Kyzylorda-news.kz. Елімізде «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектеп оқушылары мен студенттердің экомәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны аялау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы бағытта Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицей негізі 2004 жылы қаланып, ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған. 

«Жасыл мектеп» жобасының басты мақсаты – өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, бау-бақша егумен жақын таныстырып, биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы жасөспірімдердің білімін кеңейту және қызығушылығын арттыру, еңбекке баулып, оқу орындарын көгалдандыруға үйрету.

Мектеп басшылығы осы арқылы биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы балалардың білімін кеңейтуді, экологиялық қағидаттарды ұстануды және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыруды көздейді. 

Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуде оқушылардың әлеуметтік белсенділігі артады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оны баптауға машықтанады. Бұл -балалар үшін өте пайдалы іс.

Екі қабатты, 624 орынға лайықталып салынған оқу ордасында бүгінгі таңда 2500-ден астам оқушы білім алуда. Заман талабына сай, оқушының білім деңгейі мен мұғалімдердің де кәсіби біліктілігі артып, қазірде республикаға танымал озық оқу ордаларының біріне айналып отыр. Мектептегі 270 педагогтің 100-і зерттеуші мұғалім, сарапшысы – 65, педагог-модератор мұғалім – 55. Қазіргі таңда 2280 оқушы 94 сынып комплектісінде білім алып жатыр. 

Мектеп-лицейде университет профессорларымен бірлескен «Кіші ғылыми академия» құрылған, 1 ғылым докторы, 1 ғылым кандидаты, 25 магистр мектепішілік оқушылардың ғылыми қоғамымен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Заманына сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастырып тәрбиелеуде мұғалімдер қауымы жүктелген зор жауапкершілікпен жұмыс жасап, оқушыларды жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстырып, зияткерлік байқауларында, ғылыми жобалар жасауда ерекше белсенділік танытып келеді. 

Жалпы беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалардың облыстық кезеңінде 25 оқушы жеңімпаз атанса, республикалық кезеңде 10 сынып оқушысы Тобаш Ердәулет күміс медаль иеленді. 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде 35 оқушы, облыстық кезеңде 5 оқушы, республикалық кезеңде 2 оқушы жеңімпаз атанды. Қалалық байқаулардан 40 оқушы, облыстық байқаудан 22 оқушы жүлделі орын иеленді. 

Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде 30 оқушы, облыстық кезеңінде 2 оқушы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ ұстаздарымыз да мектеп абыройын арттырып, асқақтату жолында түрлі кәсіби байқауларға қатысып, толағай жетістіктерге жетуде. Соның нәтижесінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дина Медетбекқызы «Үздік педагог» конкурсының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, 918 900 тг сыйақымен марапатталды. Әрбір оқу жылы педагогикалық ұжым үшін табысты болып отыр. Мектебіміздің ұлағатты ұстаздары Ләззат Сапиуллақызы, математика пәнінің мұғалімі Гүлнұр Жұманқызы мен мектеп кітапханашысы Гүлназ Оразбекқызы білім және ғылым министрінің Алғыс хаты мен қала әкімінің 150 000 сыйақысын иеленген. 

Мектеп – әрбір оқушының тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын білім ұясы. Осы орайда, өз шығармашылығын дамытуына, рухани қажеттіліктерін өтеуге, ойлау қабілеттерінің жетілуіне, жалпы жан-жақты болуларына жол ашатын COWORKING орталығы, домбыраға жаны құмар оқушылар үшін «Домбыра» сыныбында «Үкілі домбыра» үйірмесі, «START UP» жобасы жүзеге асырылуда.
Адамзаттың ортақ үйі саналатын табиғатқа қамқорлық жасау - адамгершілік құндылықтың жоғарғы белгісі. Қазіргі уақыттағы әлемдегі экологиялық жағдай адам көзқарасының өзгеруін талап етеді. Өсіп келе жатқан ұрпақта жаңа экологиялық сезім қалыптасуы керек. Келешекте балалар кім болса да, олар қоршаған ортада рөлдерін бөліп, табиғат заңдылықтары бойынша өз түсініктері болуы керек. Экологиялық тәрбие мен білім беру – қазіргі таңдағы айқын бағыттардың бірі. Экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым оның болашағы зор болмақ. Баланың жас кезінен экологиялық мәдениеттілік санасын тәрбиелеу – осы мәселелердің шешілу жолдарының бірі болып табылады. Біз баланы табиғатты пайдаланып қана қоймай, оған қамқор болуға, оны күтіп аялауға үйретуіміз керек. Осы бағытта мектеп-лицейіміз мемлекет басшысының «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын қолдау және экологиялық білім беруді дамыту мақсатында Қызылорда облысының білім басқарамасының тапсырмасымен «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын ендіру бойынша тірек білім беру ұйымы ретінде бекітілген.

«Жасыл мектеп» жобасы – экологиялық білім берумен қатар, оқушылардың қатысуымен еңбек алаңдарын ашуды, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін дамытуды, ерте кәсіптік бағдар беруді де қамтиды. Бұл мектеп ұжымы үшін өте табысты жоба болды.
№101 мектеп-лицейінің базасында үш жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарымен бірлескен жұмыстар атқарылып келеді: университет ғалымдарының ғылыми-әдістемелік кеңесшілігімен 5-11 сыныптар аралығында тереңдетіп оқыту үшін арнайы таңдау курстары ендірілді, авторлық бағдарламалар әзірленіп, университеттің бейінді кафедраларында сараптамадан өткізілуі қолға алынды, оқушылардың ғылыми жобаларына ғалымдар нысаналы түрде жетекшілік жасауда, экологиялық білім беруді дамыту мақсатында әдістемелік-көмекші құралдар әзірленуде, университет докторанттарының ғылыми зерттеулерінің тәжірибелік бөлігі осы тірек мектебінде өткізіле бастады.

Жоба 7 бағытта жұмыс жасап келеді. «Биоалуантүрлілік» бағыты бойынша мектеп жылы жаймен қамтылған. Жылыжайда көкөністер минералда мақта мен ағаш үгісінде, топырақта өсіріледі. Көкөністер тамшылап суару тәсілі арқылы суарылады.
«Жасыл сақшы» эковолонтерлер тобы гидропоника әдісі арқылы аквапоника құрылғысында жасылдар өсіруде. 
Мектебімізде арнайы бидай сабан субстратында «Вешенка» саңырауқұлағын өсірілді. «Вешенка» саңырауқұлақтары интенсивті әдіспен өсіріліп, 7 рет өнім алынды.

«Энергияны үнемдеу» бағыты бойынша жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын ҒТ-400 маркалы механикалық қондырғы орнатылды, электрлік қуаты 400 ваттық, қалақшаларының айналдыру жылдамдығы 12-17м/c, диаметрі 48мм, 1200-1300 мм құрайды. Қазіргі таңда іске қосылды, жұмыс жасап тұр.

Оқушылар мен мұғалімдер мектепте қалдықтарды бөлек жинауға дағдыланған. «Қалдықтарға сараптама жасау» бағытыаясында қалдықтардың пайда болу көлемін азайтуға жұмыс жасаудамыз. Мектептің әр бұрышында қалдықтарды бөліп тастауға арналған эко-жәшіктер орналастырылған. Мектеп ауласында пластикалық бөтелкелердің қақпағын жинайтын эко контейнер орнатылды. Ең көп жиналатын қалдық қағаз, картондарды өңдеу арқылы жеңіл және тиімді биоотын жасалды.

«Дұрыс тамақтану» бағыты аясында оқушылар мен ұстаздар қауымы пайдалы тамақтармен тамақтану жолдарын үйренеді. Эко сақшылар микрожасылдардан қосылған жидекті смузи жасады. Смузи метаболизмді жылдамдатуға және күні бойы қуат беруге көмектеседі. 
«Жасыл мектептің» жаңа өнімі асқабақтан жасалған эко сабындар мен косметикалық маскалар. Эко-сабын деп аталуы құрамында артық химиялық қоспалары жоқ, 98 % сабын негізінен және 2% табиғи хошиістер мен эфир майлары қосылған. Эко сабынды 5 сынып оқушысы Тұрмахан Айша жасады. Айша 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсының 2 орын иегері.

4 сынып оқушысы Айару Бақытжан 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсының 1 орын иегері дүниежүзілік экологиялық виртуальды күнтізбе жасап шығарды. Экологиялық күнтізбеде QR code-қа өту арқылы вертуальді бейнебаянға өте аласыз. Экологиялық күнтізбеде дүниежүзілік биолуантүрлілік қамтылған.  

Жасыл мектептің өнімдері

Жасыл мектептің жаңа өнімі – ботаникалық эко шамдар мен хош иісті сашелер. Мектебімізде ұстаздар мен оқушылардан құралған арнайы топ құрамында хош иісті майлары бар табиғи кокос балауызынан жасалатын эко шамдар мен сашелер жасады. Кокос балауызы – кокос майынан жасалған табиғи өнім. 

Мектебіміздің эко сақшылары «Старатель» жауын құртының көмегімен Биогумус өндірді. 1 айда 500дана жауынқұртынан 5кг биогумус алынды. Биогумус – жауын құрттары көмегімен өңделінген органикалық тыңайтқыш. Биогумус жерді минералдар мен дәрумендермен байытатын, өсімдіктердің өсуін тездететін және олардың дәмін жарқын ететін тыңайтқыш. 

Көңнен айырмашылығы, биогумуста қоректік заттардың мөлшері жоғары, сонымен қатар оның құрамында әртүрлі аурулардың қоздырғыштары, дернәсілдері, паразиттердің жұмыртқалары және арамшөп қоспалары жоқ. Оның көмегімен өсімдік артық қажетті дәрумендерді ең жұмсақ түрде алады. Қазіргі таңда алынған биогумусты мектебімізде жылыжайға арналған көкөністерді егу мақсатында пайдаланудамыз. 

Эко сақшылар «Мектеп борын» да жасап шығарды. Құрамы: кокколито-форидтер деп аталатын планктонды теңіз балдырларына тән кальцитті қаңқалар есебінен қалыптасқан ақ түсті шөгінді тау жынысы,  ұнтақталған жұмыртқаның сыртқы қабығы, кальций глюканаты, кальций және магний карбонаты, табиғи бояулардан тұрады. 

«Жасыл мектептің» жаңа өнімі мияның көп бөлігі Қызылорда облысының аумағында өседі. Қызыл мия тамырынан сироп әзірленді. Сироп бауыр ауруын жақсартады, жүрек қан тамырлары қызметін жақсартады, қан құрамындағы холестеринді азайтады. Салқын тигенде, жөтелгенде, тыныс алу, асқазан ауырғанда қолданылатын тұңба жасалды. Мия тамырынан тұнбаны концентрлі түрде жасадым. Балаларға арнап мия тамырының қайнатпасына табиғи бал қосып мармелад жасалды. 

Жасыл мектепте эковолонтерлер «ароматизатор» әдісі арқылы табиғи өнім Адыраспанды ықшамдап шықты. Маңыздылығы: Адыраспанның тиімді әрі ықшамдалған экологиялық таза өнімі арқылы адамзатты химиялық қоспаларсыз сауықтыру, иммунитетін жақсарту. Жасалу барысы және ерекшелігі: табиғи кокс балауызы арқылы ұнтақталған адыраспанды белгілі бір пішінде ықшамдайды; құрамына табиғи өнімдер хош иіс беретін лавр жапырағы, түймедақ ұнтақтары қосылған; адыраспанды дизенфекция құралы ретінде инфекцияны, түрлі микробты өлтіру үшін жағып түтіндетеді; адыраспанның түтіні бактерия мен микробты жоя алады; адыраспан қосылған тұндырманы немесе ертіндімен қышыма ауруын емдеуге болады; лавр жапырағының хош иісті, жасыл жапырақтары өз үйлесімін келтіреді; түймедақ құрамындағы флавоноидтар бактерияларды жойып, аурудың асқынуына қарсы тұруына ықпал етеді.
Хош иісті табиғи адыраспан сашэсі. Адыраспан шөбінің құрамында гермин, гермамин, пеганин деген алколоидтар бар. Дайын болған адыраспанның түтіні арқылы үйді ыстауға болады. Адыраспан түтіні вирустарды жоюда маңызы зор, иммунитетті жақсартады. Сондай-ақ, суық тию, буынын сырқыраудан, аяқ-қолын қақсаудан емдеу үшін қолданады. 

«Салауатты өмір салтын сақтау» бағыты аясында оқушылар мен ұстаздар арасында спорттық ойындар, спорттық сайыстар өткізілуде. 
UPSHIFT – бұл жастардың әлеуметтік инновациялары мен кәсіпкерлігінің жаһандық бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты – жасөспірімдер мен жастардың әлеуметтік инновациялар мен кәсіпкерлік, болашақ мүмкіндіктерін нығайту және жұмыс орындарын құру үшін қажетті дағдыларын дамыту. Осы орайда, аталған бағдарламаға мектебімізден «Жасыл мектеп» жобасы аясында 3 жоба жеңіске жетті. ОЛАР: «Best team» – Экологиялық биосабын, «Stars» – Табиғи антисептик, «Эковолонтерлар» – Экологиялық таза өнім жобасы.

Атқарылған шаралар

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ИРН АР 14869631 «Жасыл мектеп – жасыл колледж – жасыл университет моделі білім беруді экологиязациялауды дамыту жүйесі ретінде» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында мектебіміз ғылыми зерттеулер базасы болып табылады.

Тірек мектеп ретінде «Жасыл мектеп» жобасы аясындағы тәжірибемізбен бөлісіп, өзге білім ошақтарында да жобаның ауқымын кеңейтуге үлес қосып келеміз. Бұл жобаның аясында әрбір тәрбиеленушінің бойына экологиялық сананы қалыптастыру. Өңіріміздегі «Сыр бөбегі» балабақшасымен «Жасыл балабақша», «Жасыл мектеп», «Жасыл Университет» арасында тығыз сабақтастық орын алды.

№101 мектеп-лицейінің базасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарымен бірлескен шаралар атқарылып келеді: университет ғалымдарының ғылыми-әдістемелік кеңесшілігімен 5-11 сыныптар аралығында тереңдетіп оқыту үшін арнайы таңдау курстары ендірілді; авторлық бағдарламалар әзірленіп, университеттің бейінді кафедраларында сараптамадан өткізілуі қолға алынды; оқушылардың ғылыми жобаларына ғалымдар нысаналы түрде жетекшілік жасауда; экологиялық білім беруді дамыту мақсатында әдістемелік-көмекші құралдар әзірленуде; университет докторанттарының ғылыми зерттеулерінің тәжірибелік бөлігі осы тірек мектебінде өткізіле бастады.

Мектепте «Жасыл мектептердің экологиялық білім берудегі рөлі: тәжірибе, даму, инновация» тақырыбында республикалық форум өткізілді. Сондай-ақ, «Жасыл мектеп: экологиялық бағытталған оқытудың инновациялық шешімдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. 

Беларус елі Минск қаласындағы «Жасыл мектеп» жобасымен жүйелі айналысып, жоғары нәтижелерге жеткен 19 гимназиясымен Белорусь мемлекеттік университетімен екіжақты меморандумға қол қойылып, бірлесе жұмыс жасауға келісімге келдік.

Беларусь елінің GREEN OFFICE BSPU ресурстық орталығы мен GREEN OFFICE SCHOOLS желісі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе ұйымдастырылған халықаралық марафон ұйымдастырылып келеді.

«Гүл ек, тал ек – мектебіңді түлет»

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Бұл бағытта мектеп ұжымы бірнеше жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келеді. 

Осы бағыттағы жұмыстарымыз бүгін де жалғасын тапты. Жаратылыстану бірлестігінің апталығы барысында «Гүл ек, тал ек – мектебіңді түлет» акциясы өткізілді. Мектеп оқушылары биік болып өсіп, ауламызда ұзақ өмір сүрсін деген ниетпен ағаш отырғызды. Оқушыларға жақсы үлгі көрсету, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйрету, бастысы экологиялық білім беру үрдісі — «Жасыл мектеп» жобасының басты мақсаттарының бірі. 

Алдағы уақытта мектеп айналасын жасыл желекке бөлеп, көшеттеріміз білім ұясының ажарын аша түспек.

Қызылорда облысында тұңғыш рет «Педагогикалық бейінді сынып» жобасы жүзеге асуда

Аталмыш жобаның мақсаты – білім алушыларды педагог мамандығына тарту, қабілетін дамыту, кәсіби әдістемелік қолдау көрсету болып табылады.

Бірлескен жоба аясында білім ордасының оқушылары ҚР профессор-докторлары мен Қорқыт Ата университеті ғалымдарынан дәріс алып, гуманитарлық пәндерді терең зерттеп, әлеуметтік, педагогикалық және әлеуметтік-мәдени бағытта түрлі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, бүгінде жобаның алғашқы жұмысы басталып, мектеп-лицейде ҚР профессор-докторлары мен Қорқыт Ата университеті ғалымдарының қатысуымен Openconf өткізілді. Жиынға арнайы Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры Ирина Шеститко қатысып, бейінді сынып жобасына өз қолдауларын білдіретіндігін жеткізді.

Жалпы алғанда, «Жасыл мектеп» пилоттық жобасының облыстық тірек білім беру ұйымы – №101 мектеп-лицейі базасында ғылыми негізделіп, сараптамадан өткен жобалар облысымыздың басқа білім беру ұйымдарына таратылып отыратын болады. Облыстағы «Жасыл мектептер» желісі қалыптастырылып, жетекші ғалымдардың қатысуымен мазмұндық толықтыру бағытында нысаналы жұмыстар жүргізіледі, сол арқылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының облыс көлемінде жүзеге асуына білім беру саласының да үлесі қосылатын болады.

Бүгінгі таңда №101 мектеп- лицейі басшыдан қарапайым жұмысшыға дейін, керемет  ұстаздар мен зерделі шәкірттер, сондай-ақ тілекші ата-аналар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әркім өз міндетіне сай еңбек ету нәтижесінде жыл қорытындылары бойынша екі жыл қатарынан «Белсенді мектеп ұжымы», «Үздік идеялар жаршысы», «Үздіксіз экологиялық білім беруді дамытуда белсенді эковолонтерлік қызметі үшін» номинацияларымен марапатталып, нәтижесінде мектеп «Үздік мектеп» қатарынан табылып отыр.

 

 

Тағы да оқыңыз: