Kyzylorda-news.kz. Сальмонеллез – сальмонелла бактерияларымен қоздырылатын, фекальды-оральды механизммен берілетін, жиі гастроинтестинальды, сирек жайылмалы түрлерінде өтетін жедел антропозоонозды ауру.

Ол – өте қауіпті, жұқпалы ауру. Онымен адам да, жан-жануарлар да ауырады. Ауру малдың етін жегенде, сүтін ішкенде, құстың жұмыртқасын пайдаланғанда жұғуы мүмкін.

Тамақ арқылы ауру қоздырғыш микробтар асқазанға, одан аш ішекке түсіп, өсіп-өне бастайды, өзінен улы заттар бөледі де, ішектің ішкі қабығын ісіндіріп зақымдайды. Ауру қоздырғыштар және бұлардан бөлінген улы заттар лимфа және қан тамырлары арқылы организмге таралады да, кей органдарға қонып, олардын қызметін бұзады. Ауру қоздырғыш микробтардан бөлінген улы заттар қан тамырын уландырады.

Ауру қоздырғыш микроб сау баланың денесіне түскеннен кейін бірнеше сағаттан соң, кейде 2-3 күннен кейін, тіпті 5-6 күн өткен соң барып аурудың алғашқы белгілері біліне бастайды. Кейде ауру күрт басталып, баланың температурасы тез көтеріледі, түсі боп-боз болып кетеді, әлсірейді. Тамаққа тәбеті болмайды, ойынға зауқы соқпайды. Көңіл күйі төмендейді, басы ауырып, лоқсып құсады. Іші кеуіп, өтеді. Үлкен дәреті көпіршіктеніп, түсі сұрғылттанады және өте иісті болады. Кейінірек оған жалқық пен қан араласа бастайды. Іші ауырып, етпетінен жатқысы келе береді. Жігері мен көк бауыры ісінеді.

Көбінесе бұл ауру әр түрлі басталады. Ұзақ емдеуді қажет етеді. Баланы ауырған сәтте дәрігерге көрсету керек. Науқас бала жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханада емделеді.

Ауырып жазылған баланың үйдегі күтімінің жақсы, тамағының құнарлы, көңіл-күйінің көтеріңкі болуына жағдай жасау керек. Таза ауада дене шынықтыру мен гимнастика жасаумен шұғылданғаны дұрыс.

Күнделікті тағамға жеміс-жидек, олардың шырындарын беріп отырған пайдалы. Сальмонеллез созылмалы ауру болғандықтан ұзақ емдеуді қажет етеді.

Мақпал ҚАСБАЕВА,

Қармақшы аудандық Ұлттық сараптама орталығының бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер зертханасының зертханашысы

Тағы да оқыңыз: