Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жаңа оқу жылының алғашқы тоғыз күнінде 102 оқушы коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірде барлығы 316 жалпы білім беретін мекеме бар. Оның барлығы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бақылауына алынған.
Өткен 2020-2021 оқу жылында оқушылар арасында қатерлі індет жұқтырудың 482 жағдайы тіркелген болатын.
Оның 58% үйден оқытылатын науқас оқушылар арасында көрініс берсе, 42% офлайн режимде оқыған балалар арасында анықталды.
«Биылғы жаңа оқу жылының тоғыз күнінде 102 оқушы індетке шалдыққан. Оның ішінде 92-і мектеппен байланысты емес, жазғы демалыс уақытында үй ошағындағы қарым-қатынас арқылы жұқтырып, үй карантиніне оқшауланған оқушылар. Ал қалған 10-ы білім алуды оффлайн форматта бастаған балалар арасында тіркелді. Осыған байланысты қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері анықталып, 13 сынып оқушылары 14 күнге үй карантиніне жіберілді», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева.
Былтырғы оқу жылында өңірде 76 мектепте коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген болатын.
Салдарынан мектептердің зақымдану көрсеткіші 25,4% ды құраған еді.
Ал биылғы жаңа оқу жылының 9 күнінде 10 мектептен коронавирус көрініс беріп, зақымдану көрсеткіші 3,2% құрады.