Kyzylorda-news.kz. Пандемия басталғаннан бері Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 25 779 жағдайы анықталды. Оның ішінде 16 874 дерек ауру симптомдарымен болса, 8905 дерегі клиникалық белгілерінсіз тіркелді. Бұл туралы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.
Оның айтуынша жыл басынан бері індетке шалдығудың 6345 дерегі есепке алынған. 1203 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Қыркүйек айында барлығы 24 адам коронавирус індетіне шалдыққан.
«Қызылорда облысы ағымдағы жылдың ақпан айынан бері «жасыл» аймақта. Содан бері облыс көлемінде КВИ бойынша тұрақты эпидахуал қалыптасты. Дегенмен халық арасында вирусқа қарсы екпе алу белсенділігінің төмендегені байқалады. Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеулер соңғы уақытта вирус жұқырғандардың 80%-ке жуығы індетке қарсы вакцина алмаған немесе соңғы вакцинадан кейін 6 ай өтіп кеткен адамдардың үлесінде екенін көрсетіп отыр.
Сондықтан вирусқа қарсы вакциналау шараларын белсендендіру уақыт талабы. Бүгінгі күні облыс емханаларында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация, ревакцинация үздіксіз жүргізілуде. Екпе алуға тиісті контингенттің 94% вакцинацияның толық курсын алған болса, 257 078 адам ревакцинациядан, ал 51078 тұрғын қайталама ревакцинациядан өтті», — деді Динара Жанабергенова.
Коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі аяқталған жоқ, сондықтан вакцинация мен ревакцинацияның пайдасына дұрыс таңдау жасау керек, бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық профилактикалық шараларды да ұмытпауға шақырамын. Себебі қарапайым ғана сақтық шаралары тек COVID-19-дан емес, барлық инфекциялық аурулардан, ауа тамшылары арқылы таралатын вирустардан қорғануға көмектеседі. Бүгінгідей күн суытып, түрлі вирустық аурулардың таралу уақыты басталған кезде бұл аса маңызды.