Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласындағы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Рухани құндылық» шығармашылық орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймурзаева қатысып, лентасын қиды.

Ұлттық тұрғыда халқымыздың әдет – ғұрпын сақтайтын, салт – дәстүрін қадірлейтін, ұлтжанды, отансүйгіштік білім алушыларды шығармашылықа баулитын орталықта «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар және театр» жобасы, «Ұшқыр ой алаңы» дебат қозғалысы, «Қош келдіңіздер» кіші медиа студиясы жұмыс жасайтын болады.

Шара барысында «Құндылық. Инновация. Білім» тақырыбында облыстық іс-тәжірибе алаңы өткізілді. Іс-тәжірибе алаңында мектеп жылыжайындағы «Green land» ғылыми-эксперименттік алаңының ашылуы өткізіліп, «Gmart garden» жылыжайды автоматтандыру тәжірибелік-эксперимент жобасы көрсетілді. Сонымен қатар, ізденіс және зерттеу ғылыми шығармашылық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, информатика пәнінен олимпиадалық есептерді С/С++ бағдарламалау тілінде шешу тақырыбында жұмыстар көрсетілді.

Жиында Ақзира Бақтыбайқызы іс-тәжірибе алаңында көрсеткен олимпиадалық есептерді бағдарламалауды барлық білім беру ұйымдарына магнитті түрде тарату қажеттігін атап өтті.

Іс-тәжірибе алаңының соңында оқушы үні жобасы аясында оқушылар «Армандар орындалады» тақырыбымен тілек-армандарымен бөлісті. Сонымен қоса, балалар және театр мектебі аясында сахналық қойылым көрсетіліп, «Қош келдің!» медиа жобасы негізінде кері байланыс жүргізілді.

Тағы да оқыңыз: