Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қаламқас Айдарбекова Американың екі бірдей жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алды.

АҚШ академиялық рейтинг жүйесінде алдыңғы топтардан көрінетін танымал Дрексель университеті қызылордалық бітіруші түлекке бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға 100% тегін грант бөлсе, Нью-Йорктегі көпсалалы зерттеу университеті (NYU) Қаламқасқа оқу ақысына 50% жеңілдік жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

«Мамандық таңдауда оның тілдермен байланысты, әрі динамикалық болу керектігін басты назарға алдым. Бүгінде туризм үздіксіз жаңашылдықтарды қажет ететін қызықты салалардың бірі. Бұл бағыттағы қызмет маған үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін», – дейді Қаламқас Айдарбекова.

Ағылшын тілін жетік меңгерген білімпаз  ару Америка мен Түркияның тағы бірнеше жоғары оқу орындарына құжат тапсырып, бүгінде шешімдерін күтуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта еліміздегі Назарбаев Университетінің де сынақтарына қатысуды жоспарлайды. Бұл жетекші білім ордасында Қаламқас лингвистика немесе халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуын жалғастырғысы келеді.

Тағы да оқыңыз: