Kyzylorda-news.kz. Коронавирус қайтадан күш ала бастады. Жаңа «омикрон» штаммы қауіп төндіруде. Алғаш рет Оңтүстік Африкада анықталған бұл штамм бүгінгі күні Еуропаға да жетті. Әлем елдері шектеу шараларын күшейте бастады. Біздің елде де коронавирустың осы түрі анықталған елдерге қатысты бірқатар шектеулер енгізілуде.
«Омикрон» бұрынғы штаммдарға қарағанда қауіпті бола ма деген алаңдаушылық бар. Себебі бұған дейін төртінші толқынды тудырған «дельтаның» 13 мутациясы болса, ғалымдардың алдын ала болжамы бойынша «омикронның» 50 мутациясы анықталған. Сондай-ақ Ухань штамы пайда болған кезеңде елімізде 1 күнде 2000 дерек тіркелген болса, жұқпалылығы 4 есеге артқан «дельта» штамының әсерінен тәулігіне 8000 расталған жағдай анықталды. Өлім-жітім көрсеткіші 1,4 есеге артты. Ал мутациясы 4 есеге көп «омикрон» штамы бірнеше есе қауіпті болуы әбден мүмкін. Бүгінгі күні әлем ғалымдары жаңа штамды егжей-тегжейлі зерттеуге кірісті», – дейді Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері – Динара Жанабергенова.
Қазір дүниежүзінде коронавирус пандемиясын жеңу үшін вакцинациядан басқа ешқандай құрал жоқ. Соңғы деректер бойынша вакцинаның бірінші компонентімен облыс бойынша екпе алғандар саны – 403 574, бұл тиісті контингенттің 89,2% құрайды, ал толық вакцинациядан өткендер саны – 345 089, бұл тиісті контингенттің 76,3%. Облыста тұрақты ұжымдық иммунитет толық қалыптасты деп айта алмаймыз, вакцинацияланғандардың арасында екпе төлқұжаттарын сатып алғандардың болатындығын да ескеруіміз керек, сондықтан әлі де қорғаныс деңгейін арттыру қажет.
«Аймағымызда коронавирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіштері азайғанымен, әлемдегі жағдай сақтық шараларын әлсіретпеуді қажет етеді. Өткен тәулікте 6 дерек анықталды. Оның 5-еуі вакцина алмаған адамдар арасында анықталып отыр.
Коронавирус инфекциясына қарсы тек ересек адамдарды егу пандемияны түбегейлі жеңіп шығуға жеткіліксіз, себебі жасөспірімдер де бұл инфекцияны жұқтырып, вирус тасымалдаушы болып табылады. Ағымдағы жылы коронавирус инфекциясы мектеп оқушылары, студенттер арасында жиі тіркелді. Вакцинация басталған 2 апта ішінде «Pfizer» вакцинасымен 12-17 жас аралығындағы 3 713 жасөспірім екпе алды. 22 қарашадан бастап студенттер арасында КВИ жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Сондай-ақ «Pfizer» вакцинасымен иммунизацияланған жүкті әйелдер саны – 686 және лактация кезеңіндегі әйелдер саны – 648», – дейді Динара Жанабергенова.
Бассанитардың айтуынша әлемнің бірнеше елінде анықталып үлгерген бұл «омикрон» біздің елге де тасымалдануы ықтимал жағдай, себебі халықаралық миграция бар. Жаңа штамға тек вакцинациялау арқылы ғана төтеп беруге болады. Сондықтан коррнавирустың жаңа штамдарына қарсы тұру үшін ревакцинациядан өтудің де маңыздылығы жоғары. Себебі қорғаныш деңгейі әлсіреген ағза вирус жұқтыруға бейім келеді. Облысымызда ревакцинациялау 22 қарашада басталды, содан бері барлығы 202 адам қосымша екпе салдырды.