Kyzylorda-news.kz. Бүгін әлемнің барлық елдерінде Дүниежүзілік инсультпен күрес күні атап өтіледі, ол әлем халқының осындай өте ауыр, дей тұрғанмен алдын алуға болатын ауру туралы хабардарлығын арттыруға арналған. Жыл сайын әлемде миға соққы 15 миллионнан астам адам өмірінде орын алады. Осы ретте халықаралық медициналық статистика 10 инсульттің 8-ін болдырмауға мүмкіндік бар екендігін көрсетеді.

Соңғы он бес жыл ішінде инсульт әлемдегі өлімнің басты себептерінің бірі болып қала беруде. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам пациент инсульт алып, оның ішінде 5 мың адам алғашқы 10 күн ішінде қайтыс болады. Ал келесі айда 5 мың адам үйінде көз жұмады. Әр екінші адам мүгедек болады. Барлық қабылданған шараларға қарамастан, инсульт саны артып келеді және соңғы 20 жылда ол шамамен 3 есе өсті. Мәселен, ҚР ДСМ статистикалық жинақтарындағы ресми деректерге сәйкес, 2017 жылы 100 мыңға 16360,6 инсульт, ал 1998 жылы – 5891,8 инсульт болды. Ауырғандардың 53%-ы ер адамдар, 47%-ы әйелдер.

Сонымен бірге инсульт тез жасаратын кеселдердің қатарында. Соңғы жылдары қан айналымы бұзылыстарының едәуір саны 60 жасқа дейінгі науқастарда байқалады. Қазақстанда аурудың 37%-ы 41-ден 60 жасқа дейінгі жас тобында байқалады, одан әрі 61-ден 70 жасқа дейінгі жас санаты – 31%. 71 жастан жоғары шамамен 28%-да байқалады. 16 жастан 40 жасқа дейінгі адамдарға ең аз қауіп төнеді, бұл 4% құрайды.

– Аурудың алдын-алу өте маңызды және инсульт жағдайында да бұл өзекті. Дегенмен, инсульттің өзгермейтін қауіп факторлары бар, мысалы, тұқым қуалаушылық, жас және жыныс (ер адамдар инсультқа жиі ұшырайды). Алайда түрлендіруге болатын, яғни біз өз тарапымыздан өзгертуге тырысатын факторлар да бар. Оларға артериялық гипертензия (инсульттан болатын өлімнің кем дегенде 51%-ын құрайды), қант диабеті, гиперхолестеринемия, жүрек ырғағының бұзылуы, алкогольді мөлшерден артық пайдалану, темекі шегу, аз қимылды өмір салты, артық салмақ, жиі стресстер, сондай-ақ рационның ерекшеліктері және балансталмаған тамақтану жатады. Қазақстандықтардың қауіпті симптомдар туралы хабардар болуы да өзекті. Кеселдің алдын алу – басты шешім, – деді Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының бас маманы Зәуреш Ахметжанова.

Сарапшылар инсульт кезінде жедел көмек көрсетудің өзектілігін түсіну маңызды екенін алға тартады, ол – алғашқы белгілер пайда болған сәттен бастап 4,5 сағат ішінде. Мамандар инсульттің белгілері мен алғашқы симптомдарын еске салады: әлсіздік, аяқ-қолдағы ыңғайсыздық; беттің, аяқтың әртүрлі бөліктерінде сілеюдің пайда болуы; сөйлеу және көру қабілетінің бұзылуы; бас айналуы және тепе-теңдіктің бұзылуы.

Инсульт мүгедектіктің жоғары деңгейімен және еңбекке қабілеттіліктен айырылудың жоғары деңгейімен қауіпті. Сондықтан осы аурумен күресте оңалту шешуші рөл атқарады. Орташа алғанда, пациенттердің жартысына жуығы инсульттан кейінгі когнитивті бұзылуларға (ПИКБ) ие, ал ең ауыр типтегі постинсульттік деменцияның ықтималдығы адам жасына және инсульттің ауырлығына байланысты 7-48% құрайды. Мұндай науқастарда есте сақтау функциялары бұзылады, талдау процесі қиындайды, зейіннің шоғырлануы және логикалық ойлау қабілеті төмендейді. Инсульттан аман қалғандардың үштен бірінен астамында сөйлеуде айтарлықтай бұзылыстар байқалады. Сондықтан инсульт алған науқасты оңалту – ауру терапиясының маңызды буындарының бірі. Бұл пациентке танымдық және қозғалу функцияларын қайтаруға ғана емес, сонымен қатар келесі 5 жыл ішінде 50% ықтималдылықта қайталанатын инсульттің алдын алуға мүмкіндік береді, ал бірінші жылы ол — әрбір оныншы науқаста тіркеледі.

Амбулаториялық-емханалық деңгейде оңалту өте маңызды, өйткені пациенттерге жеке, маңызды мақсаттарға қол жеткізуге жол ашады. Оңалту ең алдымен, пациенттердің өздері үшін құнды іс-әрекеттерді атқару мүмкіндіктерін қалпына келтіруді білдіреді – өзін-өзі күту, өз-өзіне қызмет көрсету, үй өмірі, жұмыс, оқу, отбасылық немесе әлеуметтік өмір, өзін-өзі бағалау сезімін сақтау.

Сонымен бірге, когнитивті оңалтудың тиімділігі нейропсихологпен және логопедпен өткізілетін интенсивті сабақтарға да, нейропротекторлық әсері бар препараттарды қамтитын дәрілік терапияға да байланысты, өйткені оңалту процесінде нейрондарды өлімнен құтқару және мидың зардап шеккен аймақтарын қалпына келтіру өте маңызды. Сонымен қатар, қозғалу функциясының бұзылуы әрдайым когнитивтік саладағы проблемалармен байланысты екенін есте ұстаған жөн, сондықтан қозғалу аппаратын оңалту когнитивті жүйелерді қалпына келтірумен тікелей байланысты.

Тағы да оқыңыз: