Kyzylorda-news.kz. Сырбойылық зиялы қауым өкілдері облыс тұрғындарын сабырға шақырып, хат жазды. Облыс тұрғындарына арналған үндеудің толық нұсқасын төменде ұсынып отырмыз.
Мынау індеттің таралуы бір елдің, бір жұрттың басындағы ауырлық емес, күллі адам баласын алаңдатқан ахуал. Халқымыз сындарлы шақта келген қауіпті ауызбірлікпен, тәртіпке бағынған анық іспен аластаған. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналықтың түп мәніне бойлай білгуге тиіспіз. «Төбе» деп отырғаны – Жаратаушының жарылқауы. Бүгінгі күні бізге жақсы сөз айтып, ниетімізді жақсылыққа бұрудың маңызы зор. «Ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды» деген, әр жерден шыққан әсіре ақпаратқа сенбейік, бойымызды үрейге алдырмайық, болып жатқан жағдайға сауатты көзқараспен, салауатты санамен байып жасайық.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың аймақта короновирус індетінен қалыптасқан жағдайға байланысты тұрғындарға үндеу жариялағанын бәріңіз білесіздер. Үндеуде: «Короновирус індеті таралуының алдын-алу талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы мүмкін. Барлық тұрғындар дерттен оқшауланғаны дұрыс. Елді жөнсіз дүрліктірмес үшін ресми ақпараттарға сүйенуіміз қажет. Төтенше жағдай талаптарын бұзғандарға заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын ескертемін», – деп атап өтті аймақ басшысы. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді Бауыржан атамыз. Бізге – қала, аймақ тұрғындарына дәл осы сәтте заңға бағынып, тәртіпке мойынсұнып, үйде отыру ең абзал іс болмақ. Бұл өз басымыңыздың қауіпсіздігі ғана емес, қоғамға деген құрмет екенін түсінетін боларсыз.
Ақпарат көздерінен хабардар болып отырғанымыздай, облыс, қала басшылығы ат үстінде жүр. Облыс орталығы мен аудандар тосқауыл бекеттер арқылы жабылып, әскерилер, медица қызметкерлері, әкімшілік, кәсіпкерлік өкілдері күн-түні күзет басында қалып отыр.
Коронавирус – құрбанын алғанда ғана көрінетін, асынған қаруын жасырып келген жау. Біздің аталарымыз талай соғысты бастан өткеріп, жан берді. Қазір халықты қауіпсіз баспасына отырғызып, қауырт іс істінде жүрген қызмет адамдары – бүгінгі күннің батырлары. Үйде отырғандар мен онлайн жұмыс тәсіліндегілерге қарағанда оларға «жаудың» оғына ұшырау қаупі сәт сайын төніп тұр. Қарапайым жұрт ат үстіндегі ел ағалары мен жанкешті қызметкерлердің, антына адал дәрігерлердің осы еңбегін бағалауы керек. Бұл баға олардың тәртіпке бағынып, ережені бұзбауы болмақ.
Өкінішке қарай, ауданаралық жолдардағы бекеттерді айналып өтушілер мен кісі басын жинап, тіршілік түйткілі толас таппай отырғандар да кездеседі. Бүкіл қоғам болып қолы ұзын індеттің аяғын қысқарта алмай жатқанда, жер астынан жік шыққандай бұлардыкі қандай ақылға сыятын іс? Осы жайлы естігенде біз оларды есіктегі жауды төрге шығарғандар немесе ел мүддесін ескермеген есерлер деп есептеуге мәжбүрміз.
Құрметті Сыр елінің игі-жақсылары, бүгінгі сәт ел болашағына жаны ашитын әр азаматтың сабырды сауыт, ақылды қорған қылатын кезеңі.
Қатаң да болса ережеге сай іс қылайық, бұл да өтпелі кезең, «күн жаманы кетеді» деген қазақ. Жайдары, жақсы күндерге бірге жету үшін, қай кезде де бірге болғанымыз абзал, ағайын.
Құрметпен, бір топ қызылордалық зиялы қауым өкілдері.