Қызылорда: Назарбаев зияткерлік мектебінде 109 түлекке соңғы қоңырау соғылды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда: Назарбаев зияткерлік мектебінде 109 түлекке соңғы қоңырау соғылды

25.05.2022, 15:21

368 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылордадағы NIS-те 109 түлек үшін қоңырау соңғы рет соғылды.

Оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шара биыл дәстүрлі форматта өтті. Мерекелік жиынға барлық сыныптар, ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Шараның басты кейіпкерлерін мектеп қауымдастығы жұлдызды шеруде қарсы алып, әрқайсысының жетістіктерін еске түсірді. Мектеп директоры Бахыт Жұматай түлектерді алғашқы болып құттықтап, сәт сапар тіледі.

«Заманауи мектеп ғимараты, халықаралық стандартқа сай оқу бағдарламасы, мықты ұстаздар қауымы, ерекше бағалау жүйесі, әртүрлі элективті курстар мен әлеуметтік жобалар түлектеріміздің жоғары мәденитетті, терең академиялық білімі бар, түрлі дағдыларды игерген, мықты университеттерге түсе алатын, саналы ұрпақ тәрбиелеуге негіз болатыны сөзсіз. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, алдағы уақытта Жаңа Қазақстан құруға өз септігін тигізетін тұлға болатындарыңызға сенімдіміз. Үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын!
Концерттік бағдарлама естеліктерге толы болды. Халықаралық байқаудың жеңімпаздары «Самға» би тобы қазақи нақыштағы музыкалық қойылым ұсынса, аспаптар ансамблі танымал күйлермен келушілердің көңіліне қуаныш ұялатты», – деді Бахыт Жұматай.

Мектептің мақтанышы – түлектер. Ашылғалы бері Сыр өңіріндегі NIS-тен 736 оқушы түлеп ұшты. Олардың 139-ы Назарбаев Университетіне, 48-і АҚШ, Германии, Италии, Онтүстік Корея, Чехия, Қытай, Гонконг, Венгрии, Түркия и Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарына қабылданды. Қалған түлектер еліміздің беделді университеттерінде білімдерін жалғастыруда.

Жангерей Зинелов үшін мектепте өткізген әрбір минут тарихи сәт болып қалмақ. Бүгінде оның өмірде жеткен жетістігі үшін ең алдымен ұстаздарына және қолдау көрсеткен сыныптастарына алғысы шексіз.

«Менің бүгінгі басты жетістігім – ол жылдар бойы жинаған білімнің арқасында әлемдегі озық 4 университетке шақырту алдым. Алдағы уақытта солардың бірінде білімімді жалғастырып, ғылымдағы IT-саласының маманы болуға жұмыс жасайтын боламын», – деді Жангерей Зинелов.

Балаларымен бірге бүгін ата-аналар да қобалжу мен қуаныш сезімдеріне бөленді. Алмагүл Әбілхаированың үш бірдей баласы NIS-те оқиды. Оның үлкені бүгін өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басты.

«Білім мен ізгіліктің, тәлім мен тәрбиенің, руханият пен парасаттың ордасы болған NIS-те балаларымыздың өткізген әрбір сәтіне қуә болдық. Мұғалімдерге үлгі-өнегелері, үш тілді жетік меңгертіп, зияткерлерді дайындауға жұмсаған қажырлы еңбектері үшін алғысымызды айтамыз. Түлектеріміз беделді оқу орындарына түсіп, қалаған мамандық иесі болуларына тілектеспіз. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азамат болады деп сенеміз», – деді Алмагүл Әбілхаирова.

Дәстүр бойынша соңғы қоңырау соғылып, түлектер өз ізбасарларына білім кілтін табыстады. Шара соңында бүгінгі күннің басты кейіпкерлері бітіру кешінің символы – мектеп вальсін билеп, бір-біріне деген қимастық сезімдерін жеткізді.