Kyzylorda-news.kz. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен үздік ғылыми жобалардың өңірлік кезеңі өтті.

Конкурстың басты мақсаты өзгермелі әлем жағдайында Қазақстанның этносаясатын жетілдіру бойынша жаңа идеяларды іздеу, ғылыми қоғамдастықты Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін ілгерілетуге ықпал ететін зерттеу жұмыстарына тарту болып табылады.

Конкурсқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, т.ғ.к., қазылар алқасының төрағасы Айтжан Оразбаков және аталған кафедраның профессоры, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшесі, т.ғ.д. Тастанбек Сәтбай, сондай-ақ кафедраның аға оқытушысы, философия докторы Даулет Омаров қазылық етіп, үміткерлердің жұмыстарына бағасын берді.

Нәтижесінде байқау жеңімаздары анықталып, оларға қаржылай сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарды облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастеков марапаттап, белсенділік танытқан қатысушыларға алғысын білдірді.

«Ең үздік» жоба ретінде М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша оқытушысы Айнұр Маханбетәбдиеваның жұмысы танылды. Ол «Ұлт мәдениетін құрметтеу – достық пен бірліктің нышаны» тақырыбын қозғады. Сондай-ақ, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Ақбота Кеңесбектің «Елбасы – жаһандық тұрақтылық пен татулық дәнекері» тақырыбындағы жұмысы «Үздік» жоба деп белгіленді.

«Ізденімпаз жас ғалым» номинациясы бойынша М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша оқытушысы Қаламқас Болатбек марапатталса, жобада бақ сынаған өзге 5 қатысушыға алғыс хат табысталды.

«Ең үздік» және «Үздік» деп танылған екі жоба республикалық кезеңге жолданды.

Тағы да оқыңыз: