Қазалы ауданының халқы түрлі кәсіппен айналысып, тұтынушылардың алғысына бөленуде. Солардың қатарында жеке кәсіпкер Биболат Оразымбет Әйтеке би кентінде қаңылтырдан кез келген бұйым түрлеріне тапсырыс бойынша дайындайды.
Қазіргі таңда аудан табиғи көгілдір отынды пайдалануға көшкендіктен жаппай жылу жүйесіне қажетті түтін мұржаларын қолдануда. Мұндай заман талабына сай өнім арнайы қаңылтырдан әзірленеді. Жас кәсіпкер тапсырыстарды қабылдап, өз өлшемдеріне сәйкес сұраныс иелерінің өтініштерін қанағаттандыруда.
– Бүгінде Қызылорда облысы бойынша ұсыныстар түсуде. Жақында Астанадан да сұраныстар болды. Дегенмен ол жаққа жеткізу мәселесі қиынға соқты. Сондықтан сонша алыс жерден тапсырыс қабылдамаймын. Бірақ Қызылордаға және Төретамға бірнеше мәрте жасалған сұраныстар жіберілді. Осы күні тек ғана Қазалы аумағынан тапсырыстар қабылдаудамын. Ауылдық округтерге де газ жүргізілгендіктен мұржаларға сұраныс артуда. Сол себепті сырт аймақтың тапсырысын тоқтата тұрдым, – дейді Биболат Бейбітұлы.
Оның айтуынша, ауласынан ашылған арнайы цех 20 жылдан бері халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.
– Алғаш қаңылтырдан бұйымдар әзірлеуді көршімізден әкем үйренді. Кейін ол ісін толықтай әкеме табыстаған соң жанында көмектесіп жүрдім. Ол кезде шелек, қалақ, кернай, қол жуғыштың багы сынды дүниелерді жасап, базарға өткізетінбіз. Одан соң үй маңынан шағын цех аштық. Бала болсам да сол кезде қызығушылығым күн артып ұлғая бастады. Әскерден отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен соң кәсіпті жалғастырып кеттім. Ешқандай мемлекеттен несие мен грант алмадым. Маңдай терімізбен тапқан қаражатты айналдырып кеттік.
Қазір талапқа сай ғимараттағы ауаны желдеткіш (вентиляция), мейрамханаларға арналған  май, бу сорғыш (вытяжка), титан және басқа да бұйымдар әзірлейміз. Дегенмен мұржа мен тез тағам дайындау орындарына және кафелерге ас иісін сорғышқа сұраныс мол болғандықтан бұрынғы жасаған дүниелерді қолға алмаймыз. Олар онсызда базарда толып тұр, – дейді іскер жігіт.
Бұл күні Биболат 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұрақты тұтынушылар аясы кеңеюде. Еш жарнамасыз елге сапалы ісімен танылған шебердің қызметіне біз де тәнті болдық. Халықтың алғысына бөленген еңбекқор жанның алға қойған мақсаты да зор. Ол тот баспайтын заттан (нержавейка) асханалар мен мейрамханаларға ыдыстарды төңкеретін кептіргіш үстел мен ыдыс жуатын орын дайындауды көздеп тұр. Осылайша күшіне емес, ісіне сенген қаңылтыр бұйымдарын шығарып жатқан Биболат Оразымбеттің кәсібіне береке тіледік.
 

Тағы да оқыңыз: