Kyzylorda-news.kz.  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессор «Ермахан Нұрахметов атындағы дәрісхана» ашылды. Салтанатты шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Профессор, филология ғылымдарының докторы Ермахан Нұрахметовтың өнегелі өмірі мен шығармашылығын, ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында ашылған дәрісхананың лентасын Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова мен техника ғылымдарының докторы, профессор, университет ардагері Серікбай Қошқаров қиды.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар мен профессор Ермахан Нұрахметовтың туыстары қатысты.

«Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби маман даярлауда білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдар есімін ұлықтау дәстүрге айналған. Дәрісхананың заманауи үлгіде ашылуына қаржылай демеушілік жасап, білім алушыларға осындай мүмкіндік жасаған профессордың ұлы Саят Ермаханұлы екенін де айта кетуіміз керек. Бұл дәрісхана алдағы уақытта университет білім алушыларының сапалы білім алуына қызмет атқаратын болады. Осы ретте оқу орнының стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін Саят Ермаханұлына «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» табысталады»,-деді университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Б.Кәрімова.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Ермахан Нұрахметов 1968-2010 жылдар аралығында Қызылорда педагогикалық институты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті роман-герман тілдері кафедрасында оқытушы, доцент, профессор болып ұстаздық етті. Көп жылдар бойы университетте кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметтерін атқарды.

Өзінің тұтас ғұмырын тіл ғылымына, шәкірт даярлауға арнаған профессор Ермахан Нұрахметұлы 70-тен астам оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектердің авторы. Сонымен қатар, профессор тіл білімі роман тілдері саласы бойынша қорғаған Қазақстан Республикасындағы тұңғыш ғылым докторы. Оның «Супрасегменттік фоностилистика» атты монографиясы мен француз тілі бойынша оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. Ғылыми-педагогикалық жетістіктері үшін бірнеше рет мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Бүгін пайдалануға берілген дәрісханада coworking centre, кітап сөресі, лекция кабинеті, ғалымның ғылыми еңбектері қойылған мұражай бар.

Тағы да оқыңыз: