Kyzylorda-news.kz. Жаңа оқу жылының басталуын барлығымыз көптен күттік, себебі  енді балалар онлайн режимінде емес, мектепке барып білім  алады, осыған орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры отандық денсаулық сақтаудың мектеп медицинасы сияқты бағытын іске асыру және оқушыларға көрсетілетін медициналық көмек туралы материал дайындады.

Мектеп медицинасы дегеніміз не?

Мектеп медицинасы-бұл білім беру ұйымдарындағы мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмекті ұйымдастыруды көздейтін медицинаның бір саласы. Яғни, балалардың денсаулығын қорғау және нығайту бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер, аурулардың алдын алу және олардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау болып табылады.

Мектеп медицинасы төмендегілерді  қамтиды:

  • профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу;
  • оқу кезеңіндегі және каникул уақытындағы сауықтыру іс-шаралары;
  • аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтану, репродуктивті денсаулықты сақтау;
  • психикалық денсаулықты қорғау, темекі шегуден,нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, құмар ойындарға емделуден туындаған суицидтік мінез-құлық пен тәуелділіктің алдын алу);
  • профилактикалық тексеріп-қараулардың нәтижелері бойынша оқушыларды тереңдетілген медициналық тексерулерге жіберу;
  • Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинация жасау;
  • жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін шұғыл болған жағдайларда алғашқы көмек көрсету, аурулардың алдын алу бойынша оқыту іс-шараларын өткізу;
  • балалардың денсаулығын қорғауға ата-аналар мен педагогтарды тарту;
  • санитарлық ережелердің талаптарын сақтау;

Медициналық қызметтің көрсетілу шеңбері?

Оқушылар мен тәрбиеленушілерге мектептердің, балабақшалардың және басқа да білім беру ұйымдарының медициналық пункттерінде ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі, яғни мектептерге қызмет көрсететін емханаларға бұл қызметтер мемлекет тарапынан төленеді.

Мектеп медицинасының жұмысын кім ұйымдастырады?

Оқушыларға медициналық көмекті мектеп аумақтық түрде жататын емхана көрсетеді.  Мектеп медицинасының қызметін ұйымдастыруға жергілікті денсаулық сақтау басқармасы жауапты болады.

Пункттердің жұмысы қалай құрылады?

Медициналық пункттердің медицина қызметкерлері жыл сайын оқушылар мен тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау және нығайту, олардың арасында сырқаттанушылықты төмендету бойынша іс-шараларды жоспарлайды, профилактикалық егулердің, профилактикалық тексерулердің кестесін жасайды және оқушыларды уақтылы диспансерлеуге бақылау жүргізіп отырады.

Балаларға арналған профилактикалық егулерді және кәсіби тексерулерді білім беру ұйымының ғимаратындағы емханалардың мамандары жүргізеді. Ол үшін емхананың жауапты қызметкері мамандардың мектептерге шығу кестесін жасайды.

  • ЕКПЕЛЕР

Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін емхана қызметкерлері мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне екпені оқу орнының медпунктінде жасайды. Екпе салғаннан кейін медбикелер егілген балалардың жағдайын  бақылайды. Егер оларда екпеге деген реакция байқалса, онда балалар дереу медициналық көмек ала алады немесе жағдайына байланысты оларды емханаға не  ауруханаға жібереді.

  • ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР

Мектеп жасындағы балалар арасында профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу тиісті Қағидаларда жазылған белгілі бір кезеңділікпен  жүргізіледі. Ол үшін емхананың бейінді мамандары мектепке барып, онда балаларды кәсіби тексеруден өткізеді.

  • ШҰҒЫЛ КӨМЕК

Медициналық пунктте өткір  және созылмалы аурулар, жарақаттар кезінде шұғыл көмек алуға болады. Айта кетейік,  баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда дереу шұғыл шаралар  жасалу қажеттігін ескере отырып, шұғыл медициналық көмек ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз көрсетілуі мүмкін екенін түсінген абзал.

Балалар – бақылауда

Медициналық ұйымдардың өздері мектеп медицинасының жобасын өте өзекті және пайдалы деп санайды. Сонымен қатар, білім беру нысандарына мемлекеттік емханалар да, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жеке медициналық ұйымдар да қызмет көрсете алады.

«Біз Нұр-Сұлтан қаласы мектептерінің бірінде жұмыс жасаймыз. Оқу жылының басында оқушылар санын ескере отырып, жұмыс жоспарын дайындаймыз. Мектеп медицинасы бірінші кезекте балалардың қазіргі жағдайын бақылауға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған.

 Аталған тәжірибе әсіресе барлық оқушыларды қамтитындығымен маңызды, өйткені кейбір ата-аналардың балаларды емханаға тек профилактикалық медициналық тексеруден өткізу  мақсатында апаруға уақыты жоқ. Яғни, мектепте жүргенде бала үнемі медицина қызметкерлерінің назарында болады. Балаларда егер аурудың қандай да бір белгілері байқалатын болса, оларды дереу клиникаға әрі қарай тексеру үшін жібереді», – деп елордалық медициналық орталықтың директоры Аида Омарбекова өз ойымен бөлісті.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да мектептердегі медициналық пункттер балалардың оқу жылы аясында  медицина қызметкерлерінің бақылауында болуы және уақтылы медициналық көмек алуы үшін құрылғанын атап өтті.

 Бірақ,  кейбір аурудың түрлерін тексерулер мен емдеу баланың жағдайына байланысты тікелей клиниканың өзінде болады.

Тағы да оқыңыз: