Қызылордалық зияткер – әлемнің үздік геологы атағына үміткер – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордалық зияткер – әлемнің үздік геологы атағына үміткер

31.01.2020, 15:40

537 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Алтынбасов жазғы демалыста Ресей Федерациясының Тюмень қаласында өтетін «IESO 2020» халықаралық олимпиадасында ел намысын қорғайтын болады.

Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған  республикалық іріктеу кезеңінде Әлішер Алтынбасов ең жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың І орын иегері атанды.

Еліміздің астанасында өткен білім сайысында қызылордалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жүлделі орындарды иеленді. Әлішермен бірге Гүлдана Сабитова мен  Нұрдаулет Қонысбаев  жер туралы ғылым бойынша үздік деп танылып, ІІ және ІІІ орынмен марапатталды.

«Мен бұл олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. Барлық тапсырмалар ағылшын тілінде болды. Олимпиадада біз жер қыртысы мен құрылымын зерттейтін Назарбаев Университетінің профессорымен кездесуге мүмкіндік алдық. Ол бізге геолог мамандығының ерекшеліктері туралы айтып, кәсіби бағдар берді. Болашақта мен өмірімді геологиямен байланыстырғым келеді», – деді олимпиада жеңімпазы Әлішер Алтынбасов.

Байқауға елімізден барлығы 100-ге жуық мектеп оқушы қатысты. Оқушылар геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндерінен күрделі тапсырмалар орындап, білімдерін шыңдады. Білім бәйгесінде оза шауып келген дарындылардан Қазақстан құрамасы жасақталып, олар алдағы уақытта халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болады.

IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап Корея, Италия, Испания, Бразилия, Жапония және Франция сияқты елдерінде өткізілген білім сайысы биыл Ресейдің Тюмень қаласында әлемдегі ең үздік жас геологты анықтайтын болады.

0

Пікір қалдыру