Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрдәулет Таңатов «Халықаралық гроссмейстер Дәрмен Садвакасов кубогы» атты республикалық шахмат турнирінде жүлделі екінші орынға ие болды.

Нұрдәулетпен бірге онлайн-турнирге 900-ге жуық мықты қазақстандық шахматшылар қатысты. Қатысушылар 10, 14 және 18 жас ерекшеліктері бойынша өзара сайысты. Қызылордалық зияткер орта санатта бірқатар мықты қарсыластарды жеңіп, тек бір қатысушыға есе жіберіп, ойын кестесінде екінші орынға шықты.

“Шахмат ойлау дағдысын арттырып, есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытады. Бұл спорттағы кумирім – норвегиялық шахматшы, әлем чемпионы Магнус Карлсен. Оның ойын техникасы мен стилі қызықтырады. Шахматтың барлық түрлеріндегі қол жеткізген жетістіктері оны әмбебап ойыншы екенін байқатады. Әсіресе қарсыластың психологиясын өткір сезе білу қабілеті ұнайды”, – дейді Нұрдәулет.

Жас спортшыны шахмат тақтасымен 6 жасында үйдегі үлкендер таныстырған екен. Отбасылық ойындар Нұрдәулеттің шахматқа деген қызығушылығын артырып, кәсіби деңгейде үйренуге септігін тигізді. Бүгінде Нұрдәулеттің қоржыны облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі көптеген медальдарға толы.

«Менің шахматтық мансабымдағы ең үлкен жетістігім – Astana Open 2019 халықаралық шахмат фестиваліндегі қола медалім. Бұл жарыста Швейция, Бельгия, Беларусь, Моңғолия және басқа да елдердің 628 спортшымен ой жарыстыру мүмкіндігі бұйырды. Әрбір жарыс – мен үшін өзімнің қабілеттерімді ашатын, жаңа білім мен тәжірибе жинақтайтын сабақ», – деп бөлісті естеліктерімен Нұрдәулет.

Тағы да оқыңыз: