Kyzylorda-news.kz. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен берген білімі – оқушының болашақ өмір бойы азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана сөз бар. Өмірге бағдар беру, болашаққа нық сенімді қадам жасайтын азамат тәрбиелеу – ұстаз парызы. Осындай ұлағатты ұстаздың бірі – мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндерге әріп үйреткен Жалағаш кентіндегі №31 мек¬теп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Шара Садуанова.

– Менің ойымша, кез келген адам ұстаздық ете алмайды. Себебі ұстаздық ету – күрделі өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін үлкен ізденіс пен ерен еңбек ұштасуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Себебі шәкірт өнер, білім, тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санайды. Ал біз, ұстаздар осындай үлкен жауапкершілікті сезініп, әрқашан өзіміздің біліктілігімізді арттыруға үздіксіз жұмыс жасаймыз. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімді, біліктілікті арттырамыз. Мемлекеттен де үлкен қолдау бар. Себебі қазіргі уақытта біліктілігімді арттырамын деген кез келген мұғалімге жол ашық – дейді оқытушы.

Шара Садуанованың киелі білім ордасына мұғалім болып жұмысқа орналасқанына сегіз жыл болыпты. Ұстаздық еткен жылдарында талай бүлдіршінді алғашқы әліппемен таныстырып, оқу-жазуды үйреткен. Сондай-ақ білім берумен қоса, мектептің танымдық-шығармашылық өміріне де белсене араласады. Әрине мұғалім тек білім беріп қана қоймай, оқушыға барлық қырынан үлгі болуы керек. Кейіпкеріміз бен шәкірттері республикалық, облыстық, аудандық білім-өнер додаларында жүлделі орындарды иеленіп, білім ордасының абыройын асқақтатып жүр. Атап айтсақ, ҚР Тәуелсіздігінің – 30 жылдығына байланысты өткен «Жұлдызай» байқауынан «Сурет» номинациясы бойынша 1 орын, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында өткен спартакиадада жүлделі орын, «Зерде» конкурсының «Биология» секциясы бойынша 2 орын және ғылыми-олимпиадалық жарыстарда жүлделі орындар, сондай-ақ аудан әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 
Біз де білім ордасына сапар барысында осындай жан-жақты, білімді, білікті, өнерлі ұстаздардың жұмысымен танысып, болашақ аудан оқушыларының бәсекеге қабілетті боларына сеніммен қарадық.

– Қазіргі таңда мақсатым анық. Жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, шәкірттерге сапалы білім беру. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады. Шәкірт тәрбиелеген ұстаз атына кір келтірмеу – деп түйді сөзін Шара Махамбетжанқызы.

Тағы да оқыңыз: