Kyzylorda-news.kz. Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Бүгінде заман ағымына сай орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді болуы қажет. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, бәйек болумен өтеді. Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Абай ауылдық емханасының аға мейіргері Күләш Мамбеталиева.
Күләш Қожаққызы Мамбеталиева 1962 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Ибашев Қожақ Ұлы Отан соғысының ардагері, темір жол саласында қызмет істеген, ал анасы Жамал он қолынан өнері тамған шебер болған. Ата-ана тәлім-тәрбиесін алған, жастайынан ажалға араша тұратын ақ халатты абзал жан болуды армандаған жас қыз асқақ арманымен, таудай талабымен 1983 жылы Ақтөбе медицина училищесін акушер мамандығы бойынша бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Арал аудандық емханасында мейіргер болып бастаған. Жас маман еңбекке етене араласып, көпшілікпен тез тіл табысып кетеді. Сонау 1999 жылдан бастап Абай ауылдық емханасында аға мейіргер болып абыройлы еңбек етіп келеді. Биыл жоғары санатты мейіргер Күләш Қожаққызының медицина саласында еңбек еткеніне 40 жыл болып отыр. Осыншама жыл бойы емханада медбике қызметін атқарып келе жатқан ол өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Ол үшін алдымен науқастың көңіл-күйі маңызды. Дәрігер нұсқауы бойынша науқастарға ем жасайтын маман уақытпен санаспай, жүрек қалауымен таңдаған кәсібін ұзақ жылдардан бері абыроймен атқарып келеді.
Қызығы мен қиындығы мол мамандығым өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыстас болдым. Аталған салада кез келген адам жұмыс істей алмайды. Ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болуың да керек. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Қызметте жүрген әр минут, әр сағат, әр күндер мен үшін өте сәтті де бақытты өтуде десем артық айтқаным емес. Емханаға алғаш келгенде аға мейіргер Оспанова Күлпараз апам қабылдап медицина саласының қыр-сырымен таныстырды. Одан кейінгі ұстазым әрі басшым болған Нұрхожаев Асылхан ағай. Ол кезде мен жаңадан аға мейіргер болып тағайындалдым. Сол кезде аға дәрігер Асылхан ағай құжаттармен жұмыс істеу, емханада қандай шаруа болмасын соны игеріп кетуге көп көмегін берді. Осы саланы барынша меңгеруге көмек көрсетіп, бағыт-бағдар берген ұстаздарыма алғысым шексіз,– дейді абзал жан.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Бүгінде ақ халатты абзал жан медицина саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, тұрғындар денсаулығының «сақшысы» атанып жүрген жандардың бірі. Емханадағы орта және төменгі буындағы қызметкерлердің жұмысына жауап беріп, олардың ем-шараларды мезгілімен, белгіленген мөлшерде берілуін, қатаң еңбек тәртібінің сақталуын қадағалау, әрине тиянақтылықты талап етеді. Осы тұрғыда:
Ем-шара кабинетіндегі мейірбике міндеттерінің мүлтіксіз орындалуын, еңбекті ұйымдастыруды жақсартуға арналған шаралар, құжаттаманы жүргізу, ем тағайындау парағымен жұмыс жасау, дәрігерлік тағайындауларды сұрыптау, дәрі-дәрмектерді есепке алу және жұмсау туралы есеп жүргізуді жүзеге асыру жауапкершілігінің жүгі қашанда ауыр. Сондықтан жанына шипа іздеп келген жандардың аурудан емделіп шығуы жолында білім, біліктілігіміз бен күшімізді аянбаймыз. Қазіргі таңда Абай ауылдық емханасы 19700 тұрғынға қызмет көрсетуде. Мейіргерлердің барлығы бірінші және жоғарғы санатты. Емхана меңгерушісі Аманболат Егізбайұлы Исаевтың басшылығымен 12 аймаққа 12 дәрігер аянбай қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда емханадағы әрбір жанның денсаулығын жіті қадағалап, қажет жағдайда кеңесімізді беріп отырамыз. Әрине жұмыс болғасын қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі. Қолымыздан келгенше халықтың көңілінен шығуға тырысамыз, – дейді аға мейіргер Күләш Қожаққызы.
Қызметінде жемісті еңбек етіп, адамгершілігі мол азаматша болып қалыптасқан Күләш Сейтжан атты азаматпен жарасым тауып, отбасын құрған. Олар шаттығы шалқыған шаңырақта ұланақтай екі ұл, қызанақтай екі қыз тәрбиеледі.
Жолдасым Сейтжан «Арал» корпоративтік қорының диспетчері болып жұмыс атқарып, қазіргі таңда зейнетке шықты. Балаларымыздың тәрбиесіне өте жауапкершілікпен қарадық. Жолдасым екеуміз балаларымызды қатарынан кем қылмай өсірдік, жоғары оқу орнында оқыттық. Бүгінде соның нәтижесін көріп отырмыз. Үлкен ұлым Руслан отбасылы, Талдықорған қаласында авиациялық әскери базада ПНК топ бастығы, майор шенінде, келіншегі Әйгерім – мұғалім. Жасқайрат балам ол да отбасын құрған, Қазалы қаласында вокзал бастығы қызметінде, келіншегі Сандуғаш – кәсіпкер. Қызым Ақмарал Байтұрсынов емханасында оператор болып қызмет атқарады, жолдасы Нұрбек әскери бөлімде қызметте. Кіші қызым Ақерке – қаржыгер, «Халық банкте» кеңесші, жолдасы Айболат мұнай саласында жұмыс атқарады. Қазіргі таңда ата-аналық бақытқа бөленіп, 13 немеренің ата-әжесі атанып отырмыз. Тоқсан бес жасқа келіп дүниеден озған енем Қаламқас анамның ақ батасымен көгеріп, өркен жайдық,– дейді мейірімді ана ағынан жарыла.
Ұжымда беделді, отбасында мейірімді Күләш Қожаққызының еңбегі де басшылық тарапынан әрдайым жоғары бағаланып отырады. Медицина саласын өркендетуге үлес қосқан білікті маманның ұзақ жылғы еңбегі еленіп, аудандық, облыстық денсаулық саласының, сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Адал еңбектің өтеуі осы болар.
«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бекер айтылмаған. Біз де жүрегі жомарт, көңілі дария, елге сөзімен де, ісімен де шипа бола білген Күләш Қожаққызының алдағы уақытта да абыройы асқақтап, мерейі үстем болуына тілектеспіз.