Kyzylorda-news.kz. Қазалы қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Болашаққа барар жол» жобасы аясында «Бәріміз бірге оқимыз» атты отбасылық кітап оқу күні өткізілді.
Мақсаты – отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту, кітапқа, сөзге ұқыпты қарау, бірлескен шығармашылық арқылы отбасын нығайту, кітап арқылы жасөспірімдерді адалдыққа, әдептілікке, бауырмалдылыққа, достыққа берік, бір сөзді болуға, үлкенге құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Шара барысында балалар жазушысы Әлібек Файзуллаұлының жасөспірімдерге арналған «Өтірік айтпайтын күн» кітабынан «Өтірік айтпайтын күн» және «Көлеңке дос» әңгімесін кітапхананың тұрақты отбасылық оқырмандары Қанибаевтар отбасы, Рахмановтар отбасы және Орынбасаровтар отбасы болып талқылады. Кітапханашы Қазына Садирова шараны жүргізіп, жоба мақсатын түсіндіріп, оқырмандарға сұрақтар қою арқылы, шығарманың мазмұнын ашты. Ата-ана және олардың балаларының қолында жақсы кітап бар болса – ол үйде оқырмандық тұрақтылық қалыптасып, рухани бірлік болатынына кәміл сенуге болады. Кітапхананың басты және маңызды рөлі – оқырмандарды кітапқа жақындату.
Шарадан соң жас оқырмандар Нұрдәулет Қанибай «Елім менің» әнін орындаса, Жанерке Орынбасар Абайдың өлеңін оқып, Балаби Теңелұлы А.Түменбайдың «Бүгін менің апамның туған күні» өлеңдерін оқып, өз өнерлерін көрсетті.
