Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында ұйымдастыруымен үш оқу ғимаратында “Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” “Smart reading” шарасы өтті.

Шараның мақсаты пайдаланушыларға дүние жүзіндегі таңдаулы озық үлгілердің негізінде білім алып, ғылымды жетілдіруге мүмкіндік беретін оқулықтарды насихаттау.

ҚР «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен қазақ тіліне аударылған оқулықтар философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, ориентализм және семиосфера сынды бағыттарды қамтиды.

Осы оқу жылының басында кітапхана қорына «100 жаңа оқулық» жобасы кітаптарының 31 атауы қосылып, қазіргі уақытта барлығы 49 туынды бірнеше мыңдаған данамен оқырмандар қажетіне пайдаланылуда. Университеттің оқытушы-профессорлары А.Абасилов, Ә.Тәжекеев, Е.Әбенов, Г.Оралова, А.Оразова, А.Әбдразакова, Д.Омаров, М.Өмірзақова, Э.Тойлыбекова, Л.Қаржаубаева, К.Өтегенова, А.Шілманова, Ж. Смагулова, А.Жанбатыр, М.Мақсат, Ж.Асанова, Г.Досполова, Ә.Шерниязова, П.Нағашыбаева өздерінің ғылыми зерттеу салаларының бағыттарына сәйкес оқулықтарға шолу жасап, өз пікірлерін білдірді.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – үлкен мақсатқа жол салған тың соқпақ, тарихи жаңалық. Оқулықтар сапалы білімнің қолжетімділігі, білім алушы жастардың жаһандық ғылымның жетістіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болуына, ғылыми ой-таным аясының кеңеюіне, жастардың заманауи білімнің толқынына ілесуіне жол ашып, білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар толқынын қалыптастырудағы маңызды факторға айналатынына сенімділіктерін білдірді. Оқулықтардың тиімділігі – студенттерге кез келген ғылым мәселелері жөнінде жүйелі білім алуға, оқытушылар мен студенттерге маңызды зерттеулерден хабардар болуға көмектеседі. Кітаптар тілі қарапайым, әрі қызықты, оқуға жеңіл. Тарихи жаңалыққа айналған 100 жаңа оқулықтың болашақ жастарымызды тәрбиелеуде пайдасы зор. Кез келген оқырман кітапханаға келіп, өзін қызықтырған оқулықтарды алуына және Қазақстанның ашық университеті openu.kz сайтынан «Ұлттық аударма бюросында» шыққан барлық кітаптың электронды нұсқасын ашып оқуларына болады.

Тағы да оқыңыз: