралары сақталады.

Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары күшейтілді. Оған Өскемен, Семей қаласы және Аягөз ауданының коронавирустың таралуы бойынша «қызыл»  аймаққа енуі себеп болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша үш ауданда 23 сәуір-3 мамыр аралығында қатаң шектеу шаралары сақталады.

Аягөз ауданында 2 санитарлық бекет орнатылады.

Өскемен мен Семей қалалары және Аягөз ауданында нысандардың жұмыс уақытына өзгеріс енгізіледі. Ғимарат сыртында орналасқан азық-түлік базарлары мен шаруашылық заттар сататын базар сенбі сағат 17.00-ге дейін жұмыс істейді, жексенбі жабық болады.

Ал ғимарат ішінде орналасқан базарлар сенбі-жексенбі жабық болады.

Азық-түлік сатпайтын сауда нысандары, оның ішінде супермаркет, гипермаркет, сауда үйлері, сауда желілері, сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері сағат 21.00-ге дейін жұмыс істейді, сенбі-жексенбі қызметіне тыйым салынған.

Үй-жайдағы қоғамдық тамақтану объектілері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезекші топтар жұмыс істейді. Бала саны 15-тен аспауы қажет.

Сонымен қатар көрермендердің қатысуымен бұқаралық спорт шараларын өткізуге тыйым салынған.

Жаңа қаулыға сәйкес, Өскемен, Семей қаласы, Аягөз ауданы аумағындағы шектеу шараларының режимі мен мерзімі эпидемиологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты қайта қаралуы мүмкін.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының сыртқы шекараларына кіріп-шығуды бақылау үшін Алматы облысы тарапынан 2 санитарлық бекет, Қарағанды облысы тарапынан бір санитарлық бекет, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы автоөтпе жолдарына «Ауыл», «Уба», «Бақты», «Майқапшағай» өткізу пунктерінде 4 санитарлық бекет, Аягөз ауданына 2 санитарлық бекет қойылады.

«Халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін адамдардан басқа азаматтардың облыс аумағынан және Аягөз ауданы аумағынан келіп-кетуіне тыйым салынсын», – делінген қаулыда.

Ерекше жағдайларда жекелеген санаттағы адамдарға санитарлық бекеттер арқылы шығуға және келуге рұқсат ауданның/қаланың жергілікті атқарушы орнанының шешімі арқылы беріледі.

Қаулы 23 сәуірден бастап күшіне енеді. Құжаттың толық мәтінін мына жерден оқуға болады.

0

Пікір қалдыру