Kyzylorda-news.kz. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп бекер айтпаған. Расында, қай адамға да денінің саулығынан артық бақыт пен байлық, қазына мен құндылық жоқ. Ал, «басың ауырып, балтырың сыздаған» сәтте ақ халатты абзал жандардың алар орны ерекше екенін түсінесің.
Өз мамандығы бойынша жүйелі жұмыс істеп, шеберлігі шыңдалған, халыққа қалтқысыз қызметімен, адамгершілігі, асқақ парасатымен танылған, ел сенімін ақтай білген ардагер дәрігер – Рыскүл Нұрманқызы Исаева жұртшылық ерекше құрметтейді.
Рыскүл Нұрманқызы 10 жылдық мектепті үздік бітірген соң, Алматы мемлекеттік медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы Қызылорда облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне дәрігер-фтизиатр мамандығы бойынша жұмысқа қабылданған. Ұжымда біліктілігімен, іскерлігімен көзге түсіп, 1977 жылы осы ұжымның бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 1985 жылы №2 өкпе-терапия бөлімінің меңгерушісі, 2005 жылы орталықтандырылған дәрігерлік бақылау комиссиясының төрайымы, 2007 жылы облыстық клиникалық үйлестіруші, 2014 жылы қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің аймақтық фтизиатры болып жұмыс жасайды.
Өзі таңдаған сүйікті мамандығы бойынша бір ұжымда 47 жыл тұрғындар денсаулығын сақтауда тынбай еңбек еткен ардагер дәрігердің облыстың медицина саласын дамытуға, оның ішінде қауіпті де, қатерлі ауру – туберкулезден қорғауға өзінің саналы ғұмырын арнаған.
Осы еңбек жолында Рыскүл Нұрманқызы қаншама қиындықтан өтті, науқастар үшін қаншама күндерін ұйқысыз өткізді. Соның нәтижесінде мыңдаған науқастың алғысына бөленді. Туберкулезбен ауырып келген әрбір науқаспен сөйлесу, ортақ тіл табысу, оны емдеу, жылы сөзбен сүйеу болу оңай емес. Науқастарды емдей отырып, өз өмірін қатерге тігіп, осынша жыл халыққа қызмет еткен дәрігер-фтизиатрдың жұмысын нағыз ерлікке теңеседе болады.
Дәрігерлікке тән жоғары жауапкершілік пен терең білімді, үздіксіз ізденісті қажет деп білген , соның арқасында зор абыройға ие болған Рыскүл Нұрманқызы әрқашан үлкен құрметке лайықты жан.
Денсаулық саласында атқарған еңбектері жеміссіз емес. Ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды. Отбасында 1 ұл, 2қыз өсіріп, тәрбиелеген аяулы ана. Еңбекпен шыңдалған ардагер дәрігер Рыскүл Нұрманқызы қазіргі таңда зейнеткерлікте.