Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов елдегі эпидемиологиялық жағдай жайлы айтып берді.

Соңғы айда коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалып отыр. Қазақстан Республикасы «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысты. «Сары аймақтан» «қызыл аймаққа» екі облыс: Қостанай және Ақмола облыстары өтті. Қазір «сары аймақта» Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары бар. Сондай-ақ қаңтар айында Батыс Қазақстан облысы «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» көшті. Қалған өңірлер «жасыл аймақта». Соңғы айда Атырау облысында сырқаттанған адамдардың айтарлықтай өсімі байқалады. Онда 3,7 есе артты. Ал Алматы облысында 1,8 есе, Қарағанды облысында әрі Алматы қаласында 1,5 есе көбейді. Маңғыстау облысында 81-ден 315 жағдайға дейін, Түркістан облысында 102-ден 256 жағдайға дейін, Шымкентте 150-ден 195 жағдайға дейін, Қызылорда облысында 48-ден 135 жағдайға дейін өскені байқалады.

«Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бүгінде халықтың жиналмауына, байланысты азайтуға бағытталған карантиндік шараларды күшейту қарастырылып отыр. Қазір шекараларда күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. 13 қаңтарға дейін мемлекеттік шекарада КВИ-ге оң нәтижемен 859 адам анықталды. Бүгінде 5 млн астам зерттеу жүргізілді. Күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады. Тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізе аламыз. Үшінші тоқсаннан бастап оқыту форматы өзгереді. Мектеп бітіретін сыныптар үшін оқу қарастырылған. Сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттеріне оқу жылының екінші семестрінен бастап штаттық оқуға рұқсат етілді. Бұл ретте маска тағу, кабинеттер арасында жүруге шектеу қою, санитайзерлер пайдалану сияқты барлық сақтық шарасын сақтау қажет», – деді Қиясов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Қаңтардың алғашқы онкүндігінде астана «сары» және «қызыл» аймақтардың шекарасында тұр. Жаңажылдық мерекелерден кейін инкубациялық кезең аяқталғандықтан коронавируспен ауыратын науқастар саны артып келеді. Бұл – санитарлық нормалардың бәрі бірдей сақталмағанының басты белгісі.

DalaInform.

Тағы да оқыңыз: