COVID-19: Қызылордада 2484 медицина қызметкері қауіпті індетке тексерістен өткен – Kyzylorda News
Басты бет

COVID-19: Қызылордада 2484 медицина қызметкері қауіпті індетке тексерістен өткен

24.04.2020, 9:40

1124 1

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 161 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 4 жағдайдың мән-жайын бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 161 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 4 жағдай анықталды. Оның үшеуі – Қызылорда қаласынан, біреуі – Шиелі ауданының Бала би ауылынан. Қызылорда қаласынан тіркелген 2 тұрғын алдында анықталған науқастармен жақын қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауға алынғандардың арасынан анықталды. Біреуі – науқастылығына байланысты правизорлық ауруханаға жатқызылған науқастан тіркелді. Ал, Шиелі ауданындағы науқас та карантиндік бақылауға алынғандар тұрғындардың арасынан анықталды», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 161 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2423. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1278, потенциалды байланыста болғандар – 1145 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 115, правизорлық стационарда – 59, карантиндік стационарда – 448 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 1143 тест сынамасы алыныпты.

«Соңғы тәулікте 1143 тест сынамасы жасалды. Оның 512 – теріс мәнді болып шықты. Ал, 629 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінгі таңда облысымызда 6731 тест қоры қалды», – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірде коронавирустық инфекциямен тіркеліп отырған науқастардың өсімі тәулігіне республика бойынша төмендегенін жеткізді.

«Облыста жалпы науқастардың өсімі соңғы тәулікте 2,5%-ды құрап отыр. Республика бойынша көрсеткішке келсек, өңірде індет 7,2%-ды тұрақтаған. Бұл аймақта қауіпті індеттің тұрақталғанын көрсетеді. Медицина мамандары мен тұрғындардың бірлесе отырып, карантин талаптарын сақтаудың арқасында осы көрсеткішке жетіп отырмыз», – деді Ж. Әбілқасымұлы.

Жақсылық Әбілқасымұлы өңірде осы уақытқа дейін барлығы 2484 медицина қызметкерінен коронавирустық инфекцияға сынама тест алынғанын мәлімдеді. Оның 19-нан ғана қауіпті індет анықталған. Осы 19 қызметкердің арасында – дәрігерден бастап, техникалық қызметкер мен көлік жүргізушісіне дейін бар көрінеді.

«Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды. Осы айда баршаңызға төзім, шыдамдылық, мейірім тілегім келеді. Біздің тілегіміз – елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы. Біз бірге болғанда ғана қауіпті індетті жеңеміз», – деді спикер.