Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің “Шектеу және карантиндік шараларды күшейту туралы” 2020 жылғы 16 маусымдағы №15 қаулысы
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 7-1-бабының 1-тармағының 13) тармақшасына, 150-бабының 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы «Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №239 бұйрығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Облыс көлемінде коронавирус инфекциясынан соңғы 7 күн ішінде сырқаттанушылықтың өсу деңгейі 7 %-дан асып, эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып бағалануда. Осыған орай, коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында шектеу және карантиндік шаралар эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша күшейтілсін.
Меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс жасап тұрған және кезең-кезеңімен іске қосылған салалар мен нысандарда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді және Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулыларымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық ережелер алгоритмдерін басшылыққа алып жұмыс жасалсын.
- Қызылорда облысының әкімдігіне:
1) көпшілік іс-шараларын (мерекелік, спорттық-көпшілік, ойын-сауық мәдени-көпшілік іс-шараларды, конференциялар, семинарлар, көрмелер және т. б.) өткізуге тыйым салуды;
2) ұжымдық, жанұялық (туылған күн, үйлену тойы, құдалық, басқа да дәстүр мен әдет-ғұрып шаралары т.б.) барлық жиындарға тыйым салуды жалғастыруды;
3) медициналық ұйымдарда, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер үйлерінде, балалар үйлерінде, бейімдеу және әлеуметтік оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған, интернат типіндегі оқу орындарында карантинді және санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтауды қамтамасыз етуді (пациенттердің палаталар немесе бөлмелер арасында және қызметкерлердің бөлімшелер арасында жүруіне, келушілер мен сырттан тамақ қабылдануына тыйым салуды);
4) мемлекеттік органдар (ұйымдар), ұлттық компаниялар, басқа да кеңселер қызметі мамандарының кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу нысанында қалдырылуын (штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болғанда) қамтамасыз етуді.
Сонымен қатар, қашықтықтан жұмыс жасайтын қызметкерлердің шектеу және карантиндік шараларды қатаң сақтауын тапсыруды;
5) білім беру орталықтарының, үйірмелердің, қосымша білім беру орталықтарының (репетиторлық, тілдік) жұмыс тәртібін сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін шектеуді;
6) жекелеген тұрғындардың құран бағыштауын қоспағанда, мешіттерде жұма намазын өткізуді, діни үйлерде дәстүрлік шаралар (ас беру және т.б.) өткізуге тыйым салуды;
7) бала-бақшалардың кезекші топтарын қоспағанда (1 балаға 4 шаршы метрді құрайтын), меншік нысанына қарамастан барлық бала-бақшалардың жұмысын тоқтата тұруды;
8) Қызылорда облыстық полиция департаментіне Ұлттық Ұлан сарбаздарын тарта отырып (келісім бойынша), карантиндік аймақтарды патрульдеуді жалғастыруын тапсыруды.
- Қала, аудан әкімдіктері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына:
1) меншік нысанына қарамастан барлық балаларға арналған жазғы тынығу, сауықтыру және мектеп жанындағы күндізгі лагерьлердің, үй-жайлардағы балалар ойын алаңдарының, кинотеатрлар, түнгі клубтар, футкордтар және тәуліктік пәтерлер мен үйлерді жалға беру-алу қызметтеріне тыйым салуды;
2) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен санаторлы-курорттық нысандардын жұмысын жалғастыруды;
3) оқушылардың және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясына тыйым салуды;
4) кальянды пайдалануға тыйым салуды;
5) компьютерлік және интернет, бильярд клубтар, букмекерлік және лото- кеңселердің жұмысын (келушілер мен қызметкерлерін қосқанда), бір адамға кемінде 4 шаршы метр құрайтын көлемін сақтай отырып, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектеуді;
6) жәрмеңкелердің, азық-түлік емес тауарлар, киім-кешек базарлары мен сауда орындарының жұмысын сағат 08.00-ден 17.00-ге дейін шектеуді;
7) онлайн форматта қызмет көрсету мүмкін болмаған жағдайда, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін шектеуді;
8) барлық меншік нысанындағы спорт объектілерінің (фитнес клубтар, тренажер залдары, спорт кешендері) жұмыс тәртібін сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектеуді;
9) демалыс парктерінде барлық аттракциондар, ойын орындары, кассалар мен кәсіпкерлік нысандар кезектерінде шоғырландыруды болдырмай, әлеуметтік қашықтықты кеміне 1,5 метр сақтай отырып жұмыстарын сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін шектеуді;
10) облыс, аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктің жұмысына сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін шектеуді, бұл ретте жолаушылар саны көліктегі орындық санынан аспауы тиіс;
11) такси қызметтері санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық ережелер алгоритмдерін сақтай отырып 2 ересек адамға дейін немесе бір ересек адам екі кәмелетке толмаған баланы алып жүруі талаптарын сақтай отырып жұмысын сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін шектеуді;
12) штаттық режимде жұмыс жасайтын дәріханаларды қоспағанда,
азық-түлік гипермаркеттері, оптомаркеттер, супермаркеттер, минимаркеттер, дүкендер, бірінші кезекте қажетті тауарлар (шаруашылық және гигиеналық тауарлар) саудасы жұмысын сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін шектеуді;
13) көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықтың сақталуын және келушілер саны бір мезетте 30 адамнан асырмау талабымен, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын 11.00-ден 22.00-ге дейін шектеуді;
14) көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жазғы алаңы бар ашық ауада жұмыс істейтін қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын жалғастыруды.
- Қала, аудан әкімдіктері, Қызылорда облыстық полиция департаментіне коронавирус инфекциясының эпидемиялық тәуекелі бар адамдардың үй карантині режимін сақтауын бақылауды және провизорлық, карантиндік және инфекциялық стационарларда адамдарды күзетуді жалғастыруды.
- Қала, аудан әкімдіктері:
1) мобильдік топтар шектеу және карантиндік шаралар кезінде қызметті жүзеге асыратын нысандарды Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулыларымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық режимдер алгоритмдері талаптарымен таныстыруды;
2) нысандардың Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулыларымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық режимдер алгоритмдері талаптарына сәйкестігін мониторингілеу жүргізуді. Мобильдік топпен бұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шаралар қабылдауды күшейтуді.
- Қала, аудан әкімдіктері, аумақтық мемлекеттік органдар, құқық қорғау мен арнайы органдар және меншік нысанына қарамастан барлық нысандар жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, қоғамдық көліктің әрбір рейс алдында, әуежай, теміржол және автовокзалдарды, супермаркеттер, базарлар, қоғамдық көлік аялдамаларын (күніне кемінде екі рет), спорт снарядтарын, балалар және спорт алаңдарын, көше орындықтарын, банкоматтарды, банк терминалдары мен POS-терминалдарды залалсыздандыруды қамтамасыз етуді.
- Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және қала, аудан әкімдіктеріне коронавирус инфекциясының профилактикасы бойынша Қызылорда облысындағы шектеу және карантиндік шаралар туралы интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде жадынамалар тарату, хабарландырулар, инфографика, видеороликтер, жүгіртпе жолдары және т.б. арқылы жаппай түсіндірме жұмыстарының жүргізілуін қамтамасыз етуді.
- Екінші деңгейдегі банктерге, «Қазпошта» АҚ филиалына, айырбастау пунктеріне, пошталық, коммуналдық, телекоммуникациялық қызмет көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдарға:
1) банктердің ғимараттары мен мекемелерінде, бөлімшелерінде, төлем қабылдайтын орындарда, кассаларда, жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлер мен клиенттердің (пирометрлермен, қашықтық термометрмен) температурасын өлшеуді міндетті түрде сақтауды, кезектерде (2 метрден кем емес) ара қашықтықты сақтауды, бетперделік режимді, санитариялық-дезинфекциялық талаптар мен ережелерді қатаң сақтай отырып, халықты тиісінше қабылдауды ұйымдастыруды жалғастыруды;
2) үй-жайлардың ішінде және іргелес аумақта, оның ішінде банкоматтар, кассалар жанында ұйымдастырылмаған кезектердің болуына жол бермеуді жалғастыруды.
- Әуежай, теміржол және автовокзалдардың басшылары:
1) әуе кемелері мен құрамдарды келгеннен кейін, оның ішінде қызмет көрсететін жердегі жабдықтар мен көлікке қорытынды дезинфекция жүргізуді;
2) әрбір рейстен кейін әуе кемелерін, құрамдарды және көлікті ағымдағы профилактикалық дезинфекция жүргізуді;
3) жолаушыларды түсіруге және отырғызуға тартылған әуежай терминалдарының, теміржол және автовокзалдардың барлық үй-жайларын ағымдағы профилактикалық дезинфекция жүргізуді.
- Қызылорда облысының тұрғындары мен қонақтары эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша қоғамдық және адамдар көп жиналатын орындарда бетперде киюге міндетті.
- Қала, аудандардың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері аумақта қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы.
- Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 31 мамырдағы «Карантинді алып тастаудың кейбір мәселелері және эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанша шектеу шараларын ұзарту туралы» №14 қаулысының күші жойылсын.
- Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
- Осы қаулы қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
Қызылорда облысының
Бас мемлекеттік
санитариялық дәрігері А. Абдикаимова