Kyzylorda-news.kz. Қазақ халқы қашаннанда басынан небір нәубет кезеңдерді өткерді. Дегенмен соның барлығынан бекем бірлігінің арқасында аман-есен өтіп келеді. «Күн жаманы кетер» деген халық даналығы бар. Бұл індеттің де іркілетін өз уақыты бар. Ол үшін әрбір жас бүлдіршіндер мен қазыналы қарияларға дейін өз ортамызға үлкен жауапкершілікпен және жанашырлықпен қарап карантин талабын сақтауымыз қажет.

Мейлінше көпшілік ортаға бармай барлық жағдайды онлайн режимі арқылы бітіруге қалыптасуымыз қажет.

Қарусыз соғыс секілді бұл індет былтыр ғана талай текті азаматтарды арамыздан алып кетті. Қателікті қайталап, індетті ушықтырып алмайық. Сол сәтте ағайынмен араласу адыра қалып, көршіңмен көрісу мұң болды. Қатаң талап қадағаланды. Қала ішіне блок-посттар орнатылып, дүкендер мен қоғамдық көліктерге шектеулі уақыт енгізілді.

Дегенмен сол тұста індет саябырсып, еркіндік беріліп елдің бәрі есіктен шығуға ұмтылды. Алайда асығыстық пен салғырттыққа жол беріп, ережелерді есімізге алмадық. Басым көпшілігіміз бетперделер мен қолғаптарды қажетсіз қалдырып, еркінсуге ерте екенін естен шығардық. Ащы да болса ақиқаты осы. Енді міне жыл өтпей жатып жағдай қайтадан қайталанып отыр. Бұған өзімізден басқа ешкім кінәлі емес. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзінен үлгі алуымыз керек.

Статистика сөйлеп тұр. Соңғы деректерге сүйенсек коронавирус індетімен ауырған адамдар саны өңірімізде күн санап артып келеді. Бұл күнделікті жайбарақат тірлік жасап жатқан халыққа төбесінен жай түскендей әсер етуде. Ендеше ел болып іргемізге дендеген дертті елден аластатайық ағайын. Ол үшін ең әуелі дәрігерлер кеңесіне құлақ асқан жөн.Таразы басындағы ұлт саулығы тұр. Ұрпақ амандығына жауапты екенімізді естен шығармайық. Денсаулық өзімізге керек. «Сақтансаң сақтаймын» дегенді ұмытпайық. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген батыр Бауыржан бабаның сөзі бағдаршамымыз болуы керек.

Сайлаубай ӘБІШОВ,

Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағы да оқыңыз: