Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 222 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 5 жағдай туралы бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 222 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 5 жағдай анықталды. Науқастардың барлығы – Қызылорда қаласынан. Оның төртеуі – бұрын анықталған науқастармен тікелей қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауға алынғандардың арасынан тіркелді. Ал, біреуі – облысымызда жүргізіліп жатқан медицина қызметкерлерін скринингтік тексеруден өткізу барысында белгілі болды», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 222 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3242. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1746, потенциалды байланыста болғандар – 1496 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 82, правизорлық стационарда – 27, карантиндік стационарда – 348 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 553 тест сынамасы жасалыпты.

«Соңғы тәулікте 553 тест сынамасы жасалды. Оның 543 – теріс мәнді болып шықты. Бесеуі оң нәтиже берді. Ал, 5 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 5000 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.

Айта кетейік, бүған дейін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 222 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: