Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен Қызылорда қаласындағы Серәлі Лапин атындағы №261 білім ордасында республкалық «Мектеп және театр» жобасы аясында «Тақиялы періште» киносының қойылымы болып өтті. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға Қызылорда облыстық білім басқармасының мамандары, мектептердің педагог ұйымдастырушылары мен оқушылар қатысты.
Республика күніне арналған қойылымға 6-9 сынып оқушылары белсенді қатысып, қазақ киносының алтын қорына енген «Тақиялы періште» көрсетілімін жоғары деңгейде сомдап шықты.
Білім ошағының директоры Қарлығаш Абдрахманова мектеп театры жобасы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауда айрықша маңызға ие екендігін атап өтті.
«Оқушылар театры жобасы басталғанда «не болар екен, қалай болар екен?» деп алаңдағанымыз рас. Бірақ ұжым мен оқушылар бір мақсатқа жұмыс жасаса қай істі де еңсеріп кетеді екен ғой. Әзірге ешкімнің бетін қақпадық. Сынамадық. Таңдауларына да араласпадық. Біресе драма, біресе комедия… әртүрлі тақырыпты сомдап жүр. Біраз електен өткізіп, тәжірибе жинақтаудамыз. Ал, енді бүгін «Тақиялы періште» киносының қойылымын тамашаладық. Балалар өзі қалаған. Комедиялы сюжетіне қызыққан шығар. Баласына қалыңдық іздеген Тана апа естеріңізде шығар, иә? Рөлін ойнайтын оқушым дайындықта төселіп алыпты, бар даусымен күлгенде аты аңызға айналған Әмина Өмірзақова апамыз кіріп келгендей күй кештік. Оқушыларымыз театрда ойнаудың қызығына түсіпті», - дейді мектеп директоры.
Айта кету қажет, өткен жылы бастау алған жоба аясында аталған мектепте бүгінге дейін 5 қойылым ұйымдастырылған.
«Лапин шоу» мектеп театры Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа қойылымдар мен ертеңгіліктер көрсетуді жоспарлауда.
