Kyzylorda-news.kz. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, бүкіл әлем жұртшылығы білім мен ғылымға бет бұрған заманда бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, білімімен мыңды орайтын жастарды қалыптастыру мемлекет болашағы үшін аса маңызды. Кез келген елдің экономикасы әр салаға жетекші бола алатын білікті мамандардың жетерлік болуымен дамиды. Ал білім шыңына шыға алған мемлекет қана әлемдік деңгейде еркін самғап, өз бағытын дұрыс таңдай алады. Сондықтан елдің келешек тұтқасын ұстар ұрпақтың білімді де білікті болуы ең алдымен ұстазға байланысты. 

Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылындағы №118 орта мектептің мұғалімдері бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болмасын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. 

1981 жылы пайданалуға берілген 624 орындық білім ошағы өткен жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Типтік жобадағы мектеп ғимараты қазір заманауи жабдықтармен жабдықталып, талапқа сай білім беруде. 

«Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Әрине, оңай жұмыс емес. Дегенмен, қанша жылдан бері көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, өміріне жететін рухани азық пен тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқтандыру ұстаздардың еңбегінің ақталғаны деп білемін. Мектеп мұғалімдері өз іс-тәжірибелерінде күн сайын білім берудегі жаңаша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасауды басты орынға қойып келеді. Сондықтан болар, шүкір, жыл сайынғы нәтижеміз жаман емес. Негізі бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру», – деген мектеп директоры Бүркітбай Доспанов компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу әркімнің алға басуына жол ашатын заманауи талаптар екенін айтады. 

Аталған мектепте қазір 250 оқушы білім алуда. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпты бітірушілердің саны 11 болса, ұлттық бірыңғай тестілеуге 10 түлек қатысып, орташа балл 89,5 пайызды құраған екен. Мемлекеттік грант иегерлерінің саны 7, облыс әкімінің грант иегері 1, ақылы оқу орнына түсушілер саны 3. Ал «Алтын белгіге ие болған» Гүлнафиз Әзілханқызы ұлттық сынамада 125 балл жинап, мектеп мақтанышына айналған. 9 сыныпты бітірушілер саны 20 болса, оның 8-і арнаулы орта оқу орындарына түсіп, қалған 12 оқушы 10 сыныпты жалғастыруда. 9 сыныпты бітірушілердің 2-еуі негізгі орта білімін «Үздік аттестатпен» аяқтаған. 

Былтырғы жылдың ең басты жетістіктерін республикалық білім сайыстарында сынға түскен Гүлім Алматқызы, Мұхамедали Атымтаев, Нұрдидар Жасұланұлы иемденген. Бұдан бөлек Таң ауылдық №118 орта мектепте аяулы ұстаздарының еселі еңбегін нәтижесіз қалдырмай, мектептің абыройын асқақтатып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген оқушылар жетерлік. Биылғы оқу жылының өзінде Толғанай Әуезхан, Ұлмекен Сахи сынды білімді жастар түрлі байқауларда жеңімпаз атанып үлгерген. 

Осындай білім бәйгесінде талайды артқа тастап кіл мықтының ішінен дараланып, жемісті, жеңісті сәттерді қанжығасына байлап жүрген жүйріктерді баптап, білім нәрімен сусындатып, күш-жігерін білім жолында сарп етіп келе жатқан ұстаздардың да еңбегі қашанда құрметке лайықты екені даусыз. Еселі еңбегі еленген педагогтардың қатарында «Үздік тәлімгер – 2022» атанған мектеп тәлімгері З.Жәнібекова,  «Үздік сынып жетекші  – 2022» номинациясына ие болған бастауыш сынып мұғалімі Б.Тажмакова, «Үздік қоғамдық – гуманитарлық пәндер бірлестік жетекшісі – 2022» ағылшын тілінің мұғалімі Ж.Нағашыбек, «Үздік бейіндік оқыту жөніндегі орынбасар – 2022» Ж.Есжанов бастаған бірқатар білікті маман иелері бар. 

Жалпы ауданға қарасты қай білім ошағын алып қарасақ та, нәтижелері көңіл көншітерліктей. Жыл сайын ұлттық тестілеуден де аудан абыройы төмендеген емес. Білімді жастарды қалыптастыруда күш салып жүрген білікті мамандардың да жұмысында жүйе бар. 
 

21.jpeg

20.jpeg

Тағы да оқыңыз: