Фото: qazscience.gov.kz
Kyzylorda-news.kz. Мұрат Жұрынов басқаратын Ұлттық ғылым академиясы жабылды ма? Бұл сауалға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки Jibek Joly телеарнасының JJ Talk бағдарламасы эфирінде жауап берді.
Эфир кезінде Дархан Ахмед-Зәки Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мәртебесінің заңмен реттелетінін айтып жатқанда бағдарлама жүргізушісі спикердің сөзін бөліп, «бұған дейінгі ғылым академиясы жабылды ма?» деген сауал қойды.
«Ол жабылған жоқ. Келешекте жабылатын шығар. Ол академия — қоғамдық бірлестік. Жаңа академияның жаңа мәртебесі болады», — деп қысқа қайырды вице-министр.
Еске сала кетейік, өткен жылы қарашада Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мұрат Жұрынов басқаратын Ұлттық ғылым академиясы тарауы тиіс деген болатын.
«КСРО күйреген 90-шы жылдары мемлекеттік мәртебесі болған, академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ғылым академиясы мәртебесін жоғалта бастады. Сол кезде академияда бірнеше трансформация болды. Мәселен, өте бір қызық формат — сол кездегі Білім министрі Школьник Ғылым академиясының президенті лауазымын қоса атқарған. 2003 жылы академия мемлекеттік емес ұйым ретінде бөлініп шығып, мемлекеттік мәртебесін жоғалтты. Осы күнге дейін Мұрат Жұрынов басқарып келе жатқан академия республикалық мемлекеттік емес қоғамдық бірлестік ретінде жұмысын атқарып келеді. Оның өзінің бірнеше құзіреті болды. Мысалы, ол жыл сайын ғылым туралы есепті пысықтап, Президентке ұсынады. Бірнеше ғылыми басылым шығарып, басқарады», — деген еді ведомство басшысы.