*Kyzylorda-news.kz. «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында бүгін зияткерлік мектеп оқушыларының ғылыми жобалар байқауы басталды. 400-ден астам оқушылардың басын қосқан желілік додаға сыр бойылық өрендер 22 зерттеу жұмысын ұсынды.*

Экспедицияның алғашқы күнінде он оқушы жұмыстарын қорғады. Мәселен, 11-сынып оқушысы Даяна Хегай ауылшаруашылық саласына қажетті суды, тыңайтқыштарды, тұқымдарды шашатын көпфунционалды ұшу аппаратының прототипін жасап көрсетті. Жас өнертапқыш бұл қондырғы өсімдіктер ауруын және өрттердің алдын-алуда диханшыларға үлкен көмекші бола алатынын айтады.

12-сынып оқушысы Баянсұлу Төлебай медицина қызметкерлеріне көмекші робот құрастырды. Бұл автоматтандырылған машина науқастарды тіркеу, денсаулығында ахауы бар азаматтарды тасымалдау қызметін атқара алады. Дарынды жас алдағы уақытта жобасын дамытып, роботтың қызметін арттыруды көздейді.
Сондай-ақ қызылордалық зияткерлер бүгін ортағасырлық Жанкент қаласындағы тың зерттеулерімен, Аралды қайта қалпына келтіру, еліміздің экономикасын әртараптандыру және Қызылорда өңірінің экологиялық мәселелерін шешу бағытында идеяларымен бөлісті.

Жұмыстарды қорғау қыркүйек айының 30-на дейін жалғасады. Алдағы күндері қатысушылар «Ұлы дала өркениеті», «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Инновациялық даму», «Жасыл планета», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Біздің күшіміз – бірлікте», «Селт етер, ерен ой» бағыттары бойынша өнертабыстарын таныстырады. Сонымен қатар «Туған жер – тұғырым» тақырыбында ЭССЕ жазып, өз өлкесі жайлы құнды деректермен бөлісетін болады.

Тағы да оқыңыз: